Денсаулық сақтау

Медбике мерейі

Медбике мерейі


Алыс түкпірдегі Мақаншының «Қайыңды» деп аталатын елді мекенінде дүниеге келіп, осындағы онжылдықты тәмамдаған Төлеуғайша Жүнісбаеваның бала жастан арманы дәрігер болу еді. Осынау ақ желеңді абзал жандардың өмірі мен қызметі қатты қызықтыратын жас қызды. Сол арман, сол мақсат мектеп партасынан түлеп ұшқан Төлеуғайшаны Семейдегі медициналық училищеге алып келді.

Рас, алдымен екі жыл фермада сауыншы болып еңбек еткен ол өмірдің қиыншылығын да көрді деуге болады. Мектеп қабырғасында жүргенде де сабақты жаман оқымаған жас қыз тиісті емтихандардан сүрінбей өтіп, бірден-ақ медбикелік оқуға түсті.

-Адам баласы қызық жаратылыс қой,- дейді ол,- бастабында осы оқуға түсіп кетсем ғой деп жүрген арманым жүзеге асқаннан кейін енді жоғары дәрігерлік оқуға тапсыруға деген құлшыныс арта бастады. Бірақ «жеті өлшеп бір кесу» керек тәрбиесімен өскен біздер үшін училищені тастап, басқа оқу орнына ауысу мүмкін емес. Оның үстіне мектептен кейін екі жыл сауыншылық, екі жыл медучилище…. Енді жоғары оқуға түсіп, оны алты -жеті жыл оқығанда жасы да бірталайға келіп қалатынын ойлаған жас қыз оқуын ары қарай жалғастырмауға бекінді.

Осылайша, аталмыш оқу орнына 1982 жылы түсіп, 1984 жылы аяқтап шықты. Сол жылы Төлеуғайша Наукебайқызы Мақаншы аудандық ауруханасының реанимация бөліміне медбике болып қызметке орналасты. Жас қыздың тынымсыз еткен еңбегі мен адал қызметі еленіп, бірер жылдан соң аға мейірбике дәрежесіне көтерілді. Кейін аурухананың терапия бөліміне ауыстырылды. Қай жерде де өзіне тапсырылған жұмысты дер кезінде, тиянақты атқаратын Төлеуғайша ұжымның құрметіне бөлене білді. Көптеген Алғыс хаттар мен марапаттардың, «Стационарлық бөлімнің үздік медбикесі» атағының, «Мейірім» төсбелгісінің иегері Төлеуғайша Жүнісбаева бүгінде екі қыз, бір ұлдың анасы. Сүйіп қосылған жары Бейсен Байбазарұлы өзінің жекеменшік «Газелімен» елге қызмет етіп келеді.

-Өмірдің даңғыл жолын нұсқайтын ең алдымен ата-анаң мен ұстаздарың ғой,- дейді ол,- осы Мақаншы ауылдық ауруханасында өзіме ұстаз болып келе жатқан білікті терапевт Сайрамгүл Закирова апайды айтқым келеді. Өзінің өмірлік тәжірибесімен ол кісі маған көп нәрсе үйретті. Әлі күнге дейін Сайрамгүл Тұрсынханқызымен ақылдасып отырамын. Өйткені, ол кісіден үйренерім көп. Оны айтасыз, мектеп қабырғасында білім берген Қаныша Құнанбаева, Гүлбаран Сейітханова, Серік Жирентаева апайларымның да берген тәлімді тәрбиесі мен үшін өміріме үлкен азық болды деуге болады.

Міне, қарапайым ғана медбике Төлеуғайша Жүнісбаева осылайша жерлестерінің құрметіне бөленіп келе жатқан жан.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button