МерекеТОП

Қазақ халқына алғысымыз шексіз

Алғыс арқалаған адамның абыройы қашан да асқақ болады. Өйткені алғыста бір құдірет бар! Мұны біздің халық ертеден-ақ білген.  «Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» дейді халық даналығы. Ал алғыс алған ұлттың  ұлы мұратқа жетері сөзсіз Осы орайда  1 наурыз  – Алғыс айту күніне орай облыстық Достық үйінде «Ұлт, ұлысқа ортақ үй  – Қазақстан» атты мерекелік шара өтті.

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, шығармашылық ұжымдар, «Ассамблея жастарының» белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерекелік шараға жиналғандар алдымен Достық үйінің фойесіндегі этнографиялық музей мен этномәдени бірлестіктердің   көрмесін тамашалады.

«Өткен күнде белгі бар». Қиын-қыстау заманда ұлы далаға жер аударылып келген қаншама ұлт өкілін бауырына басқан қазақтың бауырмалдығында шек жоқ-ау! Жүдеп-жадап келгендердің көзінің жасын сүртіп, демеу болған қазақ халқына  бүгін өзге ұлт өкілдерінің ризашылығы шексіз.   Көрмеге қойылған жәдігерлердің әрқайсысы өткен күннен сыр шертеді, қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің салты мен дәстүрінен, мәдениетінен хабар береді.

Концерт залына жиналған қауым LED-экраннан облыстық Достық үйінің құрылу тарихы, оның ұлтаралық достық пен келісімді нығайту жолында атқарған жұмысы туралы тақырыптық бейнероликті де тамашалап, біраз мағлұмат алды.

Салтанатты шарада   Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті мүшесі Лео Шик, Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Геннадий Пуссеп, сондай-ақ облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.

Сіздерді бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Еліміздегі достық пен бейбітшілікті дәріптеуде Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбегі зор. Өздеріңіз білесіздер, еліміз тәуелсіздігін алған жылдары көптеген пасық ойлы адамдар қазақтың ел  болып, мемлекет құрып кететіндігіне күмәнмен қарады. Бірақ олардың ойы іске аспады. Біз көпұлтты ел болсақ та, бір-бірімізбен тіл табысып жұмыс істей алатындығымызды, бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кеше алатындығымызды дәлелдедік, – деді облыстық Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков.

Алғыс айту күніне орай біраз адам Қазақстан халқы Ассамблеясының төсбелгісі және алғыс хаттарымен марапатталды.  Марапатқа ие болғандардың ішінде  кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Мариф Фараджев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әскерхан Хуанбай, «Мұсылман ханымдары» бірлестігінің төрайымы Мараш Зияшқызы, «Видергебурт» неміс мәдени орталығының белсендісі Галина Миллер және тағы басқалар бар.

Бұдан кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Залда жиналған қауым   «Арабеск» хореографиялық ансамблінің,   «Вдохновение» вокалдық квартеті мен  «Ажарым» вокалдық тобының, «Вайнах» хореографиялық ансамблі мен жекелеген әншілердің өнерін тамашалады.

Бүгінгі мереке – көктемнің өзіндей өте шуақты мереке. Қазақстанда тіршілік етіп жатқаннан кейін біздің қазақтарға айтар алғысымыз шексіз. Кезінде 1933 жылы менің атамды Қазақстанға жер аударған екен. Осы ұлы далада, Қарағанды жерінде менің атамның ізі қалған. Әртүрлі ұлттың өкілдері болсақ та біз өзара түсіністікте өмір сүруге тырысамыз. Бұған Достық үйлерінің де сіңіріп отырған еңбегі зор.   Біздің этномәдени орталықта тек беларусьтер ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де бар. Біз бірге ән саламыз, барлық мерекені бірге тойлаймыз, – дейді беларусь этномәдени орталығының төрайымы Галина  Борисович.

Мейрам Екпін

 

Осы айдарда

Back to top button