«Дидардың» қонағы

Ұлықпан СЫДЫҚОВ: – Қайда барсам да алдымнан өзім сөзін жазған «Той жыры» шығады

Үржарлық жерлесіміз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті ректорының кеңесшісі Ұлықпан Сыдықовпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Ұлықпан СЫДЫҚОВ: – Қайда барсам да алдымнан өзім сөзін жазған «Той жыры» шығады

Атымды Ұлықпан деп Сыдық атам қойыпты


– Ұлықпан аға, сізді дарабоз батыр Қабанбай бабамыздың тікелей ұрпағы деп естиміз. Сол рас па?

– Рас. Қабанбай батырдың тікелей сегізінші ұрпағымыз. Менің атам Сыдық соңында қалар ұл баланың жоқтығынан төрт рет үйленуге мәжбүр болыпты. Тек өзінен 42 жас кіші Жамал есімді төртінші әйелі менің әкем Есілханды дүниеге әкеліпті. Әке-шешеміздің Үмітхан, Қайниза деген қыздарынан соң шекесі торсықтай ұл бала жарық дүние есігін ашыпты. Оған азан шақырылып, Хасен деген есім берілген көрінеді. Сонда нағашылары: «Япыр-ай, тым ауыр ат қойылған екен» дегенде, Сыдық атам: «Көтере алмаса қайтемін, ауыр болса, өліп-ақ қалсын» дейді.

Сол сөз жаратушының құлағына жетті ме, кім білсін, бір аптадан соң нәресте шетінеп кетіпті. Қапелімде ауыр сөз айтқанына өкініп жүрген Сыдық атам бір түс көреді. Өзі соны іштей жорып, ырымдап ұстаға барып, өткір балта соқтырып алады. Сөйтіп жүргенде менің анамның айы-күні жетіп босанатын уағы да таяйды. Киіз үй сыртынан шарананың шарылдаған үнін ести салып, атам Сыдық келіні босанып жатқан үйге кіріп барып, босандырып жатқан әйелдің 18 жастағы ұлына балтаны ұстатып кіндігін кескізеді де, өзі көйлегіне орап бауырына басады. Міне, мен жарық дүниеге осылай келіппін. Атымды да Сыдық атам қойыпты.

Өз әкем Есілхан ес біліп, етек жапқаннан соң-ақ ауыр жұмысқа жегіледі. Шаруашылықтың малын да бағады, кейінгі жиырма жылын ұсталық кәсіпке арнайды. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген, көзкөргендердің айтуы бойынша, өте еңбекқор, біреудің ала жібін аттамаған жан болыпты. Жаздың аптап ыстығында тері алжапқышты кеудесіне жапсырып, көрікті ысылдата басып, темірден түйін түйген екен.

Батыр мінезді, сегіз қырлы, бір сырлы, досқа адал, дұшпанға қатал жан болғанын көзін көріп қапталдас жүргендерден бүгін естиміз ғой. Ал анам Күмісқазы сегіз құрсақ көтерген аяулы жан, небәрі 39 жасында ауыр науқастан дүние салды. Қолы ісмер, ағайын-туысқа жұғымды, ел-жұртқа сыйымды адам еді.

– Өзіңізді қанаттандырып ұшырған өлкеде сіздің тарапыңызға көптеген жылы сөздер айтылады. Бұл заңды да. Сіз мектеп қабырғасында оқып жүрген кезіңізде-ақ математика пәнінен жарияланған бүкілодақтық, республикалық сайыстарда бас бәйгені жеңіп алыпсыз.

– Ә-ә, сен менің жоғарғы сыныпта оқып жүрген кезімде математикадан Батыс Сібір өңірі бойынша Бүкілодақтық бәйге жарияланғандығын баспасөзден оқып, есептерін шығарып, бас бәйгені жеңіп алғанымды айтып отырсың ғой. Шынында да, сол тұста бұл жергілікті білім саласында үлкен резонанс туғызды. Сондай-ақ Ережеп деген бала екеуміз Алматыға келіп, математикадан өткен республикалық бәйгеден бас жүлдені иеленіп, 1964 жылғы «Білім және еңбек» журналының сыртқы бетіне суреттеріміз басылды. Бірден С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне жолдама берілді. Қуанышымызда шек жоқ болды ғой сол жылдары.

