Денсаулық сақтау

«ХХІ ғасырдың цунамиі» немесе қант диабетінің тәуекел факторлары

«ХХІ ғасырдың цунамиі» немесе қант диабетінің тәуекел факторлары

Қант диабеті дертінің бүгінгі таңда кең тарағаны соншалықты, «21 ғасырдың цунамиі» деген атауға ие болды. Халықаралық қант диабеті федерациясының (International Diabetes Federation, IDF) ақпаратына сенсек, 2014 жылы әлемде 387 миллион адам осы сусамырмен ауырса, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 592 миллионға жетеді деген болжам бар. Ал Қазақстанда 259 мыңнан астам науқас нақты тіркелген деген дерек кездеседі. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эндокринологы Бибинұр Сафиуллинамен жолығып, ғасыр дертіне айналып отырған сусамырға әкеліп соғатын тәуекелдер мен дерттің алдын алу туралы әңгімелеп беруді өтінген едік.

Бас эндокринологтың мәліметтеріне сәйкес, облыста 2017 жылдың 1 қаңтарында 31606 адам қант диабетімен есепке алынған. Оның ішінде 1709 адам І типті сусамырмен, 29885 науқас- ІІ типті, қалған 12 адам басқа типтерімен ауырады.

-Бүгінгі таңда аталмыш дерт эпидемиялық сипат алды. Статистикалық мәліметтер бойынша, диагноз қойылған бір науқасқа дерті анықталмаған төрт науқас келеді. Сонда жаңағы сандарды төртке көбейтсек, науқастардың нақты саны шығады. Бұл республика көлеміндегі жағдай. Сусамыр диагноз ретінде аса қорқынышты емес. Ең қауіптісі – оның мүгедектікке әкеліп соғатын асқынулары. Соның кесірінен өмір сүру сапасы нашарлайды, сонымен қатар мемлекет тарапынан орасан зор экономикалық шығындарға да ұшыраймыз, – дейді Бибинұр Сафиуллина.

Мысалы, облыста қант диабетімен есепте тұрған барлық науқастардың тоғыз мыңнан астамының негізгі дертінен бөлек қан қысымы жоғары, 366 адам миокард инфарктын алған, 497 науқастың ми қан айналымы бұзылған, яғни инсультке шалдыққан. Инфаркт пен инсульт дерттерін бүгінде дәрігерлер қант диабетінің макроқан тамырларының асқынуы салдарынан болады деп қарастырады.

Сусамырдың тәуекел факторлары

«ХХІ ғасырдың цунамиі» немесе қант диабетінің тәуекел факторлары
Бибинұр Сафиуллинаның пікірінше, сусамыр дертіне соқтыратын тәуекел факторларының бірі – дерттің тұқым қуалаушылығы. Сол себепті жақын туыстарының арасында қант диабетімен ауырғандар болса, аса сақ болған дұрыс. Бұл – туыстар міндетті түрде диабетке ұшырайды деген сөз емес, бірақ «сақтықта – қорлық жоқ» дегенді ұмытпаған жөн.

Одан кейін артық салмақ пен семіздік те аталмыш дерттің басы болуы мүмкін.

-Көп адамдар салмақ қосқанына мән бермейді. «Өзімнен басқа ешкімге зияны жоқ» деп қолын сілтей салады. Алайда артық салмағы бар адамдардың 90 пайызында инсулинді резистенттік кездеседі. Басқаша айтқанда, адамның ағзасы өзі бөлген инсулинді қабылдамайды, бұл қант диабетіне әкеліп соғатын басты факторлардың бірі, – деп түсіндірді бас эндокринолог.

Эндокринолог маман семіздік проблемасының негізгі факторларының ірі ретінде тұрғындардың рафинадталған, басқаша айтқанда, тазартылған өнімдерді көп тұтынатынын атады. Өсімдік майының иісі жоғын, жармалардың тез пісетінін, қанттың тез еритінін іздейміз. Мұндай өнімдердің гликемиялық индекстері жоғары. Қарапайым сөзбен айтқанда, олар қорытылған кезде қандағы глюкозаның деңгейі көтеріліп кетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, қуырылған картоптың гликемиялық индексі 95, ал чечевица жармасынікі 25. Тағы бір мысал, жеген 100 грамм тәтті халваның калориясын жою үшін кемінде бір жарым сағат шаңғымен жүгіру керек екен.

