«Дидардың» қонағы

Еркін НҰРАЗХАН, карикатурашы, жазушы: – «Бұл – достық әзіл емес, қастық әзіл ғой» деп ренжіген ағаларым да болды

Иісі қазақ Шәмші Қалдаяқовты «Вальс королі» деп әспеттесе, Еркін Нұразханды «Карикатура королі» деп орынды мақтан етеді. Көзі қарақты қауымға биылғы 17 қаңтарда алпыстың асқарына шыққалы отырған абыз азамат, сан қырлы дарын иесінің шығармашылық зертханасын таныстырудың сәті түсіп отыр. Еркін – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жазушы, республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері һәм белгілі карикатурашы.

Еркін НҰРАЗХАН, карикатурашы, жазушы: – «Бұл – достық әзіл емес, қастық әзіл ғой» деп ренжіген ағаларым да болды

Бесінші сыныптан бастап байқауларға қатыстым


– Ереке, суретші Әбілхан Қастеев жас кезінде өзін жерден алып, жерге салып, сынап жатса да, сыншыларға бір ауыз қарсы сөз айтпастан, іштей ширығып, қолға алған ісін күн-түн демей атқарған екен. Осындай, бейнеті белшеден келетін бейнелеу өнерінің жалынан ұстауыңызға не себеп болды? Жалпы, өнеріңізді ұштауға ақыл-кеңес бергендерден кімдерді атар едіңіз?

– Мен де табиғаттың қайталанбас суреттерін тамашалап өскен ауыл баласының бірімін. Туған жерім – Жетіарал ауылының шығысында Маңырақ, оңтүстігінде Тарбағатай жоны айбынданса, батысында Арғанаты тауы көлбеп, солтүстігінде Толағай мен Ақжардың ақшаңқан қыраты «мен мұндалап» тұратын жер. Көкжиегін осынау таулар көмкерген кеңістіктің әр жыл мезгілін айтпағанда, әр күн, әр сағатында құбылып тұратын сан алуан бояулы, кең тынысты келбеті көз алдымда сақталып, көңілімде жатталып қалыпты. Мен сол табиғат сахнасындағы құбылыстарға көз тойғыза алмай, таңырқап, тамсана өскен едім.

Бәлкім, суретке деген қабілетім оянған соң назар аудардым ба, әлде, туған жердің қасиетімен қалыптасты ма, ол жағын ажыратып айта алмаймын. Мектеп партасына отырып, жазуды үйренген соң-ақ қолыма ілінген қарындаш, қалам атаулымен сурет сыза бастағанымды білемін. Ал бесінші сыныпқа көшкенде мектеп директоры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, марқұм Базархан Ғалиев ағаның басшылығымен жаңа жыл қарсаңында өтетін байқауға қатыса бастадым. Сурет көрмесі ұйымдастырылып, жаңа жыл кешінде таңдаулы жұмыстарға Аяз атаның қолымен сыйлықтар тапсырылатын. Дүкенге түсе бермейтін қарындаш, акварель, гуашь бояуларына осы байқауда жүлделі орын алған талапкерлер ие болушы еді. Мен де осындай байқауларда жылдан-жылға алдыңғы орындарға жақындап, 9-10 сыныптарда үздік суретші атандым. Мектеп бітірген соң ауылда қалып, келесі жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылдым. Әскерде жүргенде де сурет салуымды тоқтатқан жоқпын. Онда апта сайын «Сквозняк» деген қабырға газетінде шыққан әзіл суреттерімді солдаттар қиып алып, альбомдарына жапсырып қоятын. Әскери міндетімді өтеп келгесін ғана Алматының көркемсурет училищесіне оқуға түстім.

Менің алғашқы шарждық суреттерімді белгілі қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Мұзафар Әлімбаев, Әбіраш Жәмішов көріп, қолдау білдірсе, «Түркістан» газетінің бас редакторы Қалтай Мұхаметжанов тақырыптық карикатураларымның дүниеге келуіне түрткі болды. Ал студенттік кезден дос, танымал өнер зерттеушісі, марқұм Мұхаметжан Әлімбаев әзіл портреттер салуыма мұрындық болды.

– Қазір Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары қызметіндесіз. Өнеріңіз өз алдына, ал басшылық қызметін меңгеруіңізге кезінде өндірістің әйгілі ұйымдастырушысы атанып, миллионер колхозды басқарып, аудандық газеттің редакторлығын да атқарған, ауылдастары құрметтеп, Абай деп атап кеткен әкеңіз Ыбырайым марқұмның, аудандық, облыстық деңгейлерде жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған ағаңыз Шәкеңнің (шын есімі Шәйкен) әсер-ықпалы болды ма? Олардың қандай қасиеттерін бойыңызға дарыттыңыз?

