«Дидардың» қонағы

Клара ТӨЛЕНБАЕВА, Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші: – Сырнайды Ақсуатта жүргенде үйрендім

Клара ТӨЛЕНБАЕВА,   Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші:    – Сырнайды Ақсуатта жүргенде үйрендім
Мені оқуға түсірген – «Гүлдариға» мен «Жалғыз арша»

– Дәстүрлі әндер Батыс-тың, Арқаның мектебі болып бөлінетінінен хабардармыз. Сіз қай мектептің әндерін көбірек орындайсыз?

– Бұрын біз Батыс, Арқа, Же-тісу мектептері және Сыр бойы мектебі деп төртке бөлетінбіз, кейіннен өзіміздің Шығыс ай-мағының ән салу үрдісінің бөлектігі ескеріліп, Алтай-Тар-ағатай мектебін қостық. Шә-кірттерімізге де әр мектептің өзіне тән ерекшеліктерін, иірімін, орындау үрдісін, бір-бірінен айырмашылығы мен өзара ұқсастығын, домбыра қағысын саналарына құйып, үйретіп жатырмыз. Өзім Шығыста, Ақсуат ауылында туғандықтан, топы-рағыма, жаратылысыма сай орындайтыным – Арқа мекте-бінің әндері. Консерваторияда да дәстүрлі әндер бөлімінде Бекболат Тілеуханның сыныбында оқып, Арқа мектебінен дәріс алдым. Оның үстіне бір мектеппен шектелу, бір ғана Арқаның әнін орындау – әншіге үлкен сын. Сондықтан, өзіміздің дауысымыз жететін, көңілге қо-натын Батыс, Сыр бойы, Жетісу мектептерінің әндерін де үнемі репертуарымызға қосып отырамыз. Бұл жердегі ұстанымым – әр мектептің әнінің мақамын, аспапта сүйемелденуінің ырға-ғын бұзбай, сауатты түрде орындап шығу.

– Шығыстың тумасысыз, оның үстіне сырнаймен ән айтатын саусақпен санарлық әншілердің бірісіз. Көбіне Сыр бойы мектебінің әндері сырнаймен шырқалушы еді.

Сіздің сырнай аспабын таң-дауыңызға не себеп болды?

– Әкем де, шешем де өнерден кенде емес, өзіндік әу дейтіндері бар. Жалпы, өнер әкенің қаны, ананың сүтімен сүйекке сіңеді деп ойлаймын. Нағашыларым өнерге жақын адамдар. Құдайберген Байгелов деген нағашым бар. Менің бір таңға-латыным, сол кісі Шығыста туып-өсті, ал қолына домбыраны алса болды, төгілтіп тұрып Батыс мектебінің, әсіресе, Мұхиттың «Айдайы» мен «Айнам-көзін» еш өзгеріссіз, айна-қатесіз, батыстың мақамымен айтып береді. Сол әндерді естіп өстік. Шешемнің айтуынша, Омбыдан оқыған, орысша-қа-зақшаға сауатты, сол заманда өте сері, өнерге құмар, әншілік жағынан талантты Бәтіш дейтін нағашы апамыз болыпты. Бәтіш апамыздың барлық сән-салтанатымен отырған киіз үйіне алыс-жақыннан айтысуға, әнін тыңдауға көп адам келеді екен. Өкініштісі сол, Бәтіш өмірден ерте қайтыпты. Сол нағашы апамыз домбыра мен сырнайды қатар тартқан екен. «Мүмкін, сол кісіден келген қасиет пе?» деп ойлаймын кейде. Бойымдағы қабілетті ертерек байқаған болар, анашым Ақсуаттағы балалар мектебіне оқуға берді. Сыр-найға деген қызығушылығым сол мектептен басталды. Сәуле Жұмахметова деген ұстазым болды. Мен бірден ән салған жоқпын, аспапты меңгерген соң сырнайдың сүйемелдеуімен жас ерекшелігіме сай балалар әні «Айгөлек», «Ақ көгершін», «Ана туралы әнді» айта бастадым. Оның үстіне Қазақ радиосынан Жанар Айжанованың «Әсем әнім сырнайдай», «Керім-ау айдай», «Дедімай-ау» әндерін естіп өстік.

– Кейіннен Семей педагогикалық колледжінде оқы-дыңыз-ау деймін?

