Аймақтар аухалыТОП

Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобалар іске асты

Азамат Темірбеков

Бүгінгі күні Жарма ауданында өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қарқынды дамып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Өндірістің өнімділігі артты

Биыл өндірістік сектор 225 млрд 555 млн теңге табыс әкелді.

Аудан басшылығы «Бақыршық тау-кен өндірісі» комбинатының кендегі алтынның төмендеуіне байланысты өндіріс көлемін азайтқанына қарамастан көрсеткіштің жаман еместігін айтады. Бүгінде бұл кәсіпорынның үлесі ауданның өндіріс саласының 84 пайызына тең.

Қазіргі уақытта «Шарцем» ЖШС цемент зауыты қайта жабдықталып, іске қосуға дайын тұр. Кәсіпорын жыл соңына дейін толық өндірістік қуатқа шығуды жоспарлап отыр.

Ауданда инвестиция тарту жұмыстары экономиканың басым бағыттары ретінде қарастырылуда. Олардың қатарына тамақ өндірісі, пайдалы қазбаларды қайта өңдеу және тағы басқа салалар кіреді.

– Биыл инвестиция бойынша жалпы тартылғын қаржының мөлшері 27 млрд 152 млн теңге болды, сөйтіп өткен жылмен салыстырғанда өсім 129 пайызға жетті. Инвестиция тарту бойынша негізгі кәсіпорындардың саны – бесеу, яғни, «Шарцем» – 8,2 млрд теңге, «Бақыршық тау-кен өндірісі кәсіпорны» – 7 млрд теңге, «Чарск ветер» – 3,2 млрд теңге, «АС Горняк» – 1,2 млрд теңге, «Холдинг Казахцемент» – 1 млрд теңге тартты, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Ал шағын және орта бизнес саласында бүгінде 2 373 кәсіпорын жұмыс істейді, бұл өткен жылдың он айымен салыстырғанда 227 бірлікке немесе 11 пайызға жоғары.

Бизнес саласының негізгі үлесі жеке кәсіпкерлерге тиесілі, қазір олардың саны – 1327. Ал екінші орындағы шаруа қожалықтарының саны – 825.

Жеке тауар айналымының көлемі 13 425 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 15,4 пайызға жоғары болды.

Басым бағыттар белгілі

Аудан экономикасының тағы бір басым бағыты ретінде  ауданның ғана емес, сонымен қатар облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылығы саласы саналады.

Биыл аталмыш саланың табысы 32,5 млрд теңгеден асып жығылса, оның 70 пайызы мал шаруашылығы өнімдеріне, ал 30 пайызы өсімдік шаруашылығы өнімдеріне тиесілі.

Айта кетсек, қазіргі уақытта аудандағы төрт түліктің саны 100 мың бастан асып, жыл көлемінде 13 мың тонна ет, 51 246 мың тонна сүт өндірілген.

– Ауданда селекциялық түрлендіру жұмыстарына ерекше мән беріледі. Мұның нәтижесі де жаман емес. Қазір ауданда 20 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады, – дейді аудан әкімдігінің өкілдері.

Сүт қабылдау пункттерінің саны да өсіп, бүгінде олардың саны беске жетті. Нәтижесінде, биыл олар 820 тонна сүт қабылдап, көрсеткішті былтырғымен салыстырғанда 40 тоннаға арттырды.

Жайылым алқаптарының жетіспеушілігі жармалық шаруалардың бас ауыртып, балтыр сыздататын мәселелерінің біріне айналған.

– Бос және тиімсіз пайдаланылып жатқан жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері жалпы аумағы 5 936,4 гектар шамасындағы 12 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар суармалы алқаптар аумағын ұлғайтуға бағытталған жұмыстар да жүргізілуде, – деп қосты ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Агротехникалық жағдайға қарамастан өсімдік шаруашылығының көрсеткіштері де жаман емес. Биыл 10 204 гектар алқаптан 8,7 мың тонна астық жиналып, орташа түсім гектарынан 9,2 центнер болды. Ал майлы дақылдардың орташа түсімі 7,8 центнерге таяп, 5 339 тонна өнім жиналды.

