«Дидардың» қонағы

Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВ, айтыскер ақын: – «Алдай-ау» мені дертімнен сауықтырған еді

Белгілі айтыскер ақын, жазба поэзияда да өз қарымын танытып жүрген өлең сөздің ұстасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Алматы облысындағы Жамбыл аудандық газетінің редакторы Есенқұл Жақыпбековпен біз ол қазылар алқасының мүшесі болып келген Өскемендегі республикалық айтыс алдында әңгімелескен едік. Ақынның өмір һәм өнер жайындағы сұхбатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВ, айтыскер ақын: – «Алдай-ау» мені дертімнен сауықтырған еді

Екі жүздей әнге сөз жазыппын


– «Алдай-ау» мені дертімнен сауықтырған еді Неге екенін қайдам, әңгімені сіздің «Алдай-ау» әнінен бастағым келіп отыр. «Біреулер маған ынтызар, біреулер маған өкпелі. Өткінші мынау дүниеде, өтпелі, бәрі өтпелі» деп келетін сол ән қандай себептермен туып еді?

– Жанымыз күйзеліп, қоғамымыз орнына келе алмай, былайша айтқанда, қалтырап тұрған кезінде көбіміз ешкімге керек болмай қалдық қой. Әсіресе, қаламгерлердің тірлігі шайқалып, не істерімізді білмей қалғанымыз бар. Содан жүйкеге ерекше салмақ түсті ме, қатты ауырдым. Ауруханаға жатамын, бірақ, бір құлазу бойымды сергітпей-ақ қойды. Бір күні бұл түрімді көрген Мұса деген досым: «жүрші, емшіге барып келейік» деді. Өмір-ғұмырымда емші, балгер дегенге сенбейтінмін. Ол оныма құлақ аспай, тау баурайында орналасқан Қастек деген ауылдың Дәуітәлі деген шалына ертіп барғаны. Ол шал маған бірден ұнады. Біз есіктен кіре бергенде: «Әй, ақын, келдің бе, мен біліп едім, сенің келетініңді» деді. Содан ол: «сендер бәрің бара тұрыңдаршы, мына ақын бала келіп қалыпты, осымен сөйлесейін» деп қалған жұртты шығарып жіберді де, маған «не болды, не ауру?» деді төтесінен. Мен не деймін, «білмеймін» дедім. «Сенің осы, жағдайың болмай жүр ғой, жаның күйзеліп, Алла тағаладан бір тілек-дұға тілейін» деп, көңілі босап: «мен де кезінде сері болғам, құдайдан шын пейіліммен тілейінші, бәрі өтіп кетеді, жазыласың» деп, отыра қалып, бір дұға оқып еді, құдай салмасын, дұғасын ынты-шынтысымен оқығанда көзінен жас шығып кетті. Өзі соқыр кісі-тін. Алдыңғы тісі жоқтықтан ба, аллам-ау дегенді алдай-ау деп айтады екен. «Е, құдай-ау, Сүйінбай, Жамбылдың ізін басқан осы жігіттің қырсығын кеше гөр, ауыртпалығын азайта гөр» деп әбден жалынды. Менің де көзім боталап кетті. Бір уақта «ана бөлмеге бара тұр» дегені. Әлгі бөлмеде жатсам, құлағыма «Алдай-ау, алдай, алдай-ау» деген бір сарын келеді. Қалтамда блокнотым бар еді, ыңылдап отырмын, жазып отырмын. Сөйтсем, құдай жарылқап, шалдың қолдан шапқан домбырасы бар екен. Сол жерде әнін шығарып, шалға келдім де: «Ән шығардым» деп, дереу орындап бердім. Ол әнді тыңдап болысымен: «сені қысып жүр ғой, қырсығың кесілді деген осы, мұңая берме, екі-үш күн жат осында» деді. Мен нота білмеймін, әлгі әнім ұшып кете ме деп, түні бойы айтып шықтым да, таңертең «кеттім мен, ақсақал, рақмет» дедім. Сол кезде ол: «тоқта, кіндігіңнің түбінде жара бар екен» дегені. Оны өзім де білмейтінмін. Содан ол тотияйынға бір шөпті араластырып, жағып, екі күннен кейін түсіп қалады деді. Содан үйге барып, жаңағы әнді есіл-дертім ауып, ыңылдап отырсам, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің директоры, шәкіртім Ақан Әбдуәлиев келе қалғаны. Оған орындап беріп едім, бірден қағып алды. Сол күні-ақ тарап кетті ғой «Алдай-ауым». Осы әнге өзімнің бар мұңым мен қасіретімді сыйғызып, төгіп, тазарып шыға келдім. Бұл 90-ыншы жылдардың бас кезінде болған еді.

