Қоғам

Елордалықтарды ерекше әсерге бөледі

Елордалықтарды ерекше әсерге бөледі


Бүгінде әлем назары Арқа төріндегі сұлу шаһар – Астанаға ауып отыр. Бас шаһардың мәдени, рухани өмірі де әр күн сайын өзгеше өрнекпен толығып, білім көкжиегін кеңейтер ғаламат ақпараттармен айшықтала түсуде. Бүгінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында мұнда Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері өтуде. Шілденің 21-інде басталған Шығыстың мәдени күндерінің қала тұрғындары мен қонақтарына сыйлаған әсері ерекше.

Астана халқы қашанда қонақжай ғой. Әсіресе, Шығыс десе, бас шаһардың тұрғындары мен қонақтарының көңілі мен ықыласы ерекше. Өйткені, асқақ Алтай – күллі түркі әлемінің атақонысы, от жаққан Отаны ғой. Күннің арайлап Шығыстан ататыны секілді, рухани әлеміңді байытып, жан дүниеңді нұрландырар небір жаңалық та көбіне Шығыстан есіп жатады. Бұл жолы да астаналықтар мен қала қонақтарының «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған Шығыс Қазақстан күндерін ерекше қуанышпен күткені байқалып тұр. Алғашқы күннен-ақ адам қарасы өте көп болды.

Аймақтың Астанадағы күндерінде қала тұрғындары мен қонақтары «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде бірегей археологиялық жәдігерлер және экспозициялармен танысуға мүмкіндік алды. «Ата-бабалар мұрасы» атты археологиялық артефакттер көрмесі келушілерді археология ғылымы салысында соңғы жылдары ашылған тың жаңалығымен таң-тамаша етті. Көрмеге Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандарынан, сондай-ақ Ұлан ауданындағы Аблайкит бекінім-монастрінен табылған 3000-нан астам жәдігер көшірмелері қойылған. Сонымен қатар, осынау көрмеге есімі Қазақстанға ғана емес, шет мемлекеттерге де кеңінен танымал Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлебаев, Карл Байпақов секілді ғалымдардың Шығыс өңірінде соңғы екі жылдағы еңбектері де ұсынылды.

Жалпы, бұл арада Шығыста облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен 2016-2018 жылдарға арналған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ауқымды бағдарламаның қолға алынғанын атап айтқанымыз жөн. Тек екі жыл ішінде ғана осынау археологиялық бағдарламаны қаржыландыруға облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаражат бөлінген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Шілікті жазығындағы сақ обаларын қазушы археологтар тобының жетекшісі Әбдеш Төлеубаев мұнда ерте темір дәуі¬ріне жататын 200-ге жуық сақ обалары бар екенін айтады. Еуразия даласында дәл осындай элитарлық обалар тығыз топ¬тасқан аймақ өте сирек кездеседі екен.

Мен – Шығыстың тумасымын. Туған жерімнің тарихының қандай бай екенін көріп, таңғалып тұрмын. Жүрегімді біртүрлі мақтаныш кернеп тұр. Біз мәңгілік ел боламыз десек, өткенімізді тануға бет бұруымыз керек. Бұл орайда аймақ басшысы өте игілікті іс жасап жатыр екен, – дейді Астана қаласының тұрғыны Айгүл Қуандықова.

Сондай-ақ, шілденің 23-інде Астанадағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде ұйымдастырылған шығысқазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесі де тамашалауға келген жұрттың көңілінен шықты. Шеберлер елорда тұрғындарына былғары мен ағаштан, түрлі-түсті металдан жасаған ерекше туындыларын тарту етті. Әсіресе, Айман Боқбасарова, Жұматай Айбын, Гүлнар Қожамжарова, Наталья Жукова секілді шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс жоғары. Шеберлер Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына өздерінің қолдарынан шыққан бұйымдарды ғана ұсынбай, көрмеге келушілерге тоқыма тоқу, ағаштардан бұйымдарды дайындау бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Көрмеге қатысушылардың бірі, Абай ауданы, Көкбай ауылынан келген шебер Айбын Жұматайұлының негізгі коллекциясы – қамшы. Оның алдында тобылғы сапты қамшы дейсіз бе, әлде, дойыр қамшы дейсіз бе, бәрі бар. Тіпті, еліктің сирағынан жасалған қамшы да бар. Ол өзінің қолынан шыққан бұл бұйымдарға әсіресе, шетелдіктердің ерекше қызығушылықпен қарайтынын айтады.

Сондай-ақ, кешен аумағында қойылған «Родной земли -многоголосье» атты фотокөрменің де келушілерге берері көп. Фото-көрмеге шығысқазақстандық Алексей Мазницин, Сергей Суров секілді танымал фотографтардың 50-ден астам фотокартинасы қойылыпты. Мұзтау, Рахман қайнарлары, Қиын-Керіш, Сібе көлдері, Алакөл, «Жидебай-Бөрілі» кешені, Бұқтырма су қоймасы және тағы басқа үздік фотосуреттердегі Шығыстың тамылжыған табиғаты өзіндік сұлулығымен көрген жанның көзін суырып, тамсантпай қоймайды.

Елордалықтарды ерекше әсерге бөледі

Мұндай мәдени шарада ән мен жырдың орны қашанда бөлек. Облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының концерті де астаналықтар мен қала қонақтарын әсем ән мен тәтті күйге бөледі. Облыстағы мақтаулы дәстүрлі ән орындаушылар, ұлттық аспаптар оркестрі, Абай атындағы және облыстық драма театрларының әртістері де аянып қалмады. Шілденің 21-інде М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Абай атындағы драма театрының ұжымы Э.Портердің «Поллианна» спектаклін сахналады. «Қазанат» атшабарында облыстың спортшылары ұлттық спорт түрлері бойынша көрсетілімдік қойылымдар қойып, Астана төрінде көкпар, қазақша күрес, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар өнер көрсетті. Олардың құрамында аударыспақ бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы Ерзат Жапишев, қазақша күрестен Қазақстан чемпиондары Ерзат Арғынов, Әділ Төкешев, Фархат Қайырбеков және Айбек Ағыбаевтар бар. Қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақ бойынша да жарыстар өте тартысты өтті. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Астанаға ұлттық спорт түрлері бойынша арнайы дайындалған 30 спорттық сәйгүлігін алып келді.

Елордалықтарды ерекше әсерге бөледі
Елордалықтарды ерекше әсерге бөледі

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының күндері Этноауылдағы көрмелермен ғана шектеліп қалмауда. Күн сайын «Бәйтерек» монументінің алаңы мен Жастар саябағында Шығыс Қазақстан облысынан шыққан Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен ойын-сауық іс-шаралары өтуде.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының күндері «ЭКСПО-2017» кешеніндегі Амфитеатрда «Шырайлы Шығыстан – атағы асқақ Астанаға» атты гала-концертімен қорытындыланбақ. Гала-концертке халық әртісі Роза Рымбаева, жастардың сүйікті орындаушысы Әли Оқапов, сонымен қатар, Шығыс Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысады.

Елордалықтарды ерекше әсерге бөледі

Жалпы, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі басталғалы бері оны 36 700-ден астам шығысқазақстандық тамашалаған. Ағымдағы жылдың 23 шілдесіне дейін облыста «ЭКСПО-2017» көрмесіне 89 700 билет сатылып алыныпты. Сонымен қатар, халықаралық көрмені облыстағы 26 000 бала, оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 15 500 бала, 905 жетім бала, 3 750 дарынды бала және 4 595 колледж студенттері тамашалайтын болады.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button