Аудандағы агроөнеркәсіптік құрылымдарға мемлекет тарапынан уақтылы көмек көрсетіліп, оларға жалпы сомасы 40 млн теңгенің субсидиясы берілді.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен «Балжан», «Мирлан», «Руслан» шаруа қожалықтарына электр желілері тартылды.

Жергілікті өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері әр сенбі сайын Қалбатау ауылында, Шар қаласы мен Жаңғызтөбе кентінде 30-ға тарта ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

Инфрақұрылым жаңаруда

Бүгінгі күні аудан тұрғындарының 98,5 пайызы сапалы ауызсумен қамтылған.

– Биыл облыстық бюджет есебінен Сұлусары ауылында су құбырларын тарту жұмыстары басталды. Бұл жоба келер жылы аяқталады. Сол кезде аудан халқының сапалы ауызсумен қамтамасыз етілу көрсеткіші жүз пайызға жетеді, – деп хабарлады аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен.

Сонымен қатар Қалбатау ауылы мен Шар қаласында су құбырлары тартылып, Салқынтөбе ауылында су жинайтын мұнара алмастырылды, Жайма ауылында су құбырлары желісіне жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары тәмамдалды.

Биыл Шар – Әуезов бағытындағы тасжолға қаражат бөлініп, 18 шақырымы жөнделсе, қалған 20 шақырымын жөндеу келер жылға жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңғызтөбе кенті мен Бірлік ауылының көшелерін жөндеу жоспарланған.

Жергілікті бюджет қаражатынан 40,1 млн теңге аумақтарды абаттандыруға бағытталды. Бұл – елді мекендерде шағын футбол, балалардың ойын және воркаут алаңдарын орнатуға мүмкіндік берді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қалбатау және Шар елді мекендерінде бейнебақылау камералары орнатылып, 12,5 млн теңге қаражат жасыл желек санын көбейтуге жұмсалды.

Сондай-ақ ауданда жеті бағытта жолаушы тасымалы ұйымдастырылып, аудан бюджетінен тасымалдаушы кәсіпорындардың шығындарын өтеуге 26 млн теңге бөлінді.

Әлеуметтік саланың әлеуеті зор

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған мыңға тарта тұрғын мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көріп отыр. Жергілікті басшылық оларды жұмысқа орналастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, биыл 557 адам жұмысқа орналастырылып, 1195 жаңа жұмыс орны құрылды.

– Ақылы қоғамдық жұмыстарға 168 жұмыссыз тартылса, 23 адам «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбекке жұмылдырылды. Оған қоса, кәсіби оқуға 22 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына екі адам бағытталып, 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деп хабарлады аудан әкімдігі.

«Бастау бизнес» бағдарламасы шеңберінде 162 адам оқытылып, жаңа бизнес идеяларды іске асырамын деушілерге 45 грант берілді. Бизнес бастаушылардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуды көздеді. Сонымен қатар екі адам тігін шеберханасын ашса, қалғандары балмұздақ, гриль пісіру және логопед кабинетін ашу сияқты бағыттарды қамтыды.

Білім саласында да өзгерістер болып, әріптестік меморандумы аясында Қапай батыр ауылында жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Ал келер жылға Шар қаласындағы Абай балабақшасын толық жөндеуден өткізу жоспарланды. Биыл 48,5 млн. теңгеге ауданның төрт мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданда орталық аурухана мен Шар қаласының ауруханасы, оған қоса он дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт пен «Азат» жекеменшік амбулаториясы халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Оларда 79 дәрігер мен 366 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен аудандық ауруханада желдету жүйесі орнатылып, шаруашылық блогы жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта Шар қалалық ауруханасы толық жөндеуден өткізілуде. Бұдан бөлек аудандық ауруханаға 62,8 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды.

Келер жылы Жарма ауданында республикалық бюджет қаражатына үш фельдшерлік-акушерлік пункт пен төрт медициналық пункт салу жоспарланған. Сондай-ақ босану бөлімшесін толық жөндеуден өткізу үшін жобалау жұмыстары жүргізілді.

 

 

Осы айдарда

Back to top button