Қоғам

Жұртшылықты жергілікті өніммен қамтамасыз етіп отыр

Азамат Темірбеков

Жер ананың сыйын жер көгермей жатып кәдеге жарату екінің бірінің қолынан келе қоятын іс емес екені бесенеден белгілі. Оның үстіне қытымыр қысы алты айға созылатын өңір үшін бұл тіптен оңай шаруа емес. Десек те, ақпанның ақ бораны аяқталмай жатып көкөніс өсіруді бастап кететін диқандар біздің өңірде де аз емес. Солардың бірі – Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка ауылының тұрғыны Мушохира Төлеубаева. Бес жыл бұрын ауласында кішігірім жылыжай ашып, көшетхана ісін бастаған кәсіпкер  бүгінде бұл істі отбасылық бизнеске айналдырған.

Ақпан айынан бастау алады

2015 жылы жай ғана бақшадағы жылыжайдан басталған бизнес бүгінде 50 сотық аумаққа жайылған. Мұнда дәмтатымдық шөптер мен көкөніс өсіру қарекеті жыл он екі айға созылмаса да, ерте көктемде басталып, қара суықтың лебі сезілетін қарашаға дейін жалғасады. Ол үшін арнайы тоқылған темір тордан жылыжайдың қаңқасы жасалып, үсті ауа райының өзгерістеріне төтеп беретін төзімді үлдірмен жабылған.

– Жұмысымызды осыдан бес жыл бұрын бастағанбыз, – дейді Мушохира Төлеубаева. – Бүгінде көкөніс отырғызатын жалпы жер көлемі 50 сотық болса, оның 30 сотығында жылыжайлар орналасқан. Бір жылыжайдың аумағы төрт сотық жерді алып жатыр. Жалпы, өзіміз өсіретін өнімдерді біз екі кезеңде отырғызамыз. Мысалы, жылыжай ішіне отырғызылатын көкөніс түрлерін ақпан айынан бастап еге бастасақ, даладағы жұмыстарды ауа райы күрт бұзылып, күн суытатын Құралай амалынан кейін ғана бастаймыз. Сол кезде қолымызға кетпенімізді алып, жер өңдеуді бастап кетеміз.

Көктемде шаруашылықтағы жұмыстар негізінен жасыл пияз, салат жапырақтары мен шалғам өсіруге бағытталады. Өйткені тұтынушылар көбінесе шалғамды көк сорпа дайындауға алса, салат жапырақтары мен жасыл пиязды қоғамдық тамақтану орындары қажетсінетін көрінеді. Дәмтатымдық өсімдіктердің маусымы аяқтала жылыжайда жетіліп қалған қиярдың, қызанақтың, бейжің қырыққабатының, кәдіш пен асбұршақтың көшеттері отырғызыла бастайды.

– Көкөніс көшеттері мен дәмтатымдық өсімдіктерді жүйектерге араластыра отырғызамыз, – дейді Мушохира Төлеубаева. – Бұл бір жағынан өсімдік сабақтарының ұйысып өсуіне жол бермесе, екіншіден, дәмтатымдық өсімдіктерді жаз бойы саудаға шығаруға мүмкіндік жасайды. Жалпы, жылыжайда қызанақ пен қиярдың бір емес бірнеше түрін өсіреміз.

Жылыжайлардың сапасы да жаман емес. Барлығы күрделі есептеліп, Қазақстанның қоңыржай белдеулеріне арнап жасалған. Жылыжайлардың темір қаңқасы 50 градустық аптап ыстық пен 50 градустық шыңылтыр аязға төтеп беретін корей үлдірімен жабылған. Жылыжайлар арасында 2,5-3 метрлік арақашықтық та сақталған. Неге дейсіз бе? Өйткені қыс мезгілінде қалың түскен қар күн жылына осы аралықтарға ағып түсіп, топырақтағы ылғалды арттырады.

– Корей үлдірінің кепілді мерзімі бес жыл, сондай-ақ қалыңдығы 1,5 миллиметрлік түрік үлдірін де бірнеше жылыжайға жаптық. Бұл үлдірлердің қалыңдығы соншалық, оларды пышақпен кесудің өзі күш, – дейді Мушохира Төлеубаева.

Көшет отырғызуды ақпан айында бастайтын отбасы жылыжайдың қос бұрышына «буржуйка» пешін орнатып іске кіріседі.

– Ақпан айында жылыжайдың екі бұрышына екі темір пеш орнатып, жасыл пияз егеміз. Үлдірден өткен күннің сәулесі мен пеш жылуынан жылыжай іші әжептәуір ысиды. Осының арқасында біз наурыз бастала, Шығыс Қазақстанның бірнеше өңірлерін өзімізде өсірілген жасыл пиязбен қамти бастаймыз, – деп қосты ол.

Суарудың жаңа жүйесін жасады

Суықтың лебі сезілсе, солып қалатын көшетті күтіп-баптаудың қаншалықты қиын әрі тәуекелі көп жұмыс екенін білетін олар соңғы жылдары суарудың заманауи жүйелерін де меңгере бастады. Көпбалалы отбасылар санатына жататын бұл жанұя бірқатар мемлекеттік қолдауларды өз істеріне жаратып, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре бастады. Осылайша, жылыжай бизнесінің тасын өрге домалатуды ойлаған Мушохира Төлеубаева бес баланың анасы ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша мемлекеттік грант алып, отырғызылатын дақылдарды тамшылатып суару әдісімен өсіруге мүмкіндік алды.

