Денсаулық сақтау

Лапроскопиялық әдіспен емдейді

Лапроскопиялық әдіспен емдейді


Бородулихадағы аудандық аурухана бүгінде облыстағы маңдайалды медициналық мекемелердің бірінен саналады. Олай деуіміз бекер емес. Себебі мұнда былтырдан бері аймақтағы ауқымды қанатқақты жобаның бірі жүзеге асырылуда. Умуд Эфендиев басшылық ететін медициналық мекеменің бұдан өзге де айтуға тұрарлық жаңалығы көп.

Жақында ғана бүкіл республикадағы әріптестерімен бірге медицина қызметкерлерінің күнін атап өткен ауруханада бүгінде науқастарды лапароскопиялық әдіспен емдеу жолға қойылған. Оқырманға түсінікті болуы үшін бұл қандай әдіс екенін де айта кеткен абзал. Лапароскопияны «аз жарақатты», «қансыз» немесе «ХХІ ғасыр хирургиясы» деп те атайды. Өйткені ішкі ағзаларға жасалатын мұндай операциялар кезінде науқасқа ешқандай тілік жасалмайды.

– Қазіргі уақытта операциялардың 90 пайыздан артығын осындай заманауи әдіспен жасаймыз. Жалпы, мұндай хирургияның артықшылығы көп. Ең алдымен, олар аз жарақатты болып келеді. Сондай-ақ, лапароскопия адамға тез сауығып, қалыпты өміріне жылдам қайтып оралуына көмектеседі, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Умуд Эфендиев.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау мекемесінде өзге ауруханалардағы әріптестерімен тәжірибе алмасу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағыттарында бірқатар оңды іс атқарылуда. Мәселен, жақында бородулихалық ақ халаттылардың бір тобы Талдықорған қаласына барып, онда ұйымдастырылған шеберлік сағаттарына қатысып қайтқан. Сондай-ақ, Ақтөбеде өткен лапароскопшы хирургтердің республикалық жиынына да делегаттарын жіберген. Осындай жұмыстардың арқасында ауданда туберкулез ауруына шалдыққандардың саны біршама азайыпты. Умуд Муса-оглудың сөзіне сенсек, қазір Бородулиханың бұл жөніндегі көрсеткіштері облыстық деңгейден анағұрлым төмен екен.

Аудандық аурухана басшылығымен әңгімеміз барысында мекеменің алдағы жоспарлары туралы да сұрап білдік. Сондай жаңалықтың – бірі семіздікті жоғарыда сөз болған лапароскопиялық хирургияның көмегімен емдеу тәжірибесі болмақ көрінеді. «Шілде айында Астанада бұл мәселеге қатысты үлкен жиын өтеді. Оған біз де қатысатын боламыз. Жасырып қайтейін, Шығыс Қазақстан аумағындағы мұндай операцияларды бірінші болып қолға алған аудан болғымыз келеді», – дейді бас дәрігер.

Бородулихада 2017 жылдан бері медицина саласына қатысты қанатқақты жоба жүзеге асырылып келеді. Damumed деп аталатын кешенді медициналық-ақпараттық жүйенің жобасы болашақта денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын 100 пайыз цифрландыруға мүмкіндік бермек. Бородулихадағы аурухана қазірдің өзінде бұл межеге жетуге жақын.

– Аталған бағдарлама арқылы дәрігердің қабылдауына үйден шықпай-ақ жазылуға болады. Бұл дәрігер үшін де ыңғайлы. Себебі науқас сияқты ол да қай кезде қандай қабылдаулар болатынын нақты біледі. Бұл өз кезегінде ауруханадағы ұзын-сонар кезектер мен медицина саласындағы бармақ басты, көз қыстылықтан құтылуға мүмкіндік бермек. Бұған қоса науқастың медициналық картасындағы мәліметтерін құпияда сақтауға да септігін тигізетін болады. Ол үшін ЖСН-ді енгізіп, жеке кабинетке кірсе жеткілікті, – дейді аурухана қызметін цифрландыру жұмыстарының басы-қасында жүрген ІТ-маман Николай Клепцов.

Айта кетейік, бүгінде Бородулиха аудандық ауруханасында 200-ге жуық дәрігер қызмет етеді. Ал аудан бойынша олардың саны 500-ден асып жығылады екен. Шыны керек, ауруханаға сапарымыз барысында мұнан көз үйренген дәліздердегі сапырылысқан жұртты кездестірмедік. Бөлімшелердің қай-қайсысына бас сұқсаң да, темірдей тәртіп пен мінсіз тазалықты көресің. Бұл да сол цифрландырудың жемісі болар деп топшыладық.

– Бізге артылған сенім үдесінен шығуға тырысудамыз. Әр науқастың біз үшін орны бөлек, – дейді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Азамат Белбеев.
Науқастар да дән риза. Біз әңгімеге тартқан жезкенттік Марат Табаровтың та, бородулихалық Корнелий Мельников пен Гүлсім Байұзақованың да жергілікті дәрігерлерге алғыстарынан басқа айтары жоқ екен.

Нұржан Кенжеұлы
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button