Қоғам

Ирандықтар ет комбинатын салмақшы

Ирандықтар ет комбинатын салмақшы


«Agroportal» иран-қазақ кәсіпорны қайтадан аяқтан тұрды. Жер мәселесіне байланысты өткен жылы өңірлік индустрияландыру картасынан шығып қала жаздаған жоба қайта жанданып келеді. Облыс әкімі Даниал Ахметов ирандық инвесторды қабылдап, мәселелерін тыңдады.

Жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба Семей қаласының «Өндіріс» индустриялық аймағында ет өңдейтін комбинат салуды көздейді. Кәсіпорын жылына 10 мың бас ірі қара етін, 100 мың бас қой етін өңдейтін болады. Жоба екі жыл бұрын қолға алынғанымен, жер телімін рәсімдеу бойынша қайшылықтар туып, әупіріммен шешілген екен. Ендігі мәселе индустриялық аймаққа 4,5 шақырым болатын теміржол торабын тарту болып тұр.

-Ол торапты «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша тартуға әзірміз. Өйткені, оның игілігін «Өндіріске» енген өзге кәсіпорындар да көретін болады, – деді аймақ басшысы.

Иран тарапы бұл жобаға қазірдің өзінде 700 мың доллар көлемінде инвестиция құйғандарын атады. Бұл ет өңдеуге қажет құрылғының жарты бағасын құрайтын көрінеді. Инвестор шикізат тапшылығына тап болмас үшін облыс аумағынан мал бордақылау алаңын орнатуға ниетті. Облыс басшысы бұл ұсынысты да қолдайтынын айтты.

-Шикізат табу бойынша да, құжат ресімдеу бойынша да көмек көрсетіледі. Тиісті сала басшыларына бұл мәселені мұқият қадағалау қажет. Инвестор ешқандай қолайсыздық сезінбеуі керек. Аягөз, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарынан өзге өңірлер де шикізат жеткізуге атсалыссын. Қажет болса, әр қожалық қай уақытта қанша бас мал өткізетінін кестеге енгізіңіздер, – деген аймақ басшысы жобаның барлық құжаты келер жылдың ақпан айына дейін тұтас мақұлдану керектігін ескертті. Осыдан кейін ет жеткізуші қожалықтармен меморандум жасалуы тиіс.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, өңірдегі қой саны екі миллионға жетеді. Жыл сайын 100 мың бас қойды етке өткізу біз үшін айтарлықтай қиындық тудырмауы керек. Ал сиыр етімен қамтамасыз етуде Жарма ауданындағы «Sembell» ЖШС салған 3000 бастық мал бордақылау алаңының мүмкіндіктері пайдаланылмақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button