Тылсым дүние

Иен қорада шашы жалбыраған қыз

Маскүнемдік ауруына шалдыққан жанның көзіне неше түрлі жын-шайтанның елестей беретіні бар. «Мен жапан түзде жылаған баланың дауысын естідім. Мен үйде дәл жанымнан әлдебір мақұлықтың ысылдаған демалысын естідім. Мен…мен…». Мұндай әңгімелерді, шынын айту керек, бәріміз естіп жүрсек те, көп мән бере бермейміз. Ғалымдардың айтуынша, адам организмі шаршап, әлсіреген кезде көзге мұндай елестер көрінеді-мыс. Шын мәнінде ол басқаға емес, тек жаңағы әлсіз организм иесіне ғана байқалады.

Иен қорада шашы жалбыраған қызМен Жаңа тілек ауылының тұрғыны Дінахмет Күмісбаевты бала жасынан білемін. Ол былайынша қутыңдағанымен бір сөзді, турашыл азамат. Сол жігіттің бір әңгімесі есімде қалыпты.

– Ана бір жылдың жаздыгүні мал іздеп, Шыңырау ауылының бір қыстағына бардым, – деп бастаған-ды ол әңгімесін. – Жанымда бір жігіт (атын ұмыттым) бар. Кешқұрым уақытта иен тұрған, мал қамайтын қашарға таядық. Жоқ іздеген жан үшін иен тұрған мал қора да көңілге медеу. Іздеген малың осы қораның ішінен шығып қалуы әбден мүмкін ғой. Ойымызда түк жоқ, көлігімізді қаңтарып, әлгі қораға кірдік. Мен алдыда едім, кіріп келген бетте ұзын қораның ортасында шашы жалбырап, ойнап отырған 4-5 жасар қызды көріп, жүрегім зу ете қалды. Артымдағы жігіт те оны көрді. Сөйткенше болған жоқ, шыңғырған, болмаса күлген секілді бір дауыс шықты да, әлгі қыз бала бейне аспанға ұшып кеткендей, болмаса жерге сіңіп кеткендей, ізім-қайым жоқ болды. Жүрегіміз тас төбемізге жетіп, далаға ытқып шығып, шыбын-шіркей қашып келеміз. «Көрдің бе?» деймін жанымда жүгіріп келе жатқан жолдасыма. «Иә, шайтан!» дейді ол да ентігіп. Кейін аптығымызды басып, көлігімізге әрең жеттік те, ол жерден тайып тұрдық. Бұл өтірік емес, екі бірдей адам көрдік және бір мезгілде.

Осы әңгімені мен Дінахметтің аузынан бұдан он шақты жыл бұрын естіген едім. Кейін жайлап сұрап көріп едім, бұл оқиғаны маған айтқанын ұмытып қалған ол бастан-аяқ, айна-қатесіз қайта баяндап берді. Бұл аз болғандай, ол содан бері бейуақта иесіз үйге немесе қораға кіруге жүрексінетінін де қосып қойды.

Шынында да осындай тылсым құбылыстарды байқаған жандардың көзіне жас қыз бала болып көрінетін жын-шайтан бейнесін немен түсіндіруге болады? Неге ол жұрттың көзіне үлкен адам болып немесе батыр бейнесіне кіріп көрінбейді екен? Әлде, ең әлсіз адам жас бала, оның ішінде қыздар ма екен? Қалай болғанда да уақытымен дәрет алып, бір уақ жүректен де, ауыздан да Алланы тастамаған абзал-ау…

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button