Диплом QR-код арқылы беріледі
Білім беру саласын цифрландыру аясында биыл колледждердің 140 мыңнан астам түлегі дипломды QR-код арқылы алады.
Бұл туралы ҚР Білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Министрліктің мәліметінше QR-код технологиясын пайдалану жалған диплом жасаудан қорғауға және жұмыс берушілердің диплом түпнұсқалығын бірден тексеріп алуына мүмкіндік береді.
– QR-код дипломның түпнұсқалығын тексеруге жақсы. Ол құжаттың иесі жайлы деректер, оның оқу орны туралы мәлімет пен Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған құжаттар көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді. QR-кодта түлектің аты-жөні, ұйымның атауы, түскен/бітірген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі сияқты түлекті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін барлық мәліметтер болады, -деді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 6 шілдесінен бастап биыл беріле бастаған ТжКБ дипломдары цифрлық жеке және жүргізуші куәліктері секілді электронды үкімет порталындағы жеке кабинет немесе eGov электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттар сервисі арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы алуға болады.
Ынтымақ Толқын