Цифрлық Қазақстан

Енді мәртебеңіз QR код арқылы анықталады

Жалпы жұрттың жүріп-тұруына шектеу қойылып, халықтың әбігерге түскеніне жылдан астам уақыт болды. Ел ішінде ары-бері бару үшін тест тапсырып, анықтама алуға мәжбүр етті. Алдағы уақытта аурудан аман екеніңді дәлелдеу жеңілдей түспек. Ендігі жерде жұрт өз мәртебесін QR код арқылы анықтай алады.

Тұрғындардың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдету мақсатында QR код орналастырылған сайт әзірленіп жатқандығын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді. Алдағы уақытта кез келген мекемеге барғанда смартфоныңыздағы QR код бағдарламасы арқылы өзіңіздің жағдайыңызды анықтап бере аласыз.

– Азаматтар Ashyq жобасындағы мәртебесіне қатысты көптеген сұрақ қояды. Олардың пікірін ескере отырып, әр адам QR-код арқылы өз мәртебесін бейтарап кіріп, тексере алатындай қызмет жасадық, – деді вице-министр.

Қазіргі таңда әр азамат мәртебесін ПТР-тест анықтамасы арқылы білетін болса, енді бағдарлама негізінде анықтай алады. Өйткені QR код арқылы берілетін мәртебе Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтер базасынан алынады. Ал зертханалар әр азаматтың дерегін базаға тексеру барысында енгізіп қояды. Қоғамдық орынға кірмес бұрын әр азамат қосымша арқылы QR кодпен өз дерегін сканерлеп, нәтижесін бақылаушыға көрсетеді. Берілген код мекемеге немесе қоғамдық орынға келген адамның мәртебесін анықтайды. QR код арқылы берілетін мәртебе ПТР зерттеудің бірыңғай интеграциялық порталының ақпараттық жүйелерімен және Денсаулық сақтау министрлігінің Сovid-19 басқару орталығымен салыстырып тексеру негізінде беріледі.

Егер QR код арқылы тексеру барысында сізге «қызыл» мәртебе берілсе, кері қайтуға мәжбүрсіз. Ал «сары» болса, осыған дейін ауырған адамдармен байланысты болғандығыңыздың дәлелі. Ондай жағдайда жақын маңдағы дүкен мен дәріханадан басқа жерге баруға болмайтындығы ескертіледі. Ал QR код «көк» түсті көрсетіп тұрса, сізге жол ашық. «Жасыл» түс көрсетсе, күллі әлемді жалпағынан басып, кез келген жерге бара беруге болады.

Қазіргі уақытта Ashyq жобасын қоғамдық орындар көбірек қолданып, сегіз облыстан 500-ден астам нысан қатысып отырғандығы айтылды.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button