«Дидардың» қонағы

Ерлан РЫСҚАЛИ, дәстүрлі әнші: – Әкемнің әндерін Жәнібек Кәрменовтің өзі арнайы келіп, тыңдаған екен

Ерлан РЫСҚАЛИ, дәстүрлі әнші:  - Әкемнің әндерін Жәнібек Кәрменовтің өзі арнайы келіп, тыңдаған екен  Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Президент сыйлығының иегері, белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали облыс орталығында өткен Әміре Қашаубаевтың байқауына бірнеше шәкіртін үкілеп әкеліп, қосқан болатын. Сол сапарда туған еліне ат басын тіреген өнер иесін әңгімеге тартқан едік.

Санақ Әбеуов пен Бекболат Тілеуханнан тәлім алдым

– Ұлылар туған ұлағатты өңірде дәстүрлі әннің тамыры ешқашан қурамаған. Айталық, Жәнібек Кәрменов сынды дүлдүлдің киелі ізін сіз жалғастырдыңыз. Ал сізден кейінгі іні-қарындастарыңыз сол сабақтастықты үзіп алған жоқ па?

– Негізі мен Шұбартаудың тумасымын. Әкем де, анам да сол өңірдің тумалары. Ал Абай елі – Қарауылға мен күйеубала болып келемін. Жалпы, біздің Шығыс өңірінде Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Санақ Әбеуов, Болат Сыбанов сынды майталман әншілердің ізін басқан дарынды әншілер өте көп. Бұл өңірде қаймағы бұзылмаған дәстүрлі ән орындаушылық мектеп қалыптасқан. Ол белгілі бір мекемеде сабақ бергендіктен емес, талантты ұл-қыздардың көптігінен. Жоғарыда аталған аға буынның көзін көріп, тәлімін алған Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, одан кейінгі Әділ Тұрғанбаев, Берік Омар сынды ағаларымыз әннің туын ешқашан жыққан емес. Сол дүбірлі додаға Алланың қолдауымен біз де қосылдық. Бұл толқынның арасында Еркін Шүкімәнов, Гүлдана Ноғайбаева, Перизат Тұрарова, Ербол Сарин, Гүлмира Сарина бар. Осындай орта қалыптасқан өңірдің сабақтастығы ешқашан үзілмейді. Ал бізден кейін келе жатқан Шығыстың тумалары да жоқ емес, шүкір, баршылық. Оларға біз Астанада жүрсек те, Алматыда жүрсек те бір бүйрегіміз бұрып тұрады. Іздеген нәрселерін мүмкіндігімізше тауып беріп, білген ақылымызды айтып, ағалық қамқорлық көрсетіп жатамыз.

– Мысалға кімдерді атар едіңіз?

– Мысалға кішкене кезінен менің соңымнан ілесіп келе жатқан ауылдасым, қазір Рамазан Стамғазиевтың сыныбында оқып жатқан Жасұлан Сақаев, Абай өңірінің тумасы Жасұлан Мұсағалиев, Нариман Әбдірахманов, Алтын Смасейітова сынды іні-қарындастарды атауға болады. Осылар барда, дәстүрлі әннің байрағы құламай, дәйім желбіреп тұрады.

– Еркін Шүкімәнов бір сұхбатында «жақсы әнші болуың мүмкін, бірақ, жақсы ұстаз болуың екіталай» депті. Сіздің әншілігіңізді білеміз. Ал жақсы ұстаз бола алдым деп ойлайсыз ба?

