Қоғам

Мал ауруы неге дендеп барады?

Мал ауруы неге дендеп барады?


Тарбағатай малды аудан болғандықтан, соңғы бес жылда ет бағытына ерекше назар аударылып, республика бойынша мал басын түрлендіруден бірінші орында, мал басы санынан облыста алдыңғы қатарда келеміз. Осындай көрсеткішіміз бола тұра, әттеген-айымызда бар екен.

Ауданда соңғы екі жылда мал ауруы дендеп бара жатқан көрінеді. Бұл туралы аудандық маслихаттың кезекті сессиясында жергілікті депутаттар біраз мәселенің басын ашып, аудандағы азық-түлік қауіпсіздігі мен мал ауруының алдын алатын бірден-бір мекеме – аудандық ветеринария бөлімінің тоғыз айлық қорытындысы тыңдалды.

Аудандағы ветеринария бөлімінің басшысы С.Қонысбаевтың айтуынша, бөлімнің материалдық базасы жаман емес екен. Барлық 17 ауылдық округтерде ветеринарлық пункттер жұмыс істейді, мамандардың барлығының жеңіл көліктері бар, қарауында білікті мамандары жеткілікті. Бұл салада 219 маман жұмыс істейді. Алайда, іс неге мандымайды. Соңғы үш жылда ауданда бруцеллез ауруының ошағы тіптен жиілеп кеткен, соның салдарынан өткен жылы 38 адам, ал биыл 14 адам бруцеллезді малдан жұқтырған. Әсіресе, бруцеллездің ошағы Көкжыра, Екпін, Құмкөл, Ойшілік, Ақжар, Ақсуат ауылдық округтерінде тіркелген. Аудан әкімінің арнайы қаулысымен карантин қойылған аталған ауылдардағы ауру ошақтары болған қора-жайлар мен қыстақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, ауруға шалдыққан малдар дер кезінде сойылған және аурудың алдын алу шаралары жүргізілген. Осы жылдың басынан бері ғана 253 қыстақ, 32 шаруа қожалықтарының малдарына алдын ала вакцинациялау жұмыстары жүргізілген, бірақ нәтиже шамалы болып тұр. Ветеринария мамандарының айтуына қарағанда, бұған бірнеше факторлар қолбайлау көрінеді. Мәселен, өткен жылдан бері біздің өңірге испан елінен жұқпалы ауруға қарсы 241 мың теңгенің вакцинациясы келген, бірақ ол жарытып жүргізілмей отыр. Айталық Ақжар өңіріндегі 5000 бас малды егу қажет болса, соның 200-і ғана вакцинация алған. Алдын ала аудан бойынша егілуге тиісті 9000 малдың 1500-і ғана вакцинация алған, бұл 30 пайызды ғана құрайды.

Аудандағы 300 елді мекенде 17 мал қорымы бар, бұл аздық ететін көрінеді, тағы бірнеше мал қорымын салу қажет, ауруды тарататын бір себеп осы дейді мамандар. Тағы бір себебі – мал сою алаңдарының санитарлық талапқа сай болмауы. Ауылдарда мал жайылымына кезек шығарылмайды, соның салдарынан ауру мал дер кезінде анықталмайды, бұған ауыл әкімдері ықпал етпейді дегенді айтады. Сондай-ақ, барлық ауылдарда дәрі-дәрмек сақтайтын арнайы қойма жоқ. Тағы бір желеу ауылдарда интернет жүйесінің нашарлығынан аурудың ошақтары толықтай орталықтандырылмаған. Алыс ауылдың ветеринар мамандары орталықтан дәрі тасып, орталыққа мәлімет беру үшін интернет іздеп Ақсуатқа сабылады. Депутаттар бұл істі ауыл әкімдерімен бірлесе шешпесе болмайтынын айтып, аталған мекемеде ақылы қызметтің мүлде жоқ екенін тілге тиек етті. Мәселен, ауданда 350 шаруа қожалығы бар, неге оларға ақылы қызмет түрін ұсынбасқа? Бұл да мәселені шешудің төте жолы болса керек.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button