– Жалпы қанша өлеңіңіз ән болып жазылды?

– Негізінен 200-дей әнге сөз жазыппын. Оның ішінде сөзін де, әнін де өзім жазғандары да бірталай. Олар «Тұманды күн», «Көк шыққанға бір қуанып», «Гүлдәуренмен кездесу», «Ұқсас күндер, ұқсас түндер», «Өзіңді аңсап» болып кете береді.

– Қанша кітабыңыз жарық көрді?

– Әл-әзірге оның саны – 12. Соңғы «Тазқара құстың тағдыры» деген кітабым 15 баспа табақ болып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысымен мемлекеттік тапсырыс бойынша шықты. Осы жақында ғана.

Менің табиғатым кең даланы ғана қажетсінеді


– Сіз ақынсыз, сазгерсіз, ел әбден таныған жансыз. Солай бола тұра Алматыға бармай, ауылда қалуыңыз қалай?

– Алматыға барғанмын, журналда да істедім. Бірақ, сол ірі де, ұсақ та сыйып жүрген Алматыға мен сыймадым. Жақпады, сосын ауылыма кетіп қалдым. Менің табиғатым кең даланы ғана қажетсінеді екен.

– Сіздің анаңыз украин қызы деп естиміз. Ол кісі қазақша біліп пе еді?

– Мен ес білгеннен ол кісінің орысша сөйлегенін естіген емеспін. Бір күні мектепке тууы туралы куәлік апару керек болды да, оны апарып, қайтып келе жатқанда ашып қарасам, шешесі украинка деп жазылып тұр. Содан үйге келгенде өзінен сұрамаймын ба, «соны жаңа білдің бе?» деп күледі анашым. Оған дейін бұдан өзім де хабарсыз едім. Он бір баласына жарық дүние сыйлаған сол асыл анам биыл өмірден озды. Ал әкем ертеректе, бар-жоғы 53 жасында қайтыс болған-тын.

– Ақындық бекзат өнер әке жағынан дарыған болды ғой сонда?

– Мен ақындық қонған Сүйінбай мен Жамбыл елінің баласымын ғой. Елім – Есқожа. Дулат деген атамыз әрі жазба, әрі суырыпсалма ақын болған екен. Білетіндер содан дарыған деседі. Ал бәзбіреулердің қалжың-шынын араластыра: «бұл Кобзарьлардың жиені, ақындық сол жақтан жұққан» дейтіні бар. Әжемді көрген жоқпын, ол да, атам да, әкем де ақын адамдар еді. Бәрінен ортақ дарыған сияқты ғой (күліп алды). Жалпы біздің 40 шақты ғана түтіні бар Бірлік деген ауылымыздың адамдары сөзге шешен, сері-сылқымдау болып келетін. Бәлкім соның да әсері молырақ болды ма екен, кім білсін.

– Өне бойы есіңізде жүретін жандар бар ма? Мәселен, бір кездері ғашық болған деген сияқты…

– Тегі, ондай жандар бар. Дегенмен, «жас болдық, мас болдық» дегендей, құпияны аша беруге болмайды-ау деймін. Менің бар болмыс-аңсарым – өлеңдерім мен әндерімде.

– Хоббиіңіз не екенін білсек.

– Өз басым ес білгеннен футболды жақсы көремін. Өзім тұратын Ұзынағаштың сыртында кішкентай алаңқай жер бар, соны ешкімге бергізгем жоқ, сонда өзімнің көше командам болды. Бертінге дейін футбол ойнағаным рас, бірақ, қазір көп қолым тие бермейді.

Ақынның той емес, ой қуғаны жөн шығар


– Бос уақытыңыз көп бола ма, жалпы өлеңді қай уақтарда жазасыз?

– Бос уақыт деген жас келген сайын азая береді екен, қазір мүлде жоқ десем де болады. Ал өлеңді түнгі үш жарым-төртте тұрып, кейде аяқастынан, кейде той-томалақ пен жиналыстардан қашып-пысып жүріп жазасың. Содан соң балық аулауды ұнататыным бар. Жалпы ақын деген халық той қуатын емес, ой қуатын жандар ғой. Бәлкім, бұл той дегеннің өзі бәсеке, қысыр әңгіме ортасы болып кеткендіктен болар.

