Тылсым дүние

Көрген түстей, сенгісіз оқиға

Көрген түстей, сенгісіз оқиға


Бұл оқиға осыдан біраз жыл бұрын болған. Жаздың жайма-шуақ күнінде әдеттегідей жайлауда ұсақ-түйек шаруаларға болысып жүрген едім. Күн шайдай ашық болатын. Кешке қарай күн кенет алабұрттанып, нөсер жаңбыр құйып кетті.

Әкем менен 2-3 жас үлкендігі бар ағама жылқыларды тауып келуді тапсырды және мені оған қоса жіберді. Ағам еті толып, құтырып тұрған қаракер бестіні ерттеп мінді. Ал сүріншек бурыл ат маған бұйырды. Екеуміз қостан біршама жер төменде ағып жатқан өзеннен өтіп, жылқыларды іздеп кеттік. Кеш қарайып кеткен, ұйтқыған жел күшейіп, жаңбырдың қатты жауғаны сонша, үстіңе тиген тамшылар бейне бір ине шаншылғандай ауыр тиеді. Жылқыларды таба алар емеспіз. Жүрген сайын шытырман бұтаға кіріп, жазыққа шыға алмадық. Менің астымдағы сүріншек бурыл қайта-қайта сүрініп, шытырман арасында жүре алмай келе жатыр. Күн жарқ-жұрқ ете қалған кезде жақын маңда біреу жүргендей елестеп, гуілдеген дыбыстар естіледі. Мұндай кезде есіңе үлкендер айтқан елестер туралы қорқынышты оқиғалар түсіп кетпесі бар ма.

Ағам екеуміз қорыққаннан болар, бір-бірімізбен сыбырласып сөйлесіп қалыппыз. Адаспай тұрғанда кері қайтайық деп шештік. Қайтар жолды таба алар емеспіз, айнала түк көрінбестей тұман басып кеткені сонша, қалың тұман арасынан біреу бас салатындай болып бойымызды үрей билеп келеді. Астымыздағы аттар біз бағыт алған жаққа қарай жүрмеген соң, аттан түсіп, жетекке алдық. Алдымыздан бір жарық көрінді.
– Мінекей біздің қостың жарығы, – деп қуанып кеттік.

Жарық жақын жерде екен, жарыққа қарай жүріп келеміз. Біршама жер жүріп келеміз, бірақ жарыққа бір қадам да жақындамаппыз. Әлі бұрынғыдай 10 аттасаң жететіндей қашықтықта тұрғанмен жақындай алар емеспіз. Жетектеп келе жатқан аттарымыз мүлдем жүрмей пысқырынып тұрып алды. Осы кезде «адассаң, атқа мін де тізгінді босат» деген әкемнің сөзі есіме түсіп кетті. Атқа мініп, аттарды өз еркімен жібердік. Астымыздағы жануарлар кері бұрылып, шаба жөнелген сәтте артымыздан айқайлаған дауыс естіле бастады. Біз жылдамдықты үдете түскен сайын дауыс жақындай түседі. Әйтеуір қосынға жақындай бере дауыс жоғалды. Бір қызығы, үйге келгенде осы оқиғаны әкеме айтып едік, ол болса ешқандай тұман түспегенін және өзеннің арғы бетінде ешқандай шытырманның жоғын, ал жылқыларды бағанағы біз өткен өзен өткелінің жанынан тауып алғанын айтты.

Ерсанат Сайынов

Осы айдарда

Back to top button