Қоғам

«Ханзада» мен «ханшайымы» бар шахмат

«Ханзада» мен «ханшайымы» бар шахмат


Оқырманға ұсынып отырған жаңа айдарымызда біз өңірдегі қолы «алтын», креативті ойлайтын жерлестеріміздің өнертабысы туралы жазып, кеңірек таныстыруды мақсат тұттық. Ел ішінде осындай қабілеті бар адамдар болса, оқырмандардан редакцияға хабарласуды немесе газеттің электронды поштасына хат жолдауды өтінеміз.

Редакция.

Өскемендік Александр Кочергин жүз шаршылы шахматтың классикалық түрін ойлап тапты. Жаңа ойынның ерекшелігі сол – мұнда патшаның орнын баса алатын «ханшайым» мен «ханзада» секілді фигуралар ескерілген.

Бұл күні автор өзінің өнертабысына еліміздегі тиісті орындардан инновациялық патент алып, балаларды жүз шаршылы шахматтың қыр-сырына баулуда.

Ойынның ережесін жасауға төрт жыл уақыт кетті. «Ханшайым» мен «ханзада» бейнелерін келістіру де оңайға түскен жоқ. Классикалық 64 немесе 100 шаршылы шахматтың қай-қайсысы болсын патшаға «мат» қоюмен аяқталады. Бірақ мен ұсынып отырған үлгіде патшадан бөлек, «ханшайым» мен «ханзада» деген тағы екі тас бар. Егер ойын барысында қарсыластың тасы патшаны алып тастаған жағдайда, «билік» баласының, яғни, ханзаданың қолына көшіп, ойын ары қарай жалғаса береді, – дейді Александр Кочергин.

Естеріңізге салсақ, жүз шаршылы шахматтың бұл күнде әлемде 28 түрі белгілі. Алайда, Александрдың айтуынша, олардың ешқайсысы табиғат заңдылығына сай келмейді. Сондықтан жаңа нұсқада автор патша мен патшайымның ізбасарлары ретінде тағы екі тасты қосып отыр. Бұл екі тас кез келген бағытта бір немесе екі шаршыға ғана жүре алады.

Кочергиннің бұл туындысын Грекия мен Ресейдің гроссмейстері бағалап үлгерді. Осыдан бір жыл бұрын Эллада елінде өткен алпыс жастан асқан шахматшылардың Әлем чемпионатында дүниежүзінің мамандары жаңа нұсқаға оң баға беріп, ойнап көруге қызығушылық білдірген. Ал Мәскеуде өткен таныстыру салтанатында тақталы ойынның тарландары бұл өнертабыс арқылы адамзат эволюциялық серпіліс жасайды деп пікір айтқан.

Александр Кочергин. 1946 жылы дүниеге келген,
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, зейнеткерлер арасында екі дүркін Азияның абсолютті чемпионы.

Қуан Сейіт

Осы айдарда

Back to top button