Осындай жетістіктерім үшін он жыл оқып, білім алған Мақаншыдағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің ұстаздарына әлі күнге дейін алғыс айтумен келемін. Математика пәнінің мұғалімі Оразхан Ашубаев деген ағамыз есепті шемішкеше шағатын. Ережеп Төлеков деген бала екеумізді қосымша дайындаушы еді. Тіпті, өзінің үйіне шақырып алып, түннің бір уағына дейін шешуі қиын есептерді шығартатын. Өзінің алтын уақытын бізге арнаған Оразхан ағамызға мың мәрте тағзым етемін.

– Ал өлең өлкесіне қалай келдіңіз? Сіздің атақты «Той жыры», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Ғашықпын», «Алау сезім» сияқты әндердің өлеңін жазғаныңызды білеміз…

– Жастайынан батырлар жырын, лира-эпостық жырларды жаттап өскен ауыл баласының көкірегінде жылт еткен ұшқын болмаса, өздігінен өлең жазар ма еді!? 5-6 сыныптарда оқып жүрген кезімде «Жаңа жыл» деген өлең жазып, оны жасыл шыршаның түбінде оқып беріп, жерлестерімнің зор қошеметіне бөленгенім бар. Тіпті, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сабаз ағамыз басқаларға үлгі ете сөйлеп, мойныма шарф әкеп байлады. Қазір ойлап отырсам, осының бәрі жас талапты қанаттандыру, көтермелеу екен ғой.

1965 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Мақаншы орта мектебін алтын медальға тәмамдадым. Дегенмен, орта мектепті бітіріп, аттестат алған жылдары жағдайым ауыр еді: анам төсек тартып жатқандықтан, соған қарайлап жүрген маған сол тұстағы мектеп директоры Оразхан Ашубаев ағамыз үлкен жақсылық жасады. Мұғалімдермен ақылдасып, мектеп бітірген түлектің таланты мен талабын ескеріп, 50 сом ақша бөлгізді. Туған апайым да барын қалтама тыққыштап жатыр. Қойшы әйтеуір, Алматыға барып, политехникалық институттың «Автоматика және есептеу техникасы» бөліміне оқуға түсіп кеттім.

– ҚазМУ-ға емтихансыз түсуіңізге бола тұра политехникалық институтқа құжаттарыңызды тапсыруыңызға не себеп болды?

– Оның мәнісі мынада: сол тұста СОКП ОК-нің Бас хатшылығына сайланған Н.Хрущев компартияның XXII съезінде жасаған баяндамасында: «Енді бүкіл өндіріс автоматтандырылады» деген болатын. Сөйтіп, мен де болашаққа ең қажетті мамандықтың тұтқасын ұстауға бекіндім.

«Дос-Мұқасанмен» бүкіл өмірім тығыз байланысты


– Ұлықпан аға, студент кезіңізде аты әлемге мәшһүр болған «Дос-Мұқасан» вокалды аспапты ансамблі қатарында болдыңыз. Сол жайында айтыңызшы.

– Иә, 1967 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында студенттік-құрылыс отрядының құрамында еңбек еттік. Алды-артыңды ойлатпаған жастық шақ, қызық-думан, ән кештері, би алаңдары… Өзіміздегі той-думан, қызық аздай, көрші ауылдарға барып серілік құрамыз. Біз XXI партсъезд атындағы елді мекенде жұмыс істедік, мен студенттердің басшысы болдым. Онша қашық емес жерде «Торыайғыр» деген ауылда бір топ студенттер би кештерінде гитараға қосылып ән шырқайды, құлағымызға сондай жағымды, тартымды. Барсақ, институт қабырғасында тай-құлындай бірге тебісіп ойнап жүрген өзіміздің Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Александр Литвинов, Хамит Санбаев сынды өнерпаз жігіттер екен. Жұмыстан қолымыз қалт еткенде халық әндерін жаңаша өңдеп, нотаға түсіріп, жастардың бүгінгі тілімен айтқанда «хитіне» айналдырдық. «Құдаша», «Ауылың сенің іргелі», «Жайдарман» секілді әндер құлпырып, жастардың аузынан түспейтін болды. Жүрген жерімізде халықтың бір керемет ыстық ықыласына бөленіп, одан әрі қанаттанғандай болдық.

