Қоғам

Күш құрылымдары мергендігін дәлелдеді

Күш құрылымдары мергендігін дәлелдеді


Өскеменде құқық қорғау органдары, арнайы және күш құрылымдары қызметкерлері арасындағы VI-жазғы салалық спартакиадасы аясындағы жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша Ішкі істер министрлігінің чемпионаты мен «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының біріншілігі мәресіне жетті.

Төрт күнге созылған жарысқа Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Төтенше жағдайлар комитеті, мамандандырылған күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі сияқты күш құрылымдарының құрама командалары қатысты. Сондай-ақ, спорттық шара аясында еліміздің облыстары мен қалаларынан келген 16 команда өзара сынға түсті.

«Динамо» ДШСҚ орталық кеңесі спорт басқармасының бастығы Николай Князевтің айтуынша, мұндай шараны өткізудегі негізгі мақсат күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік дайындықтарын арттыру болып табылады.

– Бұл – салалық спартакиаданың бір кезеңі ғана. Жауынгерлік қарудан атудан бөлек, күш құрылымдары футбол мен волейболдан, президенттік көпсайыстан өтетін жарыстарға қатысады. Алты кезеңнен тұратын спартакиаданың қорытындылары жыл соңында шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі марапаттайтын болады. Биылғы біріншілік барысында үміткерлер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан түрлі қашықтықтардан оқ атып, өзара мықтыны анықтады. Барлық команда әзірліктері ойдағыдай екенін көрсетті. Әсіресе, қарағандылықтар тыңғылықты дайындалып келіпті, – деген Н.Князев жарыс Ахмер кентінің маңындағы әскери полигонда өткенін атап өтті.

Айта кетейік, аймақтық бөлімшелер арасындағы сайыста Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің құрамасы топ жарды. Екінші орынға жамбылдық полицейлер көтерілсе, үздік үштікті Алматы қаласының тәртіп сақшылары түйіндеді. Күш құрылымдары арасындағы жарыста жалпыкомандалық бірінші орынға ҰҚК шекара қызметі ие болса, екінші және үшінші орындарға сәйкесінше мамандандырылған күзет қызметі мен ІІМ ұжымдары тұрақтады.

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында өткен марапаттау рәсімінде жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар атынан кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button