Қоғам

Гүлжан Мәуітханның қаражаты қайтарылды

Гүлжан Мәуітханның қаражаты қайтарылды


Майқапшағай кеден бекетінде үстіміздегі жылдың ақпан айында атажұртқа көшіп келе жатқанда 50 мың долларынан айырылған, «контрабандамен айналысты» деп айып тағылған қандасымыз Гүлжан Мәуітханның үстінен қозғалған қылмысты іс тоқтатылды.

Төрт айға созылған іске облыстық прокуратура соңғы нүктені қойды.

1 маусымда Өскемен қаласында өткен облыстық қылмыстық істерді қарайтын апелляциялық сотының шешімі бойынша Зайсан аудандық сотының шешімі күшін толықтай жойып, Гүлжан Мәуітханға қатысты іс қайта қарау үшін прокуратураға қайтарылған болатын. Мұқият Мәуітхан мен Әділбек Мұқташұлына қатысты «жалған жауап берді» деген айыппен шығарылған қаулы да өз күшін жойған еді.

Сол жолы Гүлжан Мәуітханның қорғаушысы Айжан Дарибаева «бір үміт оты оянды, істі қайта қарау бір-бір жарым айға созылуы мүмкін» деген болатын.
«Облыс прокуратурасы оралман Гүлжан Мәуітханға қатысты іске нүкте қойды. Шекарада кеден бекетінде алынған ақшалай қаражаты оған қайтарылатын болады.

Осы жылдың 4 сәуірінде Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға оралман ретінде көшіп келген Гүлжан Мәуітханнан шекараның кеден бекетінде декларацияда көрсетпеген 40 000 АҚШ доллары алынған. Гүлжан Мәуітхан Қытайда өз үйін сатып, осы қаражатқа Астанадан үй сатып алмақшы болған. Ол шекара арқылы ақшалай қаражатты өткізу ережелерін білмегенін түсіндірген. Нәтижесінде «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Зайсан аудандық соты Гүлжан Мәуітханды кінәлі деп танып, 40 000 АҚШ долларын мемлекет пайдасына алу туралы шешім шығарған. Апелляциялық сатыда сот ісін жүргізу тілі туралы талап сақталмағандықтан шешім бұзылған.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы осы істі мұқият зерделеп, Гүлжан Мәуітханның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмағанын анықтады, себебі, Гүлжан Мәуітхан Қытайдан ақшалай қаражатты құпия түрде әкелу ниеті болмаған деген қорытындыға келді. Бұндай шешім қабылдауға – егде жасында Қытай елінен атамекені Қазақстанға қайтуын мақсат етіп, өмір бойы жинаған дүние мүліктерін сатып, оралман мәртебесін алып, еліне оралған Г.Мәуітханды «экономикалық контрабанда» жасады деп айыптап, оның 40 000 АҚШ доллары қаражатын тәркілеу әділетсіз екендігі негіз болды», – деген жауап келді біздің сауалымызға облыстық прокуратурадан.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button