Соңғы кездері жас келіншектер арасында бала көтере алмау проблемасы да қылаң беруде. Бибинұр Мәлікқызы бұл да эндокринологиялық проблема болуы мүмкін деген ойын жасырмайды.

– Ана болуды армандаған жас әйелдер ең алдымен гинекологқа көрінеді. Оларға бедеуліктің себебі ретінде қойылатын «поликистоз яйчников» диагнозы мен қант диабетінің өрбу механизмі бірдей. Мұндай диагнозы бар қыз-келіншектерді гинеколог маман бірден эндокринологқа жолдауы керек. Сонымен қатар соңғы жылдары жүкті келіншектер арасында гестациялық диабетке шалдыққандар да жиі ұшырасады. Олардың нақты санын анықтау мүмкін емес, өйткені босанғаннан кейін көп жағдайда қандағы қанттың мөлшері қалпына келеді. Бірақ, болашақ аналар гестациялық диабетті жіберіп алмас үшін жүктіліктің 22-24 аптасы аралығында міндетті түрде қандағы қанттың мөлшерін тексеріп, глюкозалық тестен өтулері керек, – деп атап өтті дәрігер.

Біз салмағы төрт келіден жоғары «шекесі торсықтай, балпанақтай» нәресте туса, қуанамыз. Ал медицинада бұл қант диабеті дертінің тәуекел факторы ретінде қарастырылады екен. Оның үстіне анасы да кезінде осындай үлкен салмақпен туған болса, келесі жүктілік кезінде гестациялық диабетпен ауруы мүмкін. Диабеттің бұл түрінің қауіптілігі – кейде ІІ типті сусамырға айналып кетуі де ықтимал.

Қант диабетінің өрбуі өмір салтына да байланысты. Дұрыс тамақтанбау, көміртегі мол тәтті тағамдарды шамадан тыс қолдану, шала ұйқы, күйзеліс жағдайлары да осы дерттің пайда болуының алғы шарттарына жатады.

Скринингтік тексерулер маңызды

Облыстың штаттан тыс бас эндокринологының айтуынша, сусамыр әлеуметтік дерттердің қатарына жатқызылып, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен дерттің алдын алу мақсатында тегін скринингтік тексерулер өткізуге қыруар қаражат бөлінеді. Отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың қызметкерлері өздеріне бекітілген, қырық жастан асқан әрбір азаматты тексерулерге уақтылы шақырып тұрады. Алайда тұрғындар арасында өз денсаулығына деген жауапкершілік байқалмайды.

-Сусамыр дертінің дәрі-дәрмегі өте қымбат. Соған қарамастан, бұл шығынды мемлекет толықтай өз мойнына алған. Бір ғана инсулин дәрісіне миллиардтаған қаржы жұмсалады. Қазірдің өзінде біз препараттарға 2020 жылға дейін тапсырыс беріп қойдық. Ал науқастардың дәрігер берген қарапайым нұсқаулықтарды орындамайтынын көріп жүрміз. Мұндай жауапсыздықтан ең алдымен өздері зардап шегетіндерін түсінбейді, – деп шағымданды эндокринолог дәрігер.

Қант диабеті асқынған жағдайда бүйрек жұмысының жетіспеушілігіне, көз жанарының төмендеуіне, кейде тіпті соқырлыққа әкеліп соғуы мүмкін. Маманның сөзіне қарағанда, І типті қант диабеті диагнозын бірден қоюға болса, ІІ типті сусамыр ағзада біртіндеп пайда болады. Адам ұзақ жылдар ауырып жүргенін өзі де байқамауы ықтимал. Тұрғындар арасында жиі кездесетін дерттің ІІ типі негізінен артық салмақтан, өмір салтынан болады. Егер етжеңді адам аяқ астынан жүдей бастағанына шағымданса, бұл ағзасында инсулинге қажеттілік туындағанын, қант диабетінің тіпті асқына бастағанын білдіреді.