– «Дос-Мұқасанды» ауызға алғанда «Той жыры» әнінен аттап өте алмаймыз. Күні бүгінге дейін жастардың үйлену тойы осы әнсіз өтпейді десем, қателеспеймін-ау деймін. Әннің құдіреті неде деп ойлайсыз және ән қалай туды?

– Ансамбльдің белді мүшесі Мұрат Құсайынов 1970 жылы Сәбира деген қызбен отау көтерді. Үнемі бірге жүрген досымыздың құтты қадамына жаппай қуанып, бір үлкен сый жасамақшы болып келістік. Тойдың басталуына жарты күн ғана уақыт қалды. Досым екеуміз екі төсекте қатар жатып ыңылдай бастадық. Мен оған бірден «Махаббаттың құдірет күші әлдилеп, екі жасты табыстырған жүрегі…» деп он бір буын өлеңнің басын бастап едім, ол ыңылдап жатып әннің мәтінін айта бастады. Қысқасы, той басталарға жарты күн қалғанда «Той жыры» әнінің мәтіні де дайын болды. Сөйтіп, дүниежүзіне әйгілі болған махаббат әлдиі сол жерде өмірге келді. Той үстінде бәріміз қосылып шырқадық, тойға жиылған жұрт тік тұрып қошемет білдірді. Айта кетерлігі, 1973 жылы Берлинде дүниежүзі студент жастарының фестиваліне әлемнің 196 елінің өкілдері қатысты. Аталмыш шара бір айға созылып, «Дос-Мұқасан» тобы лауреат атанды, ал «Той жыры» әніне арнайы Алтын медаль табысталды.

Қазір қайда барсам да алдымнан осы ән шығады. Тіпті, ана бір жылы Қытай елінде осы әннің қазақша, ұйғырша, қытайша шырқалғанының куәсі болғаным бар. Жүректен шыққан өлең жолдары, қимас жастық шақтың бір үзіктері сонау атамекеннен қиыр шетте шырқалып жатқанда бір алапат сезімді бастан кешеді екенсің. Қатты толқыдым. Шынында да өнерде шекара болмайтыны рас қой.

Қабанбайға ескерткіш орнату – арман болатын


– Жуырда баспасөз беттерінен халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың сізге арнаған: «…Жүректерге өшпейтін алау жаққан сыр өзі, Сахараны шаң қылып жалаулатқан жыр өзі. Алдын көрген сан толқын шәкірттері біз үшін, Кешегі өткен ғұлама Қабдолов та бір өзі, Әуезов те бір өзі» деген өлеңін оқыдым. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді ғой, шәкірттеріңізбен мақтана аласыз ба?

– Алғаш ұстаздық жолымды бастағанда институт жанынан «Бәйшешек» атты клуб құруымызға тура келді. Мақсат: жастардың рухани әлемін байыту, қалам ұстауға икемі бар, бойында рухы сөнбеген жастарға бағыт-бағдар беру еді. Бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты ақын Иранбек (Иран-Ғайып) Оразбаев осы клубты бірге құрысып, өзі соның белді мүшесі болды. Қазіргі Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, республикалық су комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, бір кездері экология министрі болған Андар Шоқпытов, белгілі ақын Қасымхан Бегманов осы бірлестіктен қанат қаққан түлектер болатын. Қазір арадағы біршама жыл үзілістен кейін «Бәйшешек» клубы қайта жанданып, оның құрамындағы қыз-жігіттердің өлең-жырлары республикалық басылымдарда, университеттің «РАС» деп аталатын газетінде жарияланып жүр. Бұдан өзге докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғаған, ғылыми ізденісте жүрген аспиранттарым мен шәкірттерім баршылық.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын туған жеріңіз Мақаншыға ініңіз Қайранбақыт Есілханұлымен бірігіп, Қабанбай бабамызға сәні мен салтанаты жарасқан алып ескерткіш орнаттыңыздар. Бұл ой қалай туды, не түрткі болды?

