Қоғам

Ерен еңбек иелері еленді

Ерен еңбек иелері еленді


Биыл шығысқазақстандық шахтерлер мен кен байытушылардың төл мерекесі кең ауқымда аталып өтті. Белоусовка кентіндегі кен орнының 220 жылдығымен тұспа-тұс келген аталмыш сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі айрықша сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күйде тойланды.

Кәсіби мерекелерін «Шахтерлер атақ пен даңққа қашан да лайық!» атты театрландырылған қойылыммен бастаған кен байытушылардың жүзінен риясыз күлкі мен қуаныштың лебін аңғардық. Бұл күні еліміздегі тау-кен өндірісі саласының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Рас, темірдей төзімді кеншілер қандай сый-сияпатқа болсын лайық екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар.
Мерекелік шараға жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Экономиканың серпінді саласы болып саналатын тау-кен өндірісі біздің өңірде алға басып келеді. Еңбегімен ел экономикасының ілгерілеуіне серпін беріп, дамуына үлес қосқан шахтерлер мен кен байытушыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деген облыс әкімінің орынбасары қанша жылдан бері Глубокое ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 18 адамға пәтер кілтін табыстап, тау-кен саласының қызметкерлерін мақтау қағаздарымен марапаттады.

Бұдан кейін сөз кезегін Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов алып, шахтерлер мен кен байытушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Глубокое ауданының қойнауы алтын, күміс, қола, мыс, қорғасын, көмір сияқты табиғи байлықтарға толы. Осындай қазба байлықтарды игеретін мамандарға зор денсаулық пен қажымас қайрат тілеймін! Жалпы, біздің ауданда өндірілетін полиметалл рудалары шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Себебі, Белоусовка, Березовка, Ертіс және Ново-Березовка кен орындарынан шығарылатын металлдар әлемдік полиметалл стандарттарына толық сәйкес келеді, – деді Қалихан Байғонысов.

Бұл күні тау-кен саласында еңбек ететін жұмысшылардың ешқайсысы да марапатсыз қалмады. «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы» төсбелгілеріне ие болып, жұлдыздары жанған еңбеккерлердің қуанышында шек болмады. Солардың бірі – Сәуле Қалияқберова. Төл мерекесінде бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған ол Белоусовкадағы кен орындарының бірінде жұмыс істейді.

– Қызығы мен шыжығы қатар жүретін тау-кен саласында еңбек ету нәзік жан иелері үшін өте ауыр. Десе те маған жұмысым ұнайды, – дейді Сәуле Қалияқберова.

Шахтерлер мен кен байытушылардың төл мерекесінде «KAZ Minerals» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук «Шығыс түсті металл» өнеркәсібінде еңбек ететін Вадим Путников, Фархат Ауғанбаев, Алибек Исанов, Зульфия Жөргекпаева, Ильсура Дауытова, Талғат Даирбаев сынды кеншілерге құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Белоусовка кен орнының 220 жылдығына орай ауданнның тұрғынына пәтер кілті табысталды. Қанша жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізген отбасылар мәз-мейрам болып тарқасты. Осыдан он жыл бұрын Белоусовка кентіне көшіп келген Күлзипа Есбердинова бір бөлмелі пәтерге ие болды.

– Қуанышымда шек жоқ. Шынымды айтсам, бізге үй береді деп мүлдем ойлаған жоқпыз. Бір күн бұрын аудан әкімдігінен хабарласып, сізге баспана беріледі дегенде сенер-сенбесімді білмедім. Осы күнге дейін ұлым мен келінімнің қолында тұрып келгенмын. Құдайға шүкір, өзім сегіз баланың анасымын. «Алтын алқа» иегерімін. Біз сияқты қариялардың өтініш-тілегін жерде қалдырмай, барынша қолдау көрсетіп отырған аудан басшылығына айтар алғысым шексіз, – дейді Күлзипа Есбердинова.

Ерен еңбек иелері еленді

Айта кетейік, кеншілердің төл мерекесінде ашық аспан астында кілем төселіп, қазақ күресінен шағын турнир ұйымдастырылды. Оған 12 балуан қатысты. Турнирде балуандар жан алысып, жан берісті. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған осынау жарыста жеңімпаз атанған спортшыларға ақшалай сыйлықтар беріліп, мақтау қағаздары ұсынылды.

Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда өңірге танымал өнерпаздар Шалқар Мұхамғалиев, Айсарбек Акияшев, «Инкорро» топтары өнер көрсетіп, көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button