– Менің ұстаздыққа келгеніме үш жылдай болды. Өзімді керемет ұстазбын деп айтудан аулақпын. Дегенмен, ұстаздың еңбегін шәкірттерімен бағалайтын болсақ, республикалық байқауларда лауреат атанған шәкірттерім бар. Соған қарағанда, жаман ұстаз емеспін ғой деп ойлаймын. Ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін, үлкен жауапкершілік жүктелген жұмыс екені белгілі. Бір жағынан, ұстаздық дәрігерлікке де ұқсайды. Дәрігер ауырып келген адамға қалай дөп басып, диагноз қойса, ұстаздар да алғашқы келген шәкірттің дауысына солай дөп басып, диагноз қоюы керек. Болашақ әншінің табиғатын танып, оған дұрыс жол нұсқауы қажет. Өз басым мықты ұстаздардың алдын көрдім. Айталық, Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкірті Санақ Әбеуовтің тәлімін көріп, Бекболат Тілеуханнан сабақ алдым. Осы екі тұлға – менің өнер жолымдағы ең ұмытылмас адамдар. Осы кісілердің арқасында мен өнердің құдіретін сезініп, әннің қыр-сырын үйрендім. Енді солардан алған тәлім-тәрбиемді өз шәкірттерімнің санасына сіңіріп жатырмын. Кейде шәкірттердің кейбіреуіне берген тапсырмамнан өзім күмәнданып қаламын. Ондай кезде алдыңғы буын аға-әпкелерімнің кеңесіне жүгінемін. Ал олардан ақыл-кеңес сұраудан мен ешқашан арланған емеспін.

Дәстүрлі әнге дәріптеу жетіспейді

– Ән өнерінің аспанында Ерлан Рысқалидың жұлдызы ерте жарқырады. Қатарластарыңыздан қара үзіп, алдыға шықтыңыз. Ерте танымал болуыңыздың нендей себептері бар?
– Бекболат ағамның алдына барып, сабақ тыңдап отырғанда ол кісі үнемі маған: «адамға бір пайыз талант беріледі, өзің тоқсан тоғыз пайыз еңбектенуің керек» дейтұғын. Мен сол ақылды жадыма берік сақтадым. Өз басым осы дәрежеге ең әуелі Алла тағаланың әмірімен, екінші әкемнің және жоғарыда аталған екі ұстазымның арқасында қол жеткіздім.

– Сонда әкеңіздің де өнерден қаражаяу болмағаны ғой?

– Менің әкем негізі мал дәрігері болған адам. Бірақ, ол кісінің әншілік өресі Әміре, Жүсіпбек, Манарбектердің деңгейінде болатын. Әкем Семейде оқып жүргенде концерт береді екен. Сол кезде «Рысқалидың шығармашылық кеші болады екен» дегенді естіген Алматыда Жүсіпбектен сабақ алып жатқан Жәнібек Кәрменов, Санақ Әбеуов арнайы келіп, оның әндерін тыңдайды екен. Бұл сөзді мен Санақ ағамыздың өз аузынан естіген едім. Осындай ұлы адамдардың арнайы келуіне қарағанда менің әкем қатардағы әнші емес секілді. Әкемнің дауысы әлі күнге құлағымда, ондай ашық, биік дауысты мен қазіргі көз тірі әншілердің ешбірінен кезіктірген емеспін. Ол кісінің асқақ дауысы өзім өнеріне өлердей ғашық Әміре атамыздың дауысына ұқсайтын. Ол 33 жасында бүкіл КСРО-ның дала әншілерінің ортасында өткен ән байқауында лауреат атаныпты. Демек, бұл оңай жетістік емес.

– Бүгінгі дәстүрлі әннің жай-күйі қалай?

– Кеңес өкіметі құлағаннан кейін біздің дәстүрлі ән де бір құлап тұрды. Сол бір өтпелі кезеңде тек өнер ғана емес, көптеген дүниелердің елге керегі болмай қалды. Сол кезде құлаған ән байрағын қайта көтерген осы Бекболат ағалар екені белгілі. Сүрініп барып, сүрлеуін тапқан дәстүрлі ән бүгінде құлаштап дамып келеді.

– Дегенмен, дәстүрлі әннің тыңдаушылар қатары эстрадалық әндердің тыңдаушыларынан аз секілді ме, қалай
– Оған кінәлі – дәстүрлі әншілер емес, бұқаралық ақпарат құралдары. Ең алдымен солар қай мемлекетте тұратынын, қандай әнді насихаттау керектігін білулері керек.