– Шығармашылық тарапынан сынға ұшырап көрдіңіз бе?

– Оның бәрі болды. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, жойдасыз сынағандар да кездесті. Өз басым Рәтбек Терлікбаев деген арғы-бергі әдебиетті өте терең білетін, өлеңнің бағасын ұғатын ақын інімнің сынын шын сын деп, ерекше қабылдаймын.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Дәл қазір ештеңеге асығып жүрген жоқпын. Өзімше қазақ өлеңін бір белеске шығардым, ендігі жерде ол мені сүйрейді ғой, маған қызмет етеді ғой деп ойлаймын. Бірақ бұл өлеңнің ауылынан алыстадым дегенді білдірмейді.

– Жалпы сіз айтыстан не себепті бас тарттыңыз?

– Бұл өмірде барлық нәрсенің өз кезеңі болады екен. Мен екі кеменің басын ұстағанды қойып, біржолата жазба поэзияға көшкенді қаладым. Шүкір, дұрыс бағыт ұстанған сияқтымын.

– Режиссер Болат Атабаевтың сіздің өлеңдеріңіз бойынша сахналық қойылым жасағаны бар еді. Осы туралы тарата айтып өтсеңіз.

– Менің өлеңдерім негізінен лирикалық болып келетінін жұрт білетін болар. Атабаев сол біраз өлеңдерімді сахналап, «Күпәйке киген поэзия» деп ат қойды. Расында менікі сол, қарапайым ғана, алып ұшпайтын, күпәйке киген поэзия ғой.

– Сіз қандай адамсыз? Өзіңізге баға бере кетіңізші.

– Расын айтсам, мен өте салақ адаммын, әсіресе өзімнің қағаздарыма. Содан кейін тез ашуланам, тез қайтам, ең бастысы, оның еш зілі болмайды. Баяғы кездері болмашы ғана әділетсіздікке шыдамай кетіп, оны айтқан адамның жағасынан ала түсетінмін. Сол үшін талай таяқ та жедім. Қазір жас келгендіктен бе екен, сол мінезім басылып қалды. Бірақ, әлі де жүз жылда бір атылып кететін мінезім болатынын жасырмаймын.

Жолымды немерелерім қуа ма деген үмітім бар


– Өзіңіздің ақындық жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?

– Жоқ, төрт немерем бар, солардан шықпаса, өйткені, олардың бәрі қазақы, ал балаларым бұл өнердің ауылынан алыс жүр. «Природа отдыхает» демеуші ме еді, солай болып отыр. Ал тәрбиелеп жүрген шәкірттерім баршылық.

– Өзіңіздің жазба поэзиядағы, айтыстардағы шығармашылығыңызды ерекше бағалайтын шығыстық оқырмандарға есіңізде қалған бір қызықты оқиғаны айта кетсеңіз.

– Құнанбай қажының «Баланың қай жылағаны есте қалады» дегеніндей, олардың қайсыбірі есте тұр дейсің. Ондайлар көп қой. Бала кезімде аяқастынан Алматыға барғым кеп, тартып қойдым. Іргесінде тұрғанмен, оған дейін бұл шаһарды көрмеген едім. Қазір есімде жоқ, бір көшеде келе жатсам, қазақтың бір қара шалы темекі тартып отыр екен. Сегіз бітірген шағым-ау деймін, тентектеу едім, жасырып темекі тартатынмын. Ол құрғыр таусылып қалыпты. Әлгі шалға жақындап келіп, темекі сұрадым. Берді темекіні. Екеуміз әңгімелестік. Ол менен «ауылдан келдің бе?» деп сұрап, «әй, сен қаланы білмейсің ғой, адасып кетесің-ау» деп жатыр. Мен одан қаладан шығатын жолды сұрап алдым. Әңгімелесіме біраздан соң жөнде-еп қарасам, ол Ғарифолла Құрманғалиев екен. Ал менің әкем оны қатты жақсы көретін. «Менің әкем сізді пір тұтады, сіз Ғарифолла атасыз ба?» деймін ғой баяғы. Ол «иә, менмін» деп күле бергені. Сөйтіп, қазақ өнерінің корифейлерінің бірі – Ғарифолламен мен осындай қызық жағдайда танысқан едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button