Тылсым дүние

Әлі күнге аң-таңмын…

Бұл ғаламда пенде атаулыға түсініксіз алуан түрлі құбылыстардың болып жататыны шындық. Оны өз басымыздан өткізгенде болмаса, албаты адамның айтқанына құлақ қоя бермейміз. Ал жұрт сенетін, артық сөзі жоқ, байсалды азаматтардың өз басынан кешкен таңғажайып оқиғалар туралы әңгімелеген хикаяларына иланбаудың тағы да реті жоқ сияқты.

Әлі күнге аң-таңмын...– 2004 жылдың тамыз айы болатын, – деп бастады әңгімесін Алғабас ауылының байырғы тұрғыны Болат Қозыбаев. – Талғат деген сыныптас досымның үйінде бірді айтып, бірге кетіп, біраз отырып қалыппыз. Әлден уақытта көз салсақ, сағат түнгі бірді көрсетіп тұр екен. «Сыртқа шығып, темекі тартайық» деген оймен есік алдындағы шағын шатырдың астына барып жайғастық. «Сіріңке таусылып қалыпты ғой» деп Талғат қайтадан үйге кіріп кетті.

Ұзаса, бір минут өткен шығар, кенет алдымнан бұлдыр-бұлдыр бірдеңенің сұлбасы көрінді де, әлдеқандай қарулы саусақтар кеңірдектен ала түсті. Абырой болғанда, қолымды айқастырып, кеудеме қойып отыр едім, әлгі саусақтардан мен де тас қылып ұстап, ананың өзімді тұншықтырып тастауына жол бере қоймадым. Көзге түртсе көрінбейтін түнек емес, алдында Талғаттың бет-жүзін ап-айқын көріп отырған болатынмын. Ал мына пәле шыныдан жасалған нәрсе сияқты, анық көрінбейді. Екеуміз біраз алыстық, бірақ, әлгінің жуан саусақтары өте күшті болып шықты. Бір уақытта шалқамнан түскенімді білемін, ар жағы бұлыңғыр…

«Өй, Болат, сен мынаған қалай кіріп алғансың?» деген Талғаттың дауысы естілгенде есімді бір-ақ жидым. Сөйтсем, жай күнде өзім үш адам жабылып нығарласа да сыя қоймайтын цилиндр тәрізді ескі кір жуатын мәшиненің қорабына екі бүктетіліп кіріп кетіппін. Талғат күштеп жүріп, мені әрең суырып алды. Сол кезде Талғаттың күйеу баласы Нұрболат келіп қалды. Үшеуміздің үйге кіргенде көргеніміз – үстелдің үстінде тігінен тізіліп тұрған жеті түйме болды. Қарасам, менің көйлегімде бір түйме жоқ, әдемілеп, пышақпен кесіп алғандай тып-типыл. Тіпті, орнындағы жібі де байқалмайды. Қайтадан тізіп көріп едік, қанша әуре болсақ та әлгі түймелерді бұрынғысынша бірінің үстіне бірін қою тіпті де мүмкін болмады.

Ал сыртта өз басымнан өткен жайды айтып, қанша ант-су ішсем де ана екеуі менің сөзіме сенбей қойды. Тіпті, әрі-беріден соң қылжаққа айналдыра бастады.

– Содан бері он жылға таяу уақыт өтті, – дейді Болат. – Сол айналасы бірер минутта болып өткен таңғажайып оқиға әлі күнге жадымнан шығар емес. Өзге біреу айтса, мен де сенбес пе едім, кім білсін, бірақ, жаздың жылы да жайлы түнінде болған сол оқиға есіме түссе, әлі күнге ойым онға бөлінеді…

Жазып алған – Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button