– Қызметте, жалпы өмірде әкеден көрген тәлім-тәрбиенің, ағам Шәйкеннен алған үлгі-өнегенің әсері әрине, көп болды. Әкемнің қарапайым халықтың қамын ойлап, әр адамның жұмысы ғана емес, оның жеке өміріне алаңдаушылық білдіріп отыратын қамқорлығын, үлкен-кіші, алыс-жақын деп бөле-жармайтын әділдігін, адалдығын үлгі тұтамын. Ал Шәйкен ағамның шыншыл, ішкі ойын бүгіп қалмайтын турашыл мінезі, өз басынан қоғам мүддесін жоғары қоятын асыл қасиеттері жаныма ерекше жақын.

«Әй, бауырым, ағаңды мұржадан шыққан
қара мысыққа ұқсатып қойғаның не?»


– Әзіл суреттеріңіз республикалық газет-журналдарды жаулап алғалы қашан. Ақындар Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің сіз салған суреттері әлі де көз алдымызда. Ол ақындармен көзі тірісінде жолықпасақ та, әзіл суреттеріңізді көргенде, олармен жүзбе-жүз қауышқандай болушы едік. Сол адамдар осы туындыларыңызды қалай қабылдағанын айтпас па екенсіз? Бұл жұмысыңыз жалғасын тауып келе ме? Жалпы, шығармашылығыңыз көрермен қауым тарапынан қалай бағаланып жүр?

– 1982 жылдан баспасөз беттерінде жариялана бастаған достық әзілдерім, шарждар мен карикатуралық суреттерім 2005 жылы «Кімге күлеміз?» деген атпен альбом-кітап болып шықты. Ал одан кейінгі суреттер Астанадағы бір беделді баспаның қоржынында сақтаулы. Сәті түссе, жарық көрер. Өзіңіз айтқан Сырбай ағаның бірнеше әзіл суреттерін салдым. Ол кісі қай қырынан қарасаң да қызықты, пошымы кең-мол пішілген жан еді ғой. Мені жолықтырғанда құшағын ашып: «менің суретімді салу үшін жаратылған суретшім» деп, арқамнан қағушы еді.

Қалтай ағамен дидарласқанымда: «Е-е, сол суретші сен екенсің ғой. Бір күні «Қазақ әдебиетін» ашып қалсам, үлкен мұрынды көрдім. Ойпыр-ай, мынау кім болды екен деп үңілсем, өзім екенмін» деп күлдіргені бар. Ал бірнеше шаржын жасаған Асқар Сүлейменов «менің республикадағы жалғыз сыншым – сенсің» десе, Әзілхан аға «мен сенің тұрақты кейіпкеріңмін ғой» деп езу тартатын. Бір жолы Ақселеу аға Асқар Сүлейменовке «бұл біздің өзіміз білмейтін қасиетімізді көзімізге көрсетіп жүр» дегенде, Асекең сұқ саусағын шошайта: «бәлкім, қасиетсіздігімізді дегеніңіз дұрыс болар» деп, жұмбақтай жымиғаны бар. Ал Кәдірбек Сегізбаев ағамыз болса, өзінің әзіл суретін көрген соң: «Әй, бауырым, ағаңды мұржадан шыққан қара мысыққа ұқсатып қойғаның не? Бұл – достық әзіл емес, қастық әзіл ғой» деп, жорта өкпелеген кейіп танытқан еді. Жалпы, шығармашылық өнерім жайында Мұзафар Әлімбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Роза Алтынбекова, Жетпісбай Бекболат, Айнаш Есалы, тағы басқалар жазды.

– Өзіңіз тәрбиелеген суретшілер мен карикатурашылардан кімдерді атар едіңіз?

– Арнайы тәрбиелеген суретшілерім жоқ. Бірақ, сырттан мені ұстаз тұтып, маған келіп, суреттері туралы пікірімді тыңдап, оң тілегімді есіткен Ғалым Смағұл, Нұрлан Тазабеков секілді карикатурашы-суретшілер бар.

– Өнер иелері арасында күлкілі оқиғалар көп кездесетіні рас. Сондайлардан бірер мысал келтіре кетпес пе екенсіз?