– Сол оқу орнына «Музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түстім. Осы жерде айта кететін жағдай, сол кездегі педколледж директоры Нәубет Қалиев өнерге бейім студенттердің әнге деген ықылас-қабілетін көріп, оларды топтастырып, халық әндері үйірмесін ашып берді. Сөйтіп, дәстүрлі әнге деген ықыласым артып, репертуарым да толыға бастады. Ал өнерімнің жетіліп, орындаушылық шеберлігімнің шыңдалуына марқұм Келденбай Өлмесеков, Мәдениет Ешекеев сынды ағалар ықпал етті. Мен үнемі олардың рухына дұға жасап отырамын. Педколледжді бітірерде Нәубет Қалиев пен Шаған Жанаева менің алғаш шығармашылық концертімді өткізіп, онда асыл ағалар бата берген еді. «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» демекші, одан соң консерваторияға оқуға түсіп, бүгінде көктеп, көгеріп жүрген жағдайымыз бар. Бірде консерваторияда талапкер болып жүргенімізде Бекболат аға бізге келіп: «Бізде қобыз, сырнай тарту өнері кенжелеп бара жатыр. Араларыңда осы аспаптарда орындаушылар бар ма?» дегені. Мен ұшып тұрдым да, екі аспапта ойнайтынымды айтып, екі ән орындап бердім. Ағамның көңілінен шыққан болуым керек, сол кісінің бағы-тымен емтиханда Абайдың «Өлсем орным қара жер, сыз болмаймасы» мен халық әні «Гүлдариғаны» сырнаймен, Біржан салдың «Жалғыз арша-сын» домбырамен орындап, оқуға түстім. Семейде Келденбай аға мені таза домбыраға салып жіберіп, екеуін қатар алып жүрсем, консерваторияда таза сырнайды жан-жақты меңгеріп, күні бүгінге дейін шәкірттерге осы дәстүр бойынша сабақ берудемін, ғылыми жұмыстар да жазып келемін.

«Нағашым» әлі де сұранысқа ие

– Соңғы кезде халық әндерін орындаушылар эстра-даға көбірек бой ұрып жүр. Осыған орай үш сұрақ: бұл тұрғыдағы ұстанымыңыз? Неше клип түсірдіңіз? Қай ән сізді танымал етті?

– Әншіге қабілет-қарымы келіп жатса, жан-жақты ашылған дұрыс. Қазіргі кезде эстрада жақсы жандануда. Біз де дәстүрлі әннің қыр-сырын меңгерген соң, эстрадаға бет бұр-дық. Жартылай жалаңаштанып, жеңіл, есер әндер айтып жүрген жоқпыз. Ең алғаш эстрадаға салып айтқан әнім – халық әні «Бұлбұлым». Өзім тыңдап көрсем, жаман емес сияқты, халық та жақсы қабылдады. Эстрадаға екінші жазған әнім – Е.Хасанғалиевтың «Гүл сезімі».

Бұл әнді маған дейін алдыңғы буыннан Мақпал апамыз керемет орындайтын. Менің орындауымдағы «Гүл сезім» де
Қазақ радиосының ән шеруле-рінде топ жарып жүрді. Соңғы кезде эстрада мен дәстүрлі әнді біріктіріп жүрмін. Ал бейнеклипке келсек, заман көшінен қалмайық деп, 2008 жылы «Жібек сезім» әніне бейнеклип түсірдік. Әннің сөзін Қалқаман Сарин, әнін жолдасым Медет Салықов жазған. «Жібек сезім» нағыз хитке айналған бейнеклип болды, мені де танымал етті. «Нағашыма» әні де сондай сұранысқа ие болып жүр. Әннің композиторы – Медет Салықов, ал сөзін кім жазғаны белгісіз. Баз біреулер оның авторы Төлеген Айбергенов деп топшылайды, дегенмен, әлі де іздестіру үстіндеміз. Жалпы дәстүрлі әнде Нартайдың «Бұлбұлын» көп орындаймын. Жуық арада тағы бір әнге бейнебаян түсірсем бе деген ойдамын, сәті де түсіп тұрған сияқты. Оны жария етпей-ақ қояйын, шыққан соң тыңдарсыздар.

– Сіз қазір президенттік оркестрде жұмыс істейді екенсіз. Шетелдерге жиі шығып тұрасыз ба?

– 1997 жылы оқуға түскен кезіміз болатын. Сол жылы қазан айында Бекболат ағамыз: «Президент оркестрі ашылғалы жатыр. Әншілерге тыңдау, конкурс жариялапты. Реті келсе, жұмысқа орналасқаның дұрыс. Оқу мен тәжірибе қатар жүреді. Сахнаға шыққан сайын төселесің, әншілік қырыңды ұштайсың» деп ақыл айтқан соң барып, байқауға қатысып едім, бағым жанып, оркестр құрамына алындым. Міне, он бес жыл болды осы оркестрде жұмыс істеп келемін. Жалғыз мен емес, менімен бірге оқыған қыз-жігіттер де студент кезімізден осы оркестрде келе жатырмыз. Президенттік оркестр болған соң біздің негізгі жұмысымыз – Қазақстанға шетелден келетін меймандарға, Үкімет басшыларына төл өнерімізді насихаттау. Негізінен Ақордада концерт береміз, өйткені, бәрі хаттамалық іс-шаралар ғой. Біраз шетелге де шықтық. Өзім Францияда, Түркияда, Қытайда болдым. Ал оркестрдің жетекшісі Талғат Бердіғұлов деген ағамыз.

– Қазіргі кезде әншілердің көбі нәпәқаларын той-томалақтан айырып жатады. Сондай тойларда сіздің сырнайға сұраныс көп бола ма?

