Тылсым дүние

Құла биенің қазасы

Имаш қарт кешкілік азын-аулақ малын жайғастырып болып, бәйбішесі Айымжанның қызыл қоңыр шайынан қанып ішіп алды да, биік үстелдің қасындағы жайлы төсегіне жайғасты.

Құла биенің қазасыКүздің қоңыр салқын алғашқы суығына тоңыңқыраған кәрі дене жылы төсекке қисайысымен тыныс тауып, маужырап барып, жайлы бір рақат күйге ене берген. Сол-ақ екен әбден шаршап, қалжыраған кәрі сүйектері тырп етпестей, мүлде сіресіп, қатты да қалды.

…Кенет… Кенет адам ба, әлде, арыстан басты аждаһа ма, әйтеуір бір қорқынышты қара дәу өзіне қарай тұра ұмтылғандай болған. Ұмтылса да жай ұмтылмай, аузынан жалын атып, «тап, тап!» деп, қолындағы ұзын екі жүзді наркескенін сілтеп-сілтеп қалады. Жайшылықта небір дүлейден қаймыға қоймайтын Имекең зәресі ұшып: «Нені тап дейсің, бәтшағар?!» деп басын көтере беріп еді, әлгі қара бәлекет жан дауысын шығара ақырып: «А…а…ар…арақ!» деп наркескенді тағы сілтеп кеп жіберді. Сөзден қалған қарт жөні түзу бірдеңе айтудың орнына қолын бұлғап: «Сыртта, сыртта!» деді жанұшыра.

Сол-ақ екен, Имекеңді өлімші күйге түсірген қара дәу алшаңдай басып, есікке қарай жөнеле берді. Аяқ астынан қара терге түсіп, әлек-шәлегі шыққан қария өз дауысынан өзі шошып ояна келсе, таң атуға таяу мезгіл екен. Денесі дел-сал болып, жүрегі аузына тығылып жатқан оның құлағына: «Ойпырым-ай, бұл не деген сұмдық, есіктің алды астаң-кестең, қып-қызыл қан!» деген бәйбішесі Айымжанның ащы дауысы шалынған.

Беймезгіл шошынған шал: «А, құдай, өзің жар бола гөр! Не дейді, мына бәтшағар?!» деп сүйретіле сыртқы есіктің табалдырығын аттай берді. Үй жанындағы қораның пұшпағын айнала бергені сол еді, анадай жерде қор-қор етіп, тұяқ серпіп жатқан құла биесін көрді.

Бие байланған аттақырдың төңірегі қан-жоса. Қария жануардың өмір оты сөніп бара жатқан жанарынан бүгінгі түсінде өзінің бойын билеген үрейді көргендей болды. Өзіне сермелген селебенің құла биені ажал құштырғанын анық түйсінді.

«Жазықсыз жануарым-ай, жартылықтың төлеуіне кеттің-ау, түсімдегі қара дәу қанжарын саған қадаған екен-ау!» деген Имекең құла биесінің үстіне құлай берді. Сөйтті де қартайғанда сусыны, ауыл-үйдің адамдары қыдырыстаса күш-көлігі болған құла биесінің ажалы кімнен болғанын білсе де, жұмған аузын ашпай, еңкілдей берді.

Мәуітқазы Зүкенов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button