ТОП

Еліміздің көк байрағы қалай қабылданды?

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бірден мемлекеттік рәміздерді қабылдау қажеттігі туындады. 1992 жылдың қаңтарында Ту, Елтаңба және Әнұран әзірлеуге конкурс жарияланды. Оған тек кәсіби суретшілер мен дизайнерлер ғана емес, кез келген адам өз нұсқасын жібере алды.

Мыңнан астам нұсқа ұсынылды

Қатысушылар арасында тек ел азаматтары ғана емес, Германия, Түркия, Моңғолия тұрғындары да болды. Түрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, мемлекеттік тудың барлығы 1200-ге жуық нұсқасы ұсынылыпты. Комиссия жұмысына мәдениет қайраткерлері, Жоғарғы Кеңес мүшелері, сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Конкурстық комиссия отырыстарының бірінде ол көгілдір түстің сұлулығына ерекше назар аударған екен.

Белгілі суретші және дизайнер Шәкен Ниязбеков тудың өз нұсқасын жасауға бел шешеді. Ленинград көркемсурет училищесін «ағаш өңдеу» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін ол ағаш шеберханасында жұмыс істеген болатын. 1961 жылы Ш.Ниязбеков «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехословакияда өткен байқауда бірінші орын мен алтын медальді жеңіп алады. Одан әрі ол 50-ден астам халықаралық және бүкілодақтық конкурстарға қатысады. Олардың арасында Францияның Монреаль қаