Мәдениет

Көрші елдің сәлемін ән-жырмен жеткізді

Біздің облыс соңғы кездері шығыстағы көршімізбен экономикалық алыс-беріс, мәдени барыс-келіс тарапынан жиі қарым-қатынас орнатып келеді. Сондай мақсатты ұстанған Қытайдың Алтай аймағынан келген делегация кеше облыс орталығына ат басын тіреді. Қонақтар Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында ән мен жырдан шашу шашты. Мәдени шараға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.

Көрші елдің сәлемін ән-жырмен жеткізді Оларды алдымен облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев қабылдап, аймағымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті.

– Соңғы жылдары біздің облысымыздың бас болуымен бірсыпыра келісімдер өз шешімін тауып келеді. Олардың қатарына Өскемендегі «Альшемали» базарында жеміс-жидекті көптеп сату-көрмесін өткізу, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық республикасының Тарбағатай аймағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін екі ел арасында «жасыл дәліз» салу, Тарбағатай және Алтай аймақтарының кәсіпкерлерімен туризм мәселелерін дамыту және тағы да басқалар жөніндегі талпыныстарды жатқызуға болады, – деген В.Кошелев әріптестіктің біраз тұстарынан хабар беріп өтті.

Әкім орынбасары атап өткендей, жыл сайын біздің облыс пен Қытай елінің шекаралас аймақтарының ресми делегациялары мен түрлі кәсіпкерлер топтары кездесіп тұрады. Мәселен, сол әріптестіктің бір мысалындай, 2008 жылы Қытайда біздің облысымыздың мәдениет басқармасының тапсырысымен жасалған пульт арқылы басқарылатын мобильді-жылжымалы сахналық кешен бүгінде белсенді қолданылып келеді. Ал қазіргі күні Семейдегі Абай атындағы театрдың ұжымы Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» атты спектаклін Қытайдың Алтай және Үрімші қалаларында қоюға дайындалып жатқан көрінеді.

Кездесу барысында қытайлық делегацияны бастап келген Алтай аймақтық партия комитеті төрағасының орынбасары Ыразбек Хамза өздерінің сапарлары туралы айтып өтті.

– Біз бұл жолы 30 адамдық делегациямен мәдениет жағынан өзара алмасу мақсатында келдік. Тағы бір мақсатымыз – қазір Қазақстанда тұрып жатқан мұқажырлардан (оралмандардан) хал сұрау, яғни, оларға артында қалған елінің сәлемін жеткізу және «Отанға сүйіспеншілік» атты ойын-сауық кешін көрсету арқылы мәдениет алмастыру, – деді ол. – Ал біздің делегацияны үлкен құрметпен қарсы алып жатқан облыс басшылығына, мәдениет саласындағы азаматтарға ерекше құрметімізді білдіргім келеді. Мұндай барыс-келістер мен алыс-берістер екі елдің байланысын түйіндей береді деп ойлаймын.

Облыс Әкімі орынбасарының қабылдауынан шыққан соң делегация мүшелері қазақтың ұлы тұлғасы – Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл олардың қазаққа деген, қазақ даласына деген шексіз махаббаттарын танытқандай көрінді.

«Ағажай» сынды әнге айналған алтын Алтайдың арғы бетінен келген ағайындар бұдан кейін Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылына ат басын бұрды. Осы орайда айта кетейік, «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы қоныстанған осы ауылдағы бір жарым мың тұрғынның 75 пайыздайы – Қытайдан келген қандастар. Қонақтар осы жағын көбірек ескерсе керек.

Ең әуелі «Нұршуақ» балабақшасына беттеген қонақтарды ауыл әкімі Нұрбақыт Атанұлы бастаған топ құшақ жая қарсы алды. Мұндағы бүлдіршіндердің былдырлаған тәтті тілдерінен шыққан тақпаққа разы болған қонақтар бұл ордаға электр көзімен тамақ істейтін ошақтарды сыйға тартты. Бұдан соң ауылдағы №33 мектепке барған меймандарды мектеп ауласына жиналған ауыл тұрғындары зор қошеметпен қарсы алды.

– Алыстан келген ағайындардың жағдайын жасауға барынша тырысып жатырмыз. Мұнда егін салам, мал бағам дегендерге мүмкіндігінше жер бердік. Бірақ, олқы соғып жатқан жерлеріміз де жоқ емес. Оның бәрі келешекте бірте-бірте толықталар, – деді осы тұста Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев.

Қала әкімінің сөзіне орай делегация төрағасы Ыразбек Хамза ол жақтағы қандастардың сәлемін жеткізе келіп, осындай керемет ауыл тұрғызып, туысқандардың жақсы тұрмыс кешуіне жағдай жасаған ел ағаларына ризашылығын білдірді, рақметін айтты.

Кездесу соңында қонақтар бірнеше үйге бас сұғып, көрімдік жоралғыларын жасады. Ал, кешкісін Алтайдан жеткен ағайындар Металлургтердің мәдениет сарайында қала халқына әсем ән мен әдемі биден сауға ұсынды.

Айтпақшы, қандастардың сағынышқа толы сазды кешін қалаға келіп жатқан түркиялық делегация мүшелері де тамашалады.

Алтай қаласының сал-серілері тек облыс орталығында ғана емес, алдағы күндерде сапарларын Семей мен Зайсан қалаларында жалғастырмақ.

Ғафура Сәрсенбайқызы,
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button