Экология

Ертістің суы азайып барады…

Ертіс өзенінің жалпы ұзындығы 4300 шақырымға жуық болса, оның 1100 шақырымы Шығыс Қазақстанның аумағы арқылы ағып жатыр. Жалпы, Ертіске 800-ге жуық үлкенді-кішілі өзен, бұлақтар құяды. Мамандардың зерттеуінше, Ертіс бассейнінің суы жыл өткен сайын азайып келеді.

Ертістің суы азайып барады...Оның басты себебі, қыста қардың, жазда шауын-шашынның аздығынан болып отырған көрінеді. Ал мұның өзі шаруашылық және электр энергиясын өндіру сияқты мақсаттарға жұмсалатын суды үнемді пайдалануды қажет етеді. Жалпы, Ертіс суын реттеп отыру үшін оның өн бойында тек Шығыс Қазақстан облысы аумағында ғана үш бірдей су каскады, басқаша айтқанда бөген бар екендігі белгілі. Олар су қоймасы саналады да көктемде жиналған судың мөлшеріне орай санитарлық мақсатта босатылып, Ертіске жіберіледі. Биыл қоймаларда жиналған су мөлшеріне сай Ертіске 21 тәулік бойы алдын ала белгіленген 2,08 қума шақырымның орнына 2,42 қума шақырым су жіберілді. Су көлемінің көбірек босатылуы Ертіс бассейні аумағына түскен ылғалдың біршама артқанына байланысты болды.

Ертіс суын реттеп отыратын ең үлкен су қоймасы – Бұқтырмада биылғы сәуір мен шілде айларының аралығында су деңгейі небәрі 0,31 метр ғана көтеріліпті. Ал өткен жылы ол 0,98, 2010 жылы 3,35 метр болған еді. Осыған қарап-ақ Ертіске құйылатын судың жыл өткен сайын біршама азайып келе жатқанын байқауға болады. Шығыс Қазақстан облыстық гидрометеорологиялық орталық мамандарының зерттеуінше, 2012 жылы сәуір айында оның алдындағы жылдың сол уақытымен салыстырғанда Бұқтырмаға құйылған су мөлшері 80 пайызға жуық азайған.

Зайсан – Ертіс бассейні инспекциясы мамандары өздерінің қызметтік міндеттеріне орай, Ертіс суын тиімді пайдалану жайына бақылау жасап, тексеріп отырады. Осы мақсатта биыл облыс Әкімінің тапсырмасына орай инспекция мамандары облыстағы барлық гидротехникалық құрылыстарды тексеру үшін құрылған комиссия жұмыстарына қатысты. Комиссия гидроқұрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті мекемелерге бірқатар ұсыныстар жасап, қажетті шаралар қолдануды талап етті. Оған қоса бассейндік инспекция мамандары су пайдаланушы 46 шаруашылық нысанына тексеру жүргізіп, оның отызында түрлі заң бұзушылықтар бар екенін анықтады. Оларға 17 ескерту-хаттама жасалып, 13 нысан басшыларына 720 мың теңгенің айыппұлы салынды.

Қазіргі уақытта Зайсан – Ертіс бассейні инспекциясына барлық су пайдаланушылар есеп беріп отырады. Инспекция мамандары өз тараптарынан суды, оның ішінде таза ауызсуды үнемді әрі тиімді пайдалану туралы су пайдаланушыларға тиісті талаптар қойып отыр. Әсіресе, оларға су есептегіш құралдар орнатудың қажеттігі ескертіліп, оның орындалуы бақылауға алынуда. Биылғы шілде айына дейін мамандар су пайдаланушыларға барлығы 72 рұқсат құжаттарын берді. Қазірге дейін барлық су пайдаланушылардың 93 пайызы Қазақстан Республикасының Су кодексіне сай келетін рұқсат құжаттарын алыпты. Зайсан – Ертіс бассейндік инспекциясының мамандары оған қарасты аумақтан жер телімін алуға немесе құрылыстар жүргізуге арналған 384 жобаларды қарауға қатысқан.

Зайсан – Ертіс бассейнінде су мөлшерінің толығуы Ертіс суын пайдалануды халықаралық реттеуге де тікелей байланысты. Осы орайда әсіресе, Қара Ертіс ағып келетін Қытай елімен арадағы трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану мен қорғау жөніндегі келісімшарттың орны бөлек. Өйткені аспан асты елінің Қара Ертістің суын шаруашылық мақсаттарға бұрып алып жатқандығы белгілі. Алдағы жылдары осы мәселеге орай жасалатын жаңа келісімшарт екі елдің Ертіс суын бөліп пайдалануын толық реттейді деген болжам бар. Дәл осындай келісім терістіктегі көршіміз Ресей елімен де жасалған болатын.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button