Көкдауыл

Таңғалғаным, әлгінің тамақ ішкенінен бастап, жүріс-тұрысы мен жатқан-тұрғаны, қыл аяғы, үргені мен еркелегеніне дейін әкесінен аумай қалған. Мына қызықты қарасаңшы, ит екеш ит те баласына қасқыр аулауды үйретеді екен.
ИТТІҢ ДЕ ЖЫЛАЙТЫНЫ БОЛАДЫ ЕКЕН…
Келер жылы қысқа қарай Көктұйғын тағы күшіктеп, бұл жолы екі еркек, бір ұрғашы – үш күшік әкелді. Бұл кезде Көкдауылды қойып, Көкжалдың да аты атырапқа жайыла бастаған. Мұны естіген Арқаның итқұмарлары сонау Ерейментау, Көкшетаудан, тіпті Торғай жағынан арнайы іздеп келіп, кәдімгідей құда түсетін болды. Барлығы да бәйгеге ат қосып, ит ұстап жүрген, ежелден таныс азаматтар болатын. Әлгілердің біреуі бір құлынды биесін жетектей келіп, Көкжалыма қолқа салды. «Көкдауылымның алғашқы күшігі ғой» деп бергім келмеген, қоймады. Сенесің бе, бақандай үш күн жатып алды ғой, табандап. Ақыры жанымды қоймаған соң, қимасам да бердім. Сондағы Көкдауылдың қиналғанын көрсең ғой…
Осы жерде Төкең бір сәт маған тесіле қарап отырды да:
– Бауырым, сен иттің жылағанын көрдің бе? – деді.
– Жоға, Төке, ондайды көрмеппін – деймін, аң-таң боп.
– Көрмеген болсаң, тыңдай отыр. Көкдауыл бейтаныс салт атты адам әкеткен күшігінің соңынан бір күндік жерге дейін еріп отырыпты. Оны кейінірек сол күшікті әкеткен досым айтады. Ауылға қас қарайғанда оралды. Екі-үш күндей нәр татпай, қыңсылап, әбден мазасы кетті.
Қасына барып басынан, мойнынан сипалап біраз отырдым. Әншейінде маған еркелегенінде, мейірленіп тұратын ойнақы жанары оты сөнгендей боп өлеусіреп, кәдімгідей жасы сорғалап жатыр… О заманда, бұ заман иттің жылағанын кім көрген. Қайран қалдым ғой. Көкдауылдың бір қасиеті, жаны қанша қиналса да, қайсыбір иттерге ұқсап ұлымайтын.
Әңгімесінің осы тұсына келгенде Төкең сүйікті итінің суретін қолына алып, тағы да біразға дейін үнсіз отырып қалды. Төрт аяқты хайуанға осыншама көңілі кеткен сері ағаның ойын мен де бөлмедім.
Әлден уақытта барып:
– Көкдауылдың өзге иттерде бола бермейтін, қалай десем екен, общым, бір жаман әдеті болды, – деді әлдене есіне түскендей.
– Ол нендей әдет? – деп мен де елең ете қалдым.
– Қанында бар ма, кім білсін. Ол өзі жүріп-жүріп көктем мезгілінде қызылсырайтыны бар. Күндердің бір күнінде, өрісте жүрсе де, үйдің маңында болсын, аяқ астынан жын қаққандай қойға шабады.
– Қойға шапқаны несі? Сонда қалай, өзі бағып жүрген малына өзі шаба ма? – деймін қайран қалып.
– Иә, шапқанда кәдімгі қасқырлар секілді, қас пен көздің арасында бірінен соң бірін, төрт-бес қойды тамақтап тастайтын. Бірақ, жемейтін. Жарықтықтың осы мінезін осы күнге дейін өзім де түсінбей-ақ қойдым. Бұл Көкдауыл үшін жылына бір мәрте, тек көктем кезінде міндетті түрде қайталанып тұратын, жазылмаған заң секілді болатын. Мен де оған үйреніп алғам. Қойларым арам өліп қалмай тұрғандарында, шапшаңдатып бауыздап, сойып ала қоятынмын.
Бір өкінетінім, әкесіне тартпай қалғыр әлгі Көкжал да дәл осылай қойға шаппай ма бір күндері. Бұрын-соңды ондай сұмдықты көрмеген қожайыны сасқалақтап қалғаны соншалық, мылтығын жұлып ап, сол жерде атып тастапты, ақымақ… Артынан қатты өкінген көрінеді.
– Мен оны құтырып кеткен шығар! – деп ойладым, – дейді өзі.
Негізі, кінә менен болды. Мен досыма ескертіп айтуым керек еді. Бірақ ол кезде Көкжал бар болғаны бір жарым жасар күшік болатын да, сосын, бұрын-соңды ондай оғаш мінезін көрсетпеген. «Әкесінің жағымсыз әдеттерін айнымай қайталар» деп кім ойлаған. Кейін күшік алғандардың барлығына бұл жағдайды ескертіп айтатын болдым.
АҚТЫҚ АЙҚАС
Байқағаным, Төкең аты аңызға айналған Көкдауылы жайында таңды-таңға ұрып әңгімелей беруге бар екен. Әңгімесі сондай нанымды, тыңдап отырып Төкеңмен бірге аң аулап, тау-тас кезіп, қасқыр соғып жүргендей әсер аласың.
Дәрігерлер: «Жағдайыңыз жақсы боп қапты, ертең, бұйыртса шығарамыз» деген күні кешкілік Төкеңнен Көкдауылдың қалай өлгені жайында сұрадым.
