Денсаулық сақтау

Әлеуметтік мәртебесі анықталмаған тұрғын болмау керек

Әлеуметтік мәртебесі анықталмаған тұрғын болмау керек


Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты әрбір қазақстандықтың мәртебесін анықтау жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Елбасы Парламент палаталарының 2017 жылғы 4 қыркүйектегі бірлескен отырысында Үкіметке денсаулық сақтау саласын реформалау қадамдарын қайта қарап, сақтандыру медицинасына азаматтардың барлық санаттарының тең дәрежеде (әділетті) қатысуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың құрамын мемлекеттік ақпарат жүйелерінде сақталған мәліметтермен салыстыру жұмыстарын жүргізді. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік мәлімет базасы (жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің саны), мүгедектердің орталық мәлімет базасы, Білім және ғылым министрлігінің ұлттық білім беру базасы, жұмылдырылған ресурстардың (әскерилер) автоматтандырылған есептеу жүйесі, әлеуметтік төлемдерді алушылардың ( зейнеткерлер, көп-балалы аналар, бала күтіміне байланысты демалыс) орталықтандырылған базасы, ықтияр хат базасы (шетелдіктер) сияқты жүйелердің мәліметтері мұқият тексеріліп, олардан медициналық сақтандыру қорына мемлекет пен жұмыс берушілер жарна төлейтін тұлғалардың және мемлекеттік кіріс органдарында тіркелген өзін-өзі асыраушылардың деректері алынып тасталған. Сонда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, біздің облыста мемлекеттік органдардың базаларынан тыс қалған 267 125 адам анықталыпты.

Үстіміздегі жылдың 18 наурызынан бастап жер-жерде құрылған арнайы штаб мамандары өңірдегі елді мекендерді аула-аула бойынша аралап, тізімдегі белгісіз жандардың кім екенін анықтауға кіріскен-ді. Нәтижесінде ешбір мәліметтер базасында көрсетілмеген 267 125 адамның 95,4 пайызы немесе 257 003 тұлға анықталды.

Облыста 2017 жылдың 6 желтоқсанындағы мәлімет бойынша 101 мыңнан астам тіркелмеген жұмыссыздар мен кірісі жоқ немесе маусымдық кірісі ғана бар өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар анықталып отыр.

Министрлік берген тізімнен анықталғандардың ішінде 64 282 адам жұмыс істегенімен, зейнетақы қорына төлем аудармайтыны анықталған. 7 383 студент белгілі болды. 27 601 адам республикадан тысқары жаққа көшіп кеткен. 37 035 шығысқазақстандықтың мәртебесі өкілетті мемлекеттік органдармен бекітілді.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы еңбек нарығына талдау және мониторингілеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Қанапиннің түсіндіруінше, студенттердің саны бойынша Білім және ғылым министрлігі жылына екі рет есеп береді. Біздегілер – осы екі аралықта тізімге ілінбей қалғандар. Олардың мәліметтері салалық министрлік пен оқитын оқу орындарына жолданыпты. Тізімдегі 6 136 адамның әлеуметтік төлемдер алатыны белгілі болды. Тексеру кезінде кейбір тұрғындар «зейнетақы аламын» деп есіктерін тарс жаба салған, қазір солардың әлеуметтік төлемнің нақты қай түрін алатыны анықталып жатыр.

– Барлық анықталғандардың ішінде 71 731 кірісі жоқ немесе маусымдық кірісі ғана бар, өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушы және 29 812 тіркелмеген жұмыссыз бар. Біз негізінен осы екі санаттағы азаматтармен жұмыс істейміз, – дейді Нұржан Қанапин. -Араларында еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеп жүргендер кездесті. Не болмаса, базарда сауда жасап жүрген, сондай-ақ, патентсіз адам таситын, әртүрлі маусымдық жұмыстарды атқаратындар да жоқ емес. Олардың барлығымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Егер жұмыс берушілер еңбек шартын бекітуден бас тартса, олар еңбек инспекциясына шағымдана алатындары ескертілді. Себебі, бүгінгі мәртебесі олардың ертең МӘМС жүйесі енгізілгенде, медициналық көмектен тыс қалмауына кепілдік береді.

Басқарма мамандары өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен тіркелмеген жұмыссыздарды басты назарда ұстайды. Осы 101 мың адамның 12 мыңына нақты көмек берілген. Нұржан Қанапиннің мәліметтеріне сүйенсек, оларға әлеуметтік немесе қоғамдық жұмыс орындары ұсынылған. Мамандығы тұрғылықты жерінде, тіпті, еңбек нарығында сұранысқа ие емес азаматтарға арнайы курстарға оқуға жіберу арқылы басқа мамандықты меңгеріп алуларына мүмкіндік жасалды. Мемлекет тарапынан осы бағытқа қомақты қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарда, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі бойынша жұмысшы мамандықтарын игеріп алу кеңінен насихатталуда. Қосымша мамандық түрлерінен шаштараз, аспаз, жүргізуші, бухгалтер, газбен дәнекерлеуші сияқты мамандықтарды таңдап алғандар көп.

Облыстық әкімдік жоғарыдағы екі санаттағы азаматтарға әлеуметтік мәртебесін анықтаудың маңыздылығын түсіндіріп беретін ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған. Оларға мемлекеттік кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің тәртібі жазылған ескертулер таратылды. Жұмыссыз ретінде тіркелудің тәртібі және 2017-2022 жылдарға арналған өнімді жұмыс пен жаппай кәсіпкерліктің бағдарламасына қатысу ережелері жазылған бүктемелер тапсырылды. Кейбір ақпараттық материалдар тұрғындарға пошта арқылы жолданған.

Әлеуметтік мәртебесі анықталмаған тұрғын болмау керек

Облыстық басқармалар мен қаржылық құрылымдардың өкілдерінен тұратын топтар аймақтың қалалары мен аудандарына шығып, тұрғындармен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Аулаларды аралау кезінде анықталған мәліметтер мемлекеттік органдардың мәліметтер базасына енгізіліп жатыр.

Көлеңкеде қалған азаматтарды ел экономикасына тартудың, сол арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыстырудың 2018-2019 жылдарға арналған ұйымдастыру шараларының жоспары қолға алынбақ. Осы шара кезінде нәпақасын табам дегендердің барлығын жұмыспен қамтуға, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жеңілдетілген жүйе бойынша тіркелуге қолдау көрсету жоспарланған.

Нұржан Қанапин әлеуметтік мәртебесі анықталмағандармен жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді.

ВРЕЗКА:

Облыста 2017 жылдың 6 желтоқсанындағы мәлімет бойынша 101 мыңнан астам тіркелмеген жұмыссыздар мен кірісі жоқ немесе маусымдық кірісі ғана бар өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар анықталып отыр.

Осы беттің оспағы:

Көшеде екі жұмыссыз кездесіп қалады.
—Сен естідің бе, Олжабаймен не болғанын? — деп сұрайды біреуі.
— Жоқ. Не болып қалыпты?
—Ол жұмысқа орналасыпты.
— Міне, мен баяғыда айтқам, оның ақша үшін не нәрсеге де дайын екенін!

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button