Қоғам

Көрме кереметтерін көріп қайттық

Көрме кереметтерін көріп қайттық


«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» деп қалай орынды айтылған! Бұл сөздің өміршеңдігіне Арқа төсіндегі ару қала Астанаға барып, ЭКСПО – халықаралық мамандандырылған көрмесі қалашығын тамашалаған кезде көз жеткіздік.

Астанадағы 10 күннің үшеуін ЭКСПО көрмесіне арнауға тура келді. Биіктігі 30 қабатты үйге тең «Нұрлы Әлем» павильонын аралауға ғана бір күн жұмсадық. Павильонға енгенімізде, қарақұрым халықты көрдік. Олар бірінші қабаттан өзіне қажетті деректерден хабардар бола алады. ХХІ ғасырда адамзат күн, жел, тіршілік көзі судан электр қуатын алып жатыр. Тіпті алысқа бармай-ақ, Өскемендегі және Қостанайдағы автокөлік зауыттары күн сәулесімен, батареялармен жүретін заманауи көліктерді құрастыруды ойластырып, бұл бағытта батыл қадам жасай бастады. Соның бәріне қанығып, «Нұр Әлемнен» ерекше әсерге бөленіп қайттық.

Одан кейін Ресей, Алмания, Грекия, Хорватия, Украина, Әзірбайжан, Сербия мемлекеттерінің павильондарына да келушілер көп. Электр қуатын күн сәулесінен алу, желдің күшін пайдалану, электромобильдер шығару – кез келген елдің мақсаты.

10 тамыз күні қазақ елінің тәуелсіздігін ең бірінші болып таныған Түркия Республикасының ұлттық күніне куә болдық. Түріктер де қазақтар сияқты қонақжай халық қой, өз елінің ұлттық тағамдарын, балмұздақ, эфир майы, басқа да жәдігерлерді көпшілікке таратып жатты. Вейсель Челикдемир халық құндылықтарын паш ететін құм шоуын көрсеткен кезде, көпшілік ризашылықтарын білдірді. «Анадолы оттары» би тобы «Хорнон» биін орындаған кезде жиналғандар әуен ырғағымен бірге өнерпаздарға қосылып кеткенін аңғармай қалды.

«Африка плаза» павильонына енгенімізде Алматының «көк базарында» жүргендей әсерде қалдық. Аумағы атшаптырым павильон ішінде 22 елдің көрмесі ұйымдастырылған. Соңғы жылдары экономикасы күрт дамыған мемлекеттер күн сәулесінен, желден қуат көздерін алуға батыл кірісе бастапты. Арасында африкалықтар өздерінің ағаштан, піл сүйегінен жасаған ұлттық нақыштағы жәдігерлерін саудалап жатыр.

Латын Америкасы, Кариб бассейні павильондарында жиырмадан астам мемлекеттің көрмесін аралаған кезде де экономикасы дамыған елдердің қол жеткен жетістіктерін тамашаладық. Бірнеше адаммен тілдескен кезде, олар ЭКСПО көрмесін биік деңгейде өткізіп жатқан қазақ елінің басшыларына алғысын білдірді.

Оңдасын Елубай

Хакерлік шабуылдан аман қалды

Көрме кереметтерін көріп қайттық

20 тамызда expo2017.astana.com сайты орналасқан серверге ауқымды Ddos-шабуыл жасалды.

Хакерлер әртүрлі IP-мекенжайлардан жүктемені түрлендіре отырып, секундына 20 мың сұрау жіберу арқылы серверді істен шығаруға әрекет жасаған. Абырой болғанда, сайттың қауіпсіздігіне жауапты мамандар шабуылға тойтарыс беріп, серверді қайта қалпына келтірді. Ал хакерлік шабуылдың барлық деректері арнайы қызметтерге жіберілді.

«Нұр Әлем» ғарыштан да көрініп тұр

Көрме кереметтерін көріп қайттық

Сфераның ерекше қасиетін оның құрылысына атсалысқан мамандар айтып берді. «Нұр Әлемнен» тарайтын жарық сәулелері 10 шақырымға дейін көкті тіліп өтетін көрінеді.

Алып шардың қасбетіне жарық эффектілерін орнатқан Sembol компаниясы «Нұр Әлем» ғарыштан да жарқырап көрінеді деген ақпарат таратты.

-Шардың дизайнын жобалаған кезде-ақ, ол алыстан жарқырап көріну керек деген идея болды. Сол үшін голландиялық компанияны көмекке шақырдық. Олар бізге арнайы материал жеткізді. Содан кейін барып лазерлік-шоу жасау идеясы пайда болды. Қазақстанның Туы, «Астананы сүйемін» деген кескіндер осылай пайда болды. Ең бастысы, жарыққа қажет электр қуатын күн мен желден сфераның өзі өндіреді, – дейді компания өкілі Рамазан Ердемир.

Араб дизайнері ағынан жарылды

Көрме кереметтерін көріп қайттық

«Хиджаб оранып, мұсылманша киінетін Катар елінде сән дизайнері не істеп жүр?» деп ойлауыңыз мүмкін. Уадхи Әли Ас-Сулейти ханым шариғат талаптарын заманауи сән үлгілерімен үндестірудің шебері ретінде танымал.

Катардың ұлттық күні қарсаңында өз топтамаларын ұсынған катарлық дизайнер көйлектің ғана 10 түрін көрсетті. Жұқа жібектен тігілген көйлектерді қазақ қыздары киіп шықты. Көйлектер араб өрнектерімен, гүлдермен көмкеріліпті.

Дизайнер шабытты аспандағы жұлдыздар мен жер бетіндегі өсімдіктерден алатынын айтады. Ол өз туындылары арқылы араб халқының киім үлгісі қара жамылып, тұмшаланып жүрумен шектелмейтінін аңғартқысы келетінін де жасырмады.

Есімжан Нақтыюайұлы

Осы айдарда

Back to top button