Бірден «елп» ете қалмады. Біразға дейін «тырс» етпей, әлдебір ойдың жетегінде отырып-отырып, сосын тумбочкасынан керек-жарағын алып, шылым шегуге шығып кетті. Әншейінде шылым шеккенге көп айналмайтын ағамыз бұл жолы біраз күттірді…
– Сол жылы біздің өңірдің қары өрескел қалың болды, – деп бастады Төкең әңгімесін. – Ұсақ-түйек түлкі-қоянды айтпағанда, еліктердің өзі қалың қарға малтығып, қарға адым жер жүре алмай қалатын. Қар түспей тұрып, қазан айының орта тұсында-ау деймін, Көкдауыл екі күндей жоғалып кетті.
«Е, қайда кетер дейсің, келер?» деп қойғам. Үшінші күн дегенде таңертең далаға шықсам, шөптің қуысына кеп жатыпты. Шақырғаныма келе қоймағасын, барсам, қатты жараланып келген екен. Бет-ауыздан сау тамтық жоқ. Көзі-басы күмпиіп ісіп кеткен. Оң жамбасынан тиген үш тырнақтың ізіне қарап, «аюға жолығып қалған-ау, шамасы» деп топшыладым. Жарасы ырсиып тұр екен. Содан біразға дейін сол жерден шықпай, өз жарасын өзі жалап жатып алды. Үйге де кіргізбек болып едім, құлқы болмады. Екі аптадан асқанда барып ақырын-ақырын жүре бастаған. Жараланған жамбасы қатты зақымданған болса керек, қарақотырланып жазыла бастаса да, көпке дейін ауырсынып, ақсап жүрді. Күшігінен асыраған итімнің мұндай күйге душар болғаны менің де жүрегімді ауыртты, әрине.
Осылайша, күндегі күйбең тірлікпен күндер зымырап өтіп жатты. Желтоқсан туғаннан қар басып тастады. Бұл Көкдауылдың тоғызыншы қар басуы болатын…
…Бірде түс әлетінде қорадағы ірі қара малдың астын тазалап жүр едім, есік алдындағы қашарда жүрген мал дүр етіп үрікті. Селк ете қалдым. Сөйткенше болған жоқ, Көкдауылдың үрген дауысы естілді. Далаға шыға бере байқағаным, қораның желке тұсындағы тік қабақтан төрт бөрі төніп тұр екен.
Пәтшағарлардың қайдан келгенін кім білсін, бұрын-соңды кездестірмегем, өздері тіпті ірі. Қолымдағы бар қаруымның күрек қана екенін көріп-байқап тұр ғой, қорқатын емес атаңа нәлеттер.
Менің қателігім – үйден мылтығымды алып, атымды ерттеп алмай тұрып, итті айтақтап жіберуім болды. Көкдауылдың аты аталғанда, әлгі төртеуі тым-тырақай қашпаса да, жондарын күжірейтіп, алыстан болса да айбат шегіп, қабақтың ар жағына кетуге ыңғайлана бастаған. Қасында былтыр қыста туған бір күшігі бар Көкдауыл бірден соңдарына түсті…
…Мылтығымды алып, атыма міне шапқанымша, үш-төрт бел асып кеткен екен. Астымдағы бәйге жирен қалың қарға малтығып, жүрісі мандымай-ақ қойғаны. Осы кезде алдымдағы кезеңнен әуелі Көкдауылдың күшігі, соңынан азуларын ақситып ап өкшелей қуып келе жатқан екі бөрі көрінді. Жыртқыштар мені көрген бойда жалт бұрылып, қайта кезең асты. Кезеңнің ар жағы еңкейіп барып көсіліп кететін жазықтау қазаншұңқыр болатын. Еңіс бітіп, жазық басталар тұсқа таяп келгенде байқағаным, көз көрер жерде ұмар-жұмар айқас боп жатыр екен…
Кеш қалғанымды бірден түсіндім. Мен жеткенше, бес арлан жабылып, итімнің ішек-қарнын ақтарып тастаған екен. Манағы төрт бөріге тағы да үшеуі қосылыпты. Шамасы, Көкдауыл әдетінше қасқырларға таяп барғанда, алғашқы төртеуі жалт бұрылып, тап берсе керек. Осы кезде кейін шегіне қашпақ болған итімді оң қапталдан шыға келген үш көкжал тарпа бас салғанға ұқсайды. Талай тартыс пен айқасты көрген Көкдауылым олардан да бірдеңе қып сытылып, құтылып кетер ме еді. «Соңғы алған ауыр жарақаты мен қардың шамадан тыс қалыңдығы өз дегенін істеп баққан-ау!» деп ойлаймын. Оның үстіне, тоғыз жас дегеніңіз ит баласына әжептәуір жас боп саналады. Жыртқыштар әуелі итімнің шабын жарып жіберіп барып, құлағынан бастап, бас терісін жалбырата жыртып, аяқтарына дейін шайнап тастапты.
Осылайша, бір айлық күшік күнінде сонау Ұлытаудан келіп, көп жылдар өзін осы төңіректің қожасы санап келген Көкдауылдың дәуірі аяқталды, – деп қолына тағы да итінің суретін алаған Төкеңнің жүзіне қарасам, жанары жасаурап кеткен екен…
P.S. Иә, ит болса да өмірінің соңына дейін иесіне деген адалдығынан танбай кеткен Көкдауыл жайында әңгімені естігеніме де биыл он алты жыл болған екен.
Ит жылы кеп жатқанда, осы бір естелік-әңгіме еріксіз ойға оралған…
Серік Құсанбаев