Бибинұр Сафиуллина бас эндокринолог:
– Менің жақсы бір танысымның ата-анасы кезінде қант диабетімен ауырған-ды. Өзі де толық, екінші дәрежелі семіздікке ұшыраған. Артық салмақ болғасын, қан қысымы да жоғары. Шөлдейтініне, үнемі ауызы құрғап тұратынына да мән бермей, жүре берген. Осы кезде жергілікті емханадан скринингтен өтуге шақырады. Ол, әрине, бармайды. Ал бір күні таңертең төсектен тұра алмай қалады. Денесінің бір жақ бөлігі қимылсыз қалғанын сезгеннің өзінде жедел жәрдем шақыруға асықпаған. «Қазір басылар» деп, қан қысымын түсіретін дәрісін ішіп, жата берген. Түс кезінде үйіне келген күйеуі ғана дереу дәрігер шақырып, ауруханаға жеткізеді. Сол жерде ғана оның қандағы қант мөлшері 18-20 екені, сусамырмен баяғыдан ауырып жүргені анықталды. Асқынған қант диабеті осылайша инсультке әкеліп соққан. Егер күзде шақырған скринингке барғанында, көктемде мұндай бақытсыздыққа ұшырамас еді. Қазір толық жазылған жоқ, мүгедек болып қалуы да ықтимал. Инсульт алған кезде әрбір минут маңызды, мұндай науқастарға жедел жәрдем 20 минуттың ішінде жетеді.

Денсаулық мектептері

Сусамыр диагнозы қойылған науқастың өмірі сол сәттен бастап мүлде өзгереді. Дертпен бетпе-бет келгендердің көпшілігі алғашқы кезде өздерін қалай ұстау керектігін, неге баса мән беруді түсінбейді. Оларға есепке алынған кезден бастап тұрғылықты жеріндегі емхананың денсаулық мектебі көмекке келуге тиіс.

Облыстағы барлық алғашқы -дәрігерлік көмек мекемелерінде денсаулық мектептері бар. Бұл жерде қант диабетімен ауыратындарға қалай тамақтану қажеттігі, инсулиннің мөлшерін қалай өлшеу, инені қалай енгізу қажет, қандағы қанттың мөлшерін қалай қадағалауға болатыны сияқты дағдылар үйретіледі. Ауру асқынбау үшін неге назар аудару қажеттігі айтылады. Бір сөзбен айтқанда, науқастар өздерінің диагноздарымен өмір сүруге дағдыланады.

-Ең бастысы, қант диабеті уақытша қойылған диагноз емес, өмір бойы болатынын түсіну керек. Бір-екі ай диета сақтап, қайта бұрынғыдай өмір сүрем деп ойлауға болмайды. Енді басқаша өмір сүру керектігін мойындаған абзал. Басқаша жаман деген емес. Өмір сүру салтын өзгерту, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындау денсаулықтың жақсаруына, оңалуға кепілдік береді. Дұрыс тамақтанған адам біртіндеп артық салмақтан арылады. Нәтижесінде қандағы қант пен холестериннің мөлшері төмендейді, қан қысымы азаяды, демек, адамның жалпы жағдайы әлдеқайда жақсарады. Профилактика ретінде спортпен айналысу, жүру, жүзу, жүгіру де өте пайдалы,- деген кеңес берді Бибинұр Мәлікқызы.

Қанның құрамындағы қант мөлшері ашқарынға саусақтан тапсырғанда 3,5-5,5 ммоль/л-ден, көк тамырдан алғанда 6,1 ммоль/л-ден аспауы керек. Мамандар сараптама тапсырар алдында тісті де ыспау керектігін ескертеді, өйткені тіс пастасының құрамында глюкоза бар. Тіпті су да ішуге болмайды.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button