– 560 мың теңгелік грантты осы тамшылатып суару технологиясын қолдану үшін алдым, – дейді Мушохира Төлеубаева. – Әрине алған қаражат аталмыш жүйенің құрылғыларын толықтай сатып алуға жетпеді. Дегенмен, тамшылатып сурау үшін арнайы жасалған лента-түтіктерді сатып алуға мүмкіндік берді. Мұндай лентаның бір орамасы 56 мың теңгенің төңірегінде тұрады. Ал біздің бақшамыз үшін осындай түткітің он орамасын сатып алуға тура келді.

Бұл бір жағынан суаратын суды үнемдесе, екінші жағынан көкөністердің тамырын құрғатпай, сабақтарының ерте бастан сарғайып кетпеуіне жағдай жасайды. Бұған дейін көкөністерді шашыратып суарып келген олар жаңа технология арқылы судың шынымен де үнемделіп, қаражаттың босқа шығындалмайтынына көздері жеткен.

Тапсырыспен өсіреді

– Тұтынушыларымыз Бородулиха, Шемонайха аудандары мен Семей қаласының азаматтары, – дейді Мушохира Төлеубаева. – Әзірге өзіміздің өнімдерді сататын жекеменшік сауда нүктеміз жоқ. Барлық жұмысты тек тапсырыспен ғана байланыстырып отырған жайымыз бар. Тапсырыс болмай қала ма деп қорқып та қоятынымыз рас. Дей тұрғанмен, «шегірткеден қорыққан егін екпес» демекші, осымен бизнесімізді тоқтатып қою  ойымызда жоқ. Ендігі бір арманымыз – жергілікті билік өкілдері Семейден немесе Өскеменнен өнімдерімізді саудалайтын бір сауда нүктесін ашуға көмектессе дейміз.

Бүгінде азаптанып өсірген көкөністерін арзанға саудалап отырғанын алға тартқан ол кей кездері өтпеген дақылдардың босқа шіріп кететін жағдайларының да болып тұратынын айтады. Өзге өңірлер мен шетелден тасымалданатын өнімнің жергілікті тұтынушыға бір бағаның үстіне екінші баға қосылып, қымбаттап жететін айтқан Мушохира, өз қолымен өсірілген сапалы әрі экологиялық таза көкөністерді осындай сауда нүктесі болса, әлдеқайда арзанға сатып, өзінің ісін де дамытып, өзгенің көңілін де жайландыратынын тілге тиек етті.

Жұмыспен қамтып отыр

– Бастапқыда көкөністі даладағы алқапта өсірген едік. Кейін ол жердің құжаттамасы дұрыс болмай қалды. Ендігі амалымыз –  басқа жаққа көшуді ойлаған көршілеріміздің үйлерін сатып алу. Сол себепті, биыл көрші үйді сатып алдық. Бізге үй емес, оның жері керек. Өзім Сарыағаштың тумасымын. Жолдасым – Семейдікі. Екеуіміз бас қосқан соң осында келіп ісімізді бастадық, – дейді Мушохира Төлеубаева.

Бірнеше жыл бұрын оңтүстік өңірден апайын көшіріп әкелген ол алдағы уақытта мұнда кіші сіңілісін отбасымен алып келмек. Жергілікті жердің де азаматтарын жұмыспен қамтып отырған отбасы жылыжай шаруашылығын жүргізуге көбінесе осы іске ебі бар оңтүстік өңірдің адамдары қажет екенін айтады.

– Бақшамызда жұмыс істеп, табыс тапқысы келетін ауыл азаматтарына есігіміз қашан да ашық. Оларға жұмыс ақысы мен түстік астарын күнделікті беріп отырамыз. Алайда көпшілік жазда іші қапырықтанып кететін жылыжайда жұмыс істегенді ұнатпай, қан қысымым жоғары, я болмаса арқам ауырады деген сылтаулар айтып, екінші күні шықпай қоятын жайлары аз емес. Сол себепті, бұл жұмысқа көп жағдайда жермен еңбек еткен оңтүстік облыстағы ағайындар ғана шыдап жатады, – дейді Мушохира Төлеубаева.

Бүгінде ауылдағы көпбалалы екі отбасының ересек мүшелерін жұмыспен қамтып отырған ол жұмыс қызатын жаз маусымына қарай Сарыағаштан бес-алты адамды алдыратынын да атап өтті.

– Әр көкөністі өсірудің өзіндік құпиясы бар. Оны қолы білетін адамдардың өсіргені жөн. Сол себепті менің оңтүстік өңірлерден алдырған жұмысшыларым таңғы сағат бестен тұрып, қияр жинай бастайды, – дейді Мушохира Төлеубаева.

Осылайша, жылыжай бизнесін алға бастырған отбасының ендігі мақсаты – облыс орталығының кісі аяғы басылмайтын жерінен сауда нысанын ашу. Олар қала билігі көпбалалы отбасына қолұшын созып, көмек көрсетсе, көкөністі таңғы уақытта жеткізіп, түске дейін арзан бағада саудалайтын орынның ашылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар шаһар жұртшылығын химиялық қоспасыз таза әрі сапалы өсірілген жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік болатынын айтады.

 

(Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді.)

 

Осы айдарда

Back to top button