Қоғам

Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді

Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді


«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінде Оңтүстік Африка мен Испанияның ұлттық күндері тойланды. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея елі де өзінің «Жасыл экономикадағы» жаңалықтарын ұсынды.

Салтанатты шарада Испания Королі VI Фелипенің атынан Испания Корольдігі депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа «Католиктік Изабелла» орденін табыс етті.

«Аса мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза, жоғары корольдік құрмет ретінде, Сізді Католиктік Изабелла орденімен марапаттаймын», – делінген Корольдің жарлығында.

Қазақстан Президенті Испания Королі VI Фелипеге және Ана Пасторға жоғары марапаты үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Испания арасында сенімді әрі достық қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

– Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Испания Корольдігімен байланыс орнатып, өзара сенімді екіжақты қарым-қатынастарға қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде Испания Қазақстанға өз қолдауын көрсетіп келеді. Испания Королі VI Фелипе Қазақстанға ресми сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Біз үшін бұл зор мәртебе, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның саясатта және экономиканың түрлі секторларында Испаниямен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты.

Рәсім соңында Қазақстан Президенті Испания Королі VI Фелипеге шынайы ризашылығы мен жылы лебізін жеткізуді сұрады және Испания халқының игілігі үшін атқарып жатқан қызметіне табыс тіледі.

«ЭКСПО» екі елдің ынтымақтастығын арттарады

Оңтүстік Африка мемлекетінің саяси қайраткері Нельсон Манделаның туған күнімен тұспа-тұс келген оңтүстік африкалықтардың Астанадағы ұлттық күнінің салтанатты ашылуы болды.

Салтанатты шарада еліміздің Қаржы вице-министрі Қанат Байеділов Оңтүстік Африка өкілдерін мерекелерімен құттықтап, «Болашақтың энергиясы» әлем үшін өзекті тақырып екенін, Қазақстанның ОАР-мен сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге және дамытуға мүдделі екенін айтып өтті. Оңтүстік Африка Республикасының «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы екі елдің тығыз байланыста екенін көрсетеді. – Бұл байланыстың екі ел үшін де берер пайдасы жоғары. Биыл Қазақстан мен ОАР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өтуде. Мұны екі ел арасындағы барыс-келіс сапарлары, экономиканың түрлі салаларындағы жемісті ынтымақтастық айғақтайды, – деді Қанат Байеділов.

Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді
Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді

Адамды нәсіліне қарап жіктейтін апартеид саясаты Оңтүстік Африкада 1948 жылдан 90-жылдарға дейін жалғасып келді. Ол жылдары ақ нәсілділер қара нәсілді тұрғындардың жүріс-тұрысын шектеді, сайлау құқығын бермеді және арнайы аймақтарға оқшаулады. Апартеид жылдары адам құқықтары үшін күрескен Нельсон Мандела өмірінің 27 жылын абақтыда өткізген екен. 1994 жылы 27 сәуірде Оңтүстік Африка Республикасында алғаш рет демократиялық сайлау өтіп, 10 мамыр күні Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасының тұңғыш қара нәсілді президенті атанды.
Көрмеде Африка мемлекетінің осынау тарихы кеңінен сөз етіліп, бүгінгі дамуы айтылды.

Кәрістің қыздары мың бұрала би биледі

Төрткүл дүние көз тіккен «ЭКСПО-2017» көрмесінде дүркіреп, \”К-Culture Party\” кеші өтті. Көңілді кештің көрігін корейлік қыздар мың бұралған билерімен қыздырды.

Ал аты шулы «91 Ninety One» тобы жастар арасында хитке айналған заманауи әндерімен жалғастырды. Сонымен қатар, Корей елінің белгілі жұлдыздары Q-POP стилінде әуезді әндерін әуелетті. Бұл концертте қазақстандық көрермендермен қатар, шетелдік туристер де қиқу қосып, қошемет көрсетті.
Айта кетерлігі, осынау кештің билеттері Оңтүстік Кореяның павильонында үлестірілді. «EXPO-2017» көрмесінде әншашулар мұнымен шектелмеді. Джаз кештері халықаралық көрменің іскерлік атмосферасына ерекше үн қосты. Әйгілі джазмен Игорь Бутманның өнерін тамашалаушыларға да билет тегін таратылды. Корейліктер 2012 жылы өз елдерінде «ЭКСПО» көрмесін өткізген болатын. Олардың айтуынша, бұл шара мемлекеттің дамуына үлкен серпін береді. Кәрістердің павильоны ерекше дүниелерге толы болды. Мәселен сутегі технологиясымен қозғалатын көлік көпшіліктің назарын өзіне аударды. Көліктің қызметі барлығына түсінікті болуы үшін көлденеңнен кесілген күйінде тұр. Күн энергиясын пайдалану технологиясын да көпшілікке ұсынды. Бұл әдістің арқасында жиналған күн энергиясын бұлтты күні де пайдалана беруге болады екен.

Сонымен қатар, Малайзия павильонының күнделікті бизнес-бағдарламасының аясында «Жасыл қаржыландыру» апталығы өтті.

Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді
Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді
Көрмеге келушілер күн сайын көбейіп келеді

«ЭКСПО-2017» көрмесіндегі өзгерістер

* Бір күн ішінде бір билетпен екі рет кіруге болады
* Қолдағы нақты датасы бар билетті көрсетіп, тағы бір билет алуға мүмкіндік бар.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button