– Сіз өзіңіз де біраз уақыт ақпарат саласында жұмыс істедіңіз. Сол кездері дәстүрлі әнді қаншалықты насихаттай алдыңыз

– Өзім керемет насихаттадым деп айта алмаймын. Бірақ, «Салдомбыра», «Алғыр қазақ», «Назқоңыр» атты авторлық бағдарламаларым болды. Барлығында дәстүрлі ән мен дәстүрлі күй насихатталды. Оның сыртында телеарнада «Дала думан», «Ән айтыс», «Күй тартыс» сынды бағдарламаларды жасадым. Соған қарағанда теңізге тамған тамшыдай болса да, үлесімді қостым ғой деп ойлаймын.

– Неге солайша қазақи өнерді насихаттап жүре бермедіңіз? Әлде, тапқаныңыз татқаныңызға жетпеді ме?

– Жалақысы жаман болған жоқ. Бірақ, өнер адамы болғандықтан, бір орынға байланып қалуға болмайды ғой. Кейбір кездерде мемлекеттік шараларға қатысуға шақырту алғанда, босатпай қояды. Сөйтіп жүріп, 7-8 концерттен қағылдым. Содан телеарнаға қайыр-қош айтып, филармонияға жеке орындаушы болып қабылдандым.

Әншіге ара-тұра атақ та қажет

– Сіздің атыңыз «Молдабай», «Бозқараған», «Ғайни» сынды бірнеше әнмен шықты. Қоржыныңыздағы осы әндерді бұрынғы орындаушылардың деңгейінен асырып орындадым деп айта аласыз ба?

– Олардың деңгейінен асырып орындадым деп айта алмаймын. Мен асырып айтсам да, асырдым деп айтпаймын. Өйткені, «мен кемеліме келіп, болдым» деген сөз – «мен толдым, өлдім» деген сөз. Өнерде өз биігіңе жетіп қойсаң, ары қарай мақсат болмай қалады. Сондықтан ондай сөзден аулақпын. Бірақ, кейбір әндерді орындау барысында атадан қалған аманат-әндерге толықтырулар енгізгенімді жасырмаймын.

– «Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты» дегеннен басқа атағыңыз жоқ екен. Сіздіңше өнердің өркендеуіне атақтың тигізетін пайдасы бар ма?

– Бұрын атақтың қажеті қанша деп мен де ойлайтынмын. Кейін өзіңнен кейінгілер, тіпті, екі нотаның арасына қайықпен жүзіп, әзер барып жүрген кейбіреулер «Мәдениет қайраткері» деген атақ алып жатқанда, жылағың келеді. Сондай кезде өкінесің. Осы орайда айта кетер тағы бір жағдай, кейбір орта сенің лауазымыңа қарай қызмет көрсетеді. Атақ міне, сондай орталарға керек!

– Шығыс өңірінің бүгінгі мәдени бет-бейнесіне тоқтала кетсеңіз.

– Басқа шараларды айтпағанда, Әміре Қашаубаевтың осы өтіп жатқан байқауы өңірде ұлттық өнерге ерекше мән беріліп жатқанын айғақтаса керек. Жалпы, қасиетті қара домбыраның шанағында, қазақтың қоңыр үнінің астарында бір ұлттың ары, ұжданы, сыры, сезімі жатыр. Міне, осындай асқақ рухты шараның Өскеменде өтуі – тымақты аспанға атып қуанатын жағдай. Мұның әсері жоғары екеніне кәміл сенемін, әрі бұл шара кез келген қазаққа өзінің қазақ екенін сездіріп, жүрегіне намыс отын жағады. Бұл біріншіден, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ және мәдениет саласындағы барлық азаматтардың ерен еңбегі екенін атай кеткен ләзім. Сондай-ақ, бұл Шығыс өңірінде дәстүрлі әннің де өресі жыл санап өсіп келе жатқанын байқатады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button