Ауыл шаруашылығы

Мал азығы жеткілікті

Азамат Темірбеков

 Самарлық шаруалар биыл төрт түліктің қыстық жемшөбін жеткілікті көлемде дайындап алды.

Аудан әкімінің орынбасары Рахат Әбуғалидің хабарлауынша, өткен жаздағы шөп шабу науқанын ұтымды ұйымдастырған самарлықтар 90 мың тоннадан артық жемшөп, пішендеме және сабан дайындап, сүрлем жапқан.

– Қазіргі уақытта аудан бойынша ірі қараның саны 18 792 бас, қой мен ешкі 26 863 бас болса, Қамбар ата түлігі 12 361 басқа жеткізілді, – дейді Рахат Әбуғали. – Бүгінде  Самар ауданында  мал азығының тапшылығы жоқ. Қардың қалың түсуіне байланысты  қыстауларға жемшөп жеткізу қиын болмауы үшін  жолдардың барлығы қардан уақтылы тазаланып отырады.

Аудан аумағында биыл қар қабаты шектен тыс қалың түскен ауылдық округтер жоқ. Орталықтан шалғай орналасқан ауыл-аймақтардағы шаруашылықтар мен жеке аулалардың жай-күйі аудан басшылығының назарына алынып, ауылдық округтер әкімдерімен, тұрғындармен тұрақты  кездесулер өткізіліп тұрады.

– «Самар-вет» коммуналдық ветеринарлық мекемесінің ақпаратына сәйкес, аудан бойынша эпизоотиялық жағдай қалыпты. Аталмыш кәсіпорынның мамандары төрт түлікке әр маусым сайын тиісті екпелерді салады. Бұл жұмыстардың барлығы ветеринарлық инспекция тарапынан қатаң бақылауда. Сондай-ақ аудан аумағында мал ауруларының алдын алу үшін салынатын екпе препараттары да жеткілікті, – деп қосты аудан әкімінің орынбасары.

Осы айдарда

Back to top button