Журналистік зерттеу

\”Көк китке\” көгенделген жеткіншектер

"Көк китке" көгенделген жеткіншектер


Өткен аптада облыс орталығында оқушылар арасында өздерін-өздері жаралаған екі факт тіркелгені белгілі болды. Бұл өлімге әкеліп соғатын «Синий кит» виртуалды ойынына қатысты болуы мүмкін деген болжамды сенімді ақпарат көздері алға тартады.

Ал Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов Мәжілісте өткен үкімет сағатында бүгінгі таңда республика көлемінде қауіпті виртуалды ойындарға тартылған кәмелетке толмаған 63 баланың тіркелгені және он бес жеткіншектің денелеріне әртүрлі жарақат салғандары туралы мәлімдеді.

Облыста тіркелген бірінші жағдайда құқық қорғау орындарына баланың анасы хабарласқан. Шешесі 6 -сыныпта оқитын 2004 жылы туған қызының қолынан бритвамен тілінген іздерді көріп, сұрастырғанда, жеткіншек әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан ойынның деңгейінен өтпек болғанын айтыпты. Екінші жағдайда ақпарат Өскемен қаласындағы №2 травмпункттің дәрігерінен келіп түскен. Бұл жерге келген қыздың білегінде де сондай жарақаттар қалған. 1998 жылы туған 16 жастағы қыз жарақатты бір күн бұрын түнгі 23.00-де «Көк кит» ойынының деңгейінен өту мақсатында салғанын жасырмай айтқан. Құқық қорғау орындарының мамандары бойжеткеннің үйінен ноутбугын, ұялы телефонымен қоса екі дана бритва, этил спиртін, көк сияны тапқан. Бұл заттардың барлығы тексеріс жүргізу үшін алынды.

Біз осы деректердің анық-қанығын білу үшін облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаевпен хабарласқан едік.

– Қазір аталмыш фактілерге қатысты тексеру жұмыстары басталды. Бұл мұқият зерттеуді қажет етеді. Өйткені жастары өтпелі кезеңдегі балалар өздеріне назар аудару үшін барлығын ойдан шығарулары да мүмкін. Суреттерін әлеуметтік желілер арқылы таратады. Оларға осындай «крутой» ойындарға қатысу, сол арқылы сыныптастары алдында танымал болу маңызды сияқты болып көрінеді. Мен ата-аналарға ескерте кеткім келеді. Бүгінгі таңда барлық білім ошақтарында мектеп инспекторлары, психолог мамандар жұмыс істейді. Егер жеткіншектің бойынан қандай да бір өзгеріс байқасаңыздар, солардың көмегіне жүгініңіздер, – деген түсініктеме берді Бақытжан Торғаев.

Он алты жастағы бойжеткен облыстық жүйке аурулары диспансеріне жатқызылды деп естігенбіз. Бұл деректі емдеу мекемесінің бас дәрігері Мирхат Мұқашев жоққа шығармады.

-Сондай жағдайдың орын алғанын растаймын. Бірақ пациент жайындағы мәліметтер дәрігерлік құпия болғандықтан, сізге басқа ешқандай дерек бере алмаймын, – деген Мирхат Хасенұлы осындай проблемамен ұшырасқан ата-аналарға кеңесін де айта кетті.

Бас дәрігер жеткіншектердің өзіне-өзі қол жұмсауы, денесіне зақым келтіруі психологтан гөрі психиатр маманның бақылауын қажет ететінін ескертті. Баласының бойынан осындай келеңсіз жайттарды байқаған үлкендер оны психиатр мамандарға көрсеткендері дұрыс. Кейбір ата-аналар баласы психиатрдың қабылдауында болса, бірден есепке алынады деген жаңсақ пікірде. Жеткіншекпен мамандар алдымен әңгімелеседі, оның үстіне диспансерде барлық қызмет тегін көрсетіледі. Пациент туралы кез келген мәлімет құпия сақталады, оған біздің көзіміз анық жеткенін де айта кеткен орынды болар.

«Басын құмға жасырған түйеқұсқа» ұқсамайық

Соңғы кездері жасөспірімдер арасында «синий кит», «тихий дом», «5 минут до суицида», «море китов», «разбуди меня 4.20» сияқты өзіне-өзі қол жұмсауға әкеліп соғатын виртуалды ойындардың кең тарауы, әсіресе, олардың әлеуметтік желілер арқылы таратылуы қоғамда қатты алаңдатушылық тудырып отыр. Біреулер бұл мәселеге «керуен көшеді, ит үреді» деп қарау керек, «теріс жарнама да жарнама» деген пікір айтса, енді біреулер «ауруын жасырған өледі», психикасы әлі дұрыс қалыптасып үлгермеген балаларымызды бұл тажалдан қалай құтқарамыз» деп аласұруда. Біз сонымен қатар «вертер синдромының» бар екенін де ескеріп, бұл жағымсыз құбылыстың маңында даурықпа тудырмауды ойлаған едік. («Вертер синдромы» дегеніміз – көп жазылып-айтылған жаман қылмыстардың қоғамда бірден өршіп кетуі. Бұл терминді америкалық әлеуметтанушы Дэвид Филлипс енгізген. Бұған еліміздегі әжетханаларға тасталған шараналар, өздерін-өздері өртеп жіберу сияқты оқиғалар мысал бола алады. Авт.) Алайда, жоғарыдағы ресми тіркелген фактілер бұл – балалардың жай ғана «ермегі» емес екенін, желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерімізге шын мәнінде қауіп төніп тұрғанын көрсетеді.
Бұған дейін де облыстық прокуратура бірінші басқармасының басшысы Рустам Шидердинов Семей қаласында кәмелет жасына толмаған екі оқушының жүгенсіз желілердің жетегінде кеткендерін анықтағандарын хабарлаған-ды. Абырой болғанда, жасөспірімдер ешқандай тапсырмаларды орындап үлгермепті. Осы жәйттерді ескере келе біз «басын құмға жасырған түйеқұсқа» ұқсамай, мамандардың пікірлеріне құлақ салып, осы бағытта қандай шаралар атқарылып жатқанын білуді жөн көрдік.

«Көк киттің» шырмауына түскендерді қалай анықтаймыз?

Облыстық білім басқармасының жаңа технологиялар орталығында онлайн режимінде бас қосқан әлеуметтік педагогтар, мектеп психологтары мен құқық қорғау орындарының мамандары қалыптасқан жағдайда жасөспірімдерді виртуалды әлемнің сұмдықтарынан қалай қорғаудың жолдарын талқылады.

Жас өмірге балта шабатын ойындардың әлеуметтік желілер арқылы тарайтынын ескерсек, ең алдымен осы бағытта жұмыстар қолға алынған көрінеді.
Қалалық отбасын және балалықты қолдау орталығының мамандары 24 сайтқа мониторинг жүргізіпті. Соның нәтижесінде өлімді насихаттайтын 14 топ анықталса, оларға 161 пайдаланушы жазылған. Бұлар облыс орталығындағы мектептердің, колледждердің оқушылары. Бұл деректер де нақты деуге келмейді, өйткені балалар жалған электронды мекенжай берулері немесе басқа біреудің телефонынан кіруі мүмкін.

– Негізінде біздің басты қызметіміз – жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету. Ал мониторингті жүргізуді өз бастамамызбен қолға алғанымызбен, бізде желілерді сүзгіден өткізетін оңтайлы бағдарлама жоқ. Біз барлық сайттарды кезек-кезек ақтаруға мәжбүрміз, бұл көп уақыт алады, оның үстіне нәтижесі де төмен. Бізге компьютер мамандары жақсы бағдарлама жасап берсе», – деген өтініштерін білдірді онлайн режимінде байланысқа шыққан орталық мамандары.

Семинардың арнайы қонағы, Петропавл қаласынан байланысқа шыққан «Интегро» жобасының жетекшісі Юлия Киселева суицидке бағытталған сайттарды тиімді мониторингтеуге арналған бағдарламамен таныстырды. Көрші облыстың бағдарламашылары ойлап тапқан компьютерлік жобаның ерекшелігі – бағдарламаға проблеманы айқындайтын кілт сөздер енгізілсе болғаны, ол осы сөздерді қолданатын барлық пайдаланушыларды бірден анықтайды. Әр парақшаны жеке-жеке ақтарып отырудың қажеті жоқ. Тексерулердің қорытындылары жайлы есепті білім басқармасы мен прокуратура мамандары да көре алады.

Осыған ұқсас жоба біздің облыста да бар екен. Әлеуметтік желілерді зерттеудің қанатқақты жобасы облыс орталығындағы №12 және Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектептерде былтыр енгізіліпті. №12 мектептің әлеуметтік педагогы Татьяна Гузиченконың айтуынша, IT-мамандары жасап шығарған арнайы бағдарлама оқушылардың әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын талдауға мүмкіндік береді екен. Балалардың көбі «майл.ру» желісінде тіркелген, бұған қоса «фейсбук» және «одноклассники» желілері тексеріліп тұрады.

– Алдымен 6-11 сынып оқушыларының IР-мекенжайларын анықтау бойынша көп жұмыс атқарылды. Қазір ол деректер ата-аналарының келісімімен мәліметтер базасына енгізілген, сол бойынша осы уақытқа дейін он рет мониторинг жүргіздік. Бағдарламаның кемшілігі, ол вацап, инстаграмм секілді желілерді тексере алмайды. Ал қазір виртуалды ойындар негізінен ұялы телефондардағы осы желілерде таратылып жүр, – дейді педагог.

Жаңа технологиялар орталығы мамандарының түсіндіруінше, аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты – парақша иесінің жалпы көңіл күйін аңғару, оның қандай топтарда тіркелгенін анықтау. Содан кейін талдау жүргізіледі. Балалар еліктегіш, олар парақшасының бетіне қай топта тұрғанын білдіретін мәліметтерді бірден қоя береді. «Хочу умереть», «демоны», «один во Вселенной», «типичный суицид», «жестокий мир» сияқты жазбалардан баланың өлімге үгіттейтін топтардың шырмауында қалғанын аңғару қиын емес. Психолог маманның барлық оқушылардың парақшаларын күн сайын тексеруге мүмкіндігі жоқ, ал бағдарламаның тиімді тұсы да осы – қолданушылардың жазбаларын автоматты түрде бақылап отырады екен. Ал вацап жеке жазба болғандықтан, оны зерттеуге рұқсат берілмейді.

«Сені түсінетін мен ғана…»

Татьяна Гузиченко әлеуметтік желілердегі бір қарағанда ешқандай залалы жоқ сияқты көрінетін парақшалар жайында айтып берді.

Алдымен әдемі, жаныңды жайландыратын әуен естіледі. Балаға «көзіңді жұмып, өзіңді теңіз жағасында жатқандай еркін сезін» деген сияқты кеңес беріледі. Мұндай бұйрықтар баланың еркін билеуге, оны өз ырқына көндіруге бағытталған, алайда, жеткіншек оны аңғармайды. Ұнатып қалса, тағы кіреді. Келесі жолы «сені түсінетін ешкім жоқ, маған бәрін айтуыңа болады» деп, тағы да өзіне қарай бейімдейді. Осылайша бала жанын түсінетін виртуалды дос тапқанына қуанады. Одан кейін жас өрім жаңа «досы» берген тапсырмаларды қалай орындағанын, өмірден қалай баз кешіп кеткенін сезбей де қалады. Әсіресе, жаны жалғызсырап жүрген немесе өзіне сенімді емес, бұйығы балалар қорқынышты ойындардың құрығына тез түседі. Бұл жерде психолог мамандардың, ата-аналардың қолдауы мен көмегі көп рөл атқармақ.

№3 орта мектептің психолог маманы Гүлмира Ғарифуллина оқушыларды теріс іс-әрекеттерден, әлеуметтік желілердің кесірінен психолог маман, пән мұғалімдері, ата-аналар және сынып жетекшісінен құрылған төрттік одақтың бірлескен жұмысымен ғана құтқаруға болатынын айтты. Олардың әрқайсысы да жеткіншектердің мінез-құлқындағы, оқу үлгеріміндегі өзгерістерге үнемі назар аударып отырулары қажет. Сонымен қатар отбасының кішкене мүшелері өздерін әке-шешелері жақсы көретініне, кез келген проблеманы бірлесе шеше алатындарына сенімді болулары керек. Аталмыш білім шаңырағында, отбасында осындай жайлы жағдайларды қалыптастыру үшін ата-аналармен арнайы семинарлар өткізіліп тұрады.

Баласының мінез-құлқынан жағымсыз өзгерістерді байқаған ата-аналар мектеп психологтарынан немесе 8(7232) 70-18-28 телефоны арқылы кеңес алуларына болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button