– Оның барлығы тыңдау-шының талғамына байланысты. Ұсыныс түсіп жатса, әрине, барамыз. Бір қуанарлығы, дәстүрлі әндерге сұраныс бар. Мен халық сырнаймен орындауды сұраса, сырнаймен, эстрадаға қосылып орындауды қаласа, эстрадамен айтып беремін. Дәстүрлі әнді көбінесе тойдың басында сұрайды.

Шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін

– Өмірлік жарыңыз да өнер адамы екен. Соған орай отбасыңыз. атақ-дәре-желеріңіз жайлы да білгіміз келеді. Жалпы қазір немен айналысасыз?

– Жолдасым Медет Салықов – Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылының тумасы, дәстүрлі ән
өкілі. Бір-бірімізді студент кезімізден білеміз, Бекболат ағаның сыныбында бірге оқыдық. Консерваторияны бітірген соң, шаңырақ көтердік. Шығарма-шылық адамы болғандықтан, Медет менің өнеріме түсініс-тікпен қарайды. Оның бірнеше әні бар, елге танылып қалған композитор, «Аламан» тобының жетекшісі. Алла берген үшботамыз өсіп келеді. Тұңғышымыз – Ақкербез төртінші сынып оқушысы, қосымша өнер мектебінде жетіген сыныбы бойынша тәрбиеленуде. Айкерім – мектепалды даярлық тобында, ал кенжеміз Нұрсамат балабақшаға барады. Үйіміз-дегі биылғы үлкен жетістігіміз сол, орталық концерт залында «Жібек сезім» атты отбасылық шығармашылық концертімізді өткіздік. Онда Медеттің де әндері орындалып, ойымыздан шыққан бір тамаша кеш болды. Әке-шешеміздің бауырынан тараған алтаудан өнер жолында ағам Жанқалдыбек екеуіміз жүрміз. Ол – Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі. Театрда Мұқағали бейнесін сомдаған ол өзіндік ше-берлігі қалыптасқан актер дей аламын. Өз басым бірнеше байқауларға қатыстым. Халық-аралық «Шабыт», Әміре Қашаубаев, Майра Уәлиқызы, Кенен Әзірбаев атындағы байқаулар-дың бас жүлдегерімін және Қазақ ұлттық өнер академиясында он жылдан астам уақыт сырнай сыныбы бойынша оқытушымын. Азды-көпті он шәкір-тім бар. Солардың ішінен Еркебұлан Сәрсембеков, Рахат Бекасылов, Айдана Иманбердиева, Жанаргүл Рахатқызы, Айнұр Өнербекқызы деген шәкірттерім республикалық байқауларда лауреат атанып жүр.

– Өз басыңыздан өткерген бір қызық оқиғаңызды еске түсірсеңіз?

– Президенттік оркестрге 1997 жылдың қазан айында жұмысқа тұрып, сол айдың аяғында Қарағанды қаласына гас-трольге жүріп кеттік. Оркестр киім тігіп үлгермеген екен, «киім жағын өздерің ойластырыңдар» деді. Біз бірінші курста ғана оқитынбыз, шынын айтқанда, баламыз, костюм қайдан болсын. Бірнәрсені құрастырып, бөріктікі сияқты форма жасап, мақтаны ақ бинтпен орап және соларымызды алмастырып киіп, сахнаға шығып жатырмыз.
Сол кезде оркестрдегі бір жігіт бөрік киіп тұрған маған қарап: «Клара, сен тура бас мүфти сияқты болып кеттің ғой» де-гені. Мен болсам: «Ой, онсыз да әкемнің аты Мүпти, Клара Мүптиқызымын ғой» дедім қыстыға күліп. Сол оқиғаға, қолдан құрап-сұрап киген киімдерімізге әлі күнге дейін күлеміз. Есі-мізден кетпейді. Содан алғашқы гастролімізден келген соң, бірден киімдер тіктірген едік.

– Қазіргі әншілерге білімділігі, сахна мәдениеті жағы-нан не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Бүгінде талантты, тұлға ретінде қалыптасқан, репертуар жағынан ізденгіш әншілер өте көп. Өз басым бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, бірақ, тәңір берген талантты дамытпайтын, жалғыз әннің айналасында жүрген жалқау әншілер де бар. Мен мұны халық әніне байланысты айтып отырмын. Дәстүрлі әншілерге жаһан-дану жағы жетіспейді. Олар әндерін орындап қана жүре бере-ді, ал өздерін жариялап, наси-хаттау тұсы кемшін. Жалпы, менің пікірім, дәстүрлі әншілер телерадио арқылы көбірек насихатталса. Небір байқауларда кереметтей әншілерді көреміз, ал олар болса, сол конкурс шеңберінен аспай қалған. Менің өз пайымдауымша, әнінің бас-аяғы жұп-жұмыр, менмін деуге тұрарлық әншілер тасада қа-
лып жатыр, халық олардың кейбіреуін танымайды да. Бұл эстраданың жанында дәстүрлі ән қалтарыста қалып, тыңдалмай жатыр деген сөз емес, дәстүрлі ән кенжелемей, эстраданың деңгейімен бірдей болса деген арман ғой біздікі.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан –
Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button