– Жалпы, өткенге көз жібермей, болашақты болжау жоқ. Ата-бабаларымыз осыншама алып жерді «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» сыртқы жауға бермей қалай сақтап қалды деген заңды сауал санаңа келеді. Тағы сол бабаларымыз «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Ана бір жылы інім Қайранбақыт бір күні маған: «Аға, өткен түні бір жақсы түс көрдім. Жақсылап жорып беріңізші» деді. «Түсімде биік таудың бауырында бір батыр шынтақтап жатыр екен. Өзімнің ойым: бұл Қабанбай бабамыз екен деймін. Жанында ерттеулі аты тұр. Әдеттегіше сәлем берем. Ол сәлемімді қабыл алып: «Балам, қолымнан тартып тұрғызып жібер» дегесін, тұрғызам. «Енді қолтығымнан демеп атыма мінгіз» дейді. Айтқанын орындап мінгізіп жіберіп едім, тауды бөктерлеп жүріп кетті» деді. «Япыр-ай, Қайранбақыт-ай, түсің не деген жақсы еді! Бабамызға туған жерден ат мініп тұрған ескерткіш орнатуымыз керек екен, аруақ бізден осыны дәметеді. Тек ешкімге әзірше тісіңнен шығарма» дедім. «Айтқаныңыз Пайғамбардың құлағына шалынсын, әумин!» деп ол кетті. Осыдан соң-ақ бұл қасиетті іске бел шеше кірістік, ең алдымен қаражат мәселесін шешу қажет. Сосын арғы жағын көре жатармыз деп шаруаны дөңгелете бердік. Әйгілі жерлес жазушы Қабдеш Жұмәділов ағамыз да өзінің көмегін аяп қалған жоқ. Скульптураға арналған ермексаздан найзасының ұшына дейін 8 метр болатын алып ескерткішті Қытайға, Бейжің қаласына апарып қоладан құйдырып алып қайттық. Ескерткіштің бүкіл қаражатын кәсіпкер Қайранбақыт інім көтеріп алды. Аллаға шүкір, сәтті шыққан дүние болды. 2009 жылы екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры атанған Талғат Бигелдинов ағамыз ашылу салтанатына қатысқан бұл шара Үржар ауданы жұртшылығының жадында қалды.

– Енді өзіңіздің отбасыңызбен таныстыра кетсеңіз.

– Менің биіктерді бағындырып, асулардан асуыма осы үйдегі жеңгеңнің де қосқан үлесі аз болған жоқ. Жастайымыздан бір-бірімізді сүйіп қосылған жанның аты-жөні – Нағима Нұрғалиқызы Шожықова. Екеуара екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Балалардың барлығы да жоғары білімді. Солардан бірнеше немере сүйіп отырған жайымыз бар.

– Желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынға айтар тілегіңіз қандай?

– Бүгінгі жастардың ойы еркін, арманшыл, рухы биік болғанын қалар едім. Қазір дүниежүзінің төрт бұрышынан ақпарат алуға толық мүмкіндік бар. Соны мейлінше пайдалана білу керек. Біздің тұсымызда замандастарымыз ішкі ойды, көкейдегі армандарды сыртқа шығара алмай құса болды. Тәуелсіз елдің перзенттері өз ойын ашық, еркін айта алатындай білімді, білікті, еңбекқор және өзінің Отанын, халқын сүйетін отаншыл болуын тілеймін. Жүрегінде туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілік болмай, жастардың патриот болуы да мүмкін емес. Сондықтан ең алдымен барлық жақсы істер туған жерден бастау алуы тиіс. Тәуелсіз Қазақстанның жастары шын мәнісінде жаңа өмірге лайық болуын қалаймын.

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button