– Әртүрлі күлкілі оқиғалар болды ғой. Соның бірі кезінде «…деген екен» сериясымен шыққан кітапшаларда баяндалғандай, қазақ қолөнерінің үлкен тұлғасы Дәркембай Шоқпарұлының директорлық қызметін атап өткен түнде шашын ұстарамен сыпырып тастағаным есте қаларлықтай оқиға еді. Кейін сол «имиджі» өзіне ұнап, ол үнемі тақыр бас болып жүрді…

Алты жылдай Қасым Қайсеновтің қасында жүрдім


– Сізді суретші ғана емес, қаламгер ретінде де жақсы білеміз. Әсіресе, республикалық, облыстық басылымдарда ауданымыздың ахуалын ұдайы қаузап келесіз. Алғаш мақалаңыз қай басылымда жарық көрді? Аяулы әкеңіз жайында кітабыңыз да жарыққа шықты деп естідік… Соның бәріне қалай уақыт тауып жүрсіз?

– Әдебиетке, жазу өнеріне қызығушылығым да мектеп қабырғасында оянып, әдеби шығармалар мен сын-зерттеу кітаптарды көбірек оқуды әдетке айналдырдым. 9-10 сыныптарда қазақ әдебиетінен сабақ берген, ол кезде жап-жас, қазіргі әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаева апайымыздың өткізген сабақтары қиялымызға қанат бітіріп, біздерді алыс армандарға жетеледі. Суретшілік мамандықты таңдағаныммен, жазуға деген икемімді үнемі ұштап, жетілдіріп отырдым. 1975-1976 жылдардан бастап, алғашқы мақалаларым Тарбағатай аудандық «Ленин туы», облыстық «Коммунизм туы» газеттерінде жарық көре бастады.

Кезінде төрт облыс таратылып, аудандарды бір-біріне қосқан «оңтайлану» науқаны жүргені белгілі. Семей облысының Ақсуат ауданы таратылғанмен, аудан орталығы Ақжардан Ақсуатқа көшірілгенде әбігерге түскен Тарбағатай ауданы болды. Жалғыз Тарбағатай емес, қосылған аудандардың қай-қайсысы да қиындықты бастан кешіп жатты. Сондықтан бір ауданның басындағы жағдай барлық аудандарға ортақ деген оймен жазған, Үкіметтің назарын аудармақ ниеттегі «Тарбағатай іріленді. Бірақ одан не ұтты?…» деген мақалам «Түркістан» газетінде жарияланды. Бас редакторымыз Қалтай Мұхаметжанов іссапарда жүргенде қол қойып жіберген оның бірінші орынбасары Дидахмет Әшімханұлы еді. Іссапардан оралысымен мақаланы көрген Қалтай аға:

– Ойбай-ау, бұл оңтайлануды БАҚ-тарда талқылауға болмайды деген Үкіметтің нұсқауы бар еді, мыналарың не? Еркінді шақыр, – дегенде Дидахмет:

– Еркін жазғанмен, бастырған мен, Қал-аға. Бұл – барлық ауданға ортақ проблема. Қазір ел қиыншылық көріп жатыр. Жазаласаңыз, мен жауаптымын, – депті. Қал-ағаң содан кейін ғана:

– Әне, сендер сөйтесіңдер, – деп ашуын басқан екен.

Содан бергі 14-15 жылда, әсіресе, шекаралық аудандардың халқы ішкеріге көшіп, шекара бойы бос қалғанын бүгінде көріп отырмыз. «Арқанкерген» мен «Терісайрық» шекара заставаларындағы оқиғалардан соң бұл мәселені тағы да көтергендегі ойымыз ел іргесі бекісін дегендік еді. Бұл мәселені зерттеп, зерделей түсінген облыс Әкімі Бердібек Мәшбекұлы оны оңынан шешудің жолын қарастырып жатқаны қуантады, көңілге сенім ұялатады.

Тағдырдың жазуымен әдебиетіміз бен өнеріміздің біраз тұлғаларымен қызметтес болдым. Ал, Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің қасында алты жылдай жеке хатшысы ретінде бірге болуым Алланың бұйыртқан бір жақсылығы шығар деп түсінемін. Қасым ағаның болмысы, мінезі, адамшылық қасиеті, дүниетанымы қандай қисық ағашты болсын, түзетіп жіберетін тезді көз алдыма әкеледі. Осындайда «Тез қасында қисық ағаш жатпас» деген халық даналығы еске түседі. Бәлкім, ол кісі өзінің сенімінен шығатыныма көзі жеткен соң, мені жеке хатшылығына ұйғарған болар. Мен де осынау хас батыр, ұлы адамның сенімінен шығып, ризалығы мен батасын алғаныма шүкіршілік етемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Амангелді Жанахмет

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button