Қоғам

Ережесіз жекпе-жек. Шығыстың шенеуніктері тағы да «рингте» жүр

ШҚО шенеуніктері мамандық таңдауда қателескен сияқты. Жұрттың пікірінше, олардың былғары креслода отырғанынан гөрі былғары қолғап киіп шаршы алаңға шыққаны әлдеқайда пайдалы болар ма еді кім білсін? Кейінгі кезде жиілеп кеткен мемлекеттік қызметшілердің арасындағы төбелестер бізді осындай ойға жетеледі.
Әзіл әрине. Дегенмен әр әзілдің астарында бір шындықтың бүгіп жататыны тағы рас.

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айында Өскемендегі «Серебро» мейрамханасында төбелес болып, жергілікті шенеуніктердің бірі оқиға ортасынан табылған. Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда ол кезде бір адам пышақталып, жарақат алған.
Көп ұзамай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мирас Жұмагұлов шаһардағы караоке-барлардың бірінде ішімдікке сылқия тойып, бойжеткенге тіл тигізгені туралы ақпарат тараған. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші ақпарат рас болып шықты. Тәртіптік кеңесте тәртіпсіз басшыны қызметінен алу туралы ұсыныс жасалып, артынша облыс әкімінің шешімімен Жұмағұлов жұмыстан кетті.
Сөйтіп Өскеменде мәдениет басқармасы басшысының «мәдениетсіздеу» әрекетін талқылап жатқанда «Тарбағатай ауданында мәслихат депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі мұғалімді сабап тастады» деген ақпарат әлеуметтік желіде лап ете қалды. Халықтың қамын жейді деп сенген депутат мырза мектепке келіп тұрып, Алғашқы әскери даярлық кабинетінде география пәнінің мұғалімі Өмірхан Қанағатовты ауданның мәселелерін көтеріп жүргені үшін соққыға жыққан.
Ауыр соққыдай болған жаңалықтардан есеңгіреп, енді-енді ес жия бастағанда Шығыста тағы да шу шықты. Бұл жолы Әділет департаментінде. Жұртты дүрліктіріп жүрген басқа емес тәртіптік комиссияның төрағасы екен. Отызында орда бұзған азамат, өзінің мәнсабын да бұзып алған секілді. Ол қарамағындағы жасы 50-ден асқан ер адамға қол көтерді деген ақпар тарады. Жәбірленуші тиісті орындарға шағымданған.


– Дауысын қатты көтеріп, менің беделімді түсіріп, Сіз осылай істедіңіз деп маған, мен бәрін дәлелдеп айтайын деп едім, бұл кісі тыңдамай, жұмыс үстелімді айналып келіп мұрнымнан ұрды. Қатты соқты, қан аққан жоқ, бірақ танауым ісіп кетті, – дейді Әділет департаментінің инспекторы, жәбірленуші Жанат Қадырбеков.

Мәселені білмекке департаментке хабарласқан едік, «Тергеу амалдары аяқталмай жауап бере алмаймыз», – деп қысқа қайырды. Ал Полиция департаменті бұл сұраққа арнайы хат жіберуді талап етті. Хат жібердік. Ендеше ресми жауабын күтейік.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button