Руханият

«Кербез» франция халқын тамсандырып қайтты

«Кербез» франция халқын тамсандырып қайтты

Биылғы тамыз айында Францияда өткен әлем елдерінің «Мәдениет және Дәстүр» атты халықаралық фестиваліне Семей қаласындағы облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Кербез» фольклорлы ансамблі өнер көрсетіп, гексагон елін таңғалдырып келді.
Осыдан 90 жыл бұрын Семей өңірінің тумасы, еліміздің мәдени және тарихи болмысындағы ірі тұлға Әміре Қашаубаев Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде болған этнографиялық концертке қатысып, тыңдаушыларын тәнті қылған болатын.
Ұлы өнер иесі атындағы филармония 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Франция елінде осымен 140-ыншы рет өтіп отырған әлем халықтарының мәдениеті мен дәстүріне арналған фестивальға қатысып, халқымыздың төл өнерімен таныстырды.
Фестивальға Қазақ елімен қатар Кения, Эквадор, АҚШ, Аргентина, Лаос, Румыния, Колумбия, Индонезия, Италия, Мексика, Испания сияқты елдер де қатысты.
Фольклоршылар фестивалінің ашылу салтанаты Париждан 450 шақырым жерде орналасқан Блан қаласында басталып, Конфоле, Кюганд қалаларында жалғасын тапты. Әртістеріміз күніне сегіз мың көрерменге концерт қойып, халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі «Беташар», «Бесікке салу» рәсімін көрсетті.
«Кербез» фольклорлы ансамблінің әншісі Мапруза Өтеленованың орындауында «Сәулем-ай», «Бипыл», «Дедімай-ау», «Дудар-ай» әндері шырқалды. Сонымен қатар, хакім Абайдың «Төр жорға» күйі, семейлік композиторлар Кенжебек Алдекеновтің «Жаңа ғасыр» және Рахымбек Ноғайбаевтың «Атамекен» күйлері орындалды. Құрманғазының «Балбырауын» күйі павлодарлық «Шернияз» би тобының мың бұралған биімен көркемделді. Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйіне астаналық «Ару-ай» тобының бишілері ұлттық әшекейлерімізді көрсетіп, француздықтарға оның философиялық, эстетикалық мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Концерттік бағдарлама соңында халқымыздың буын биі «Қара жорға» биленді.
Фестиваль соңында «Кербез» фольклорлы ансамблінің жетекшісі Гүлбахрам Мұсабекова, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, «Шапағат» медалінің иегері Мапруза Өтеленова, дәстүрлі әнші Алтын Смасейітова, Айжан Салиева, Нұрлан Төкей, Аманғайша Қалиева, Алмагүл Малғаждароваға арнайы сертификаттар табысталды. Блан қаласының мэрі «Кербез» фольклорлы ансамбліне арнайы Блан қаласының медалін және кітабын табыс етіп, қазақ халқына бақ-береке тіледі.
Енді дәстүрлі орындаушыларымыз Бразилия еліне шақырту алып отыр.

Анар Қуанғалиева,
Семей қаласының мәдениет
және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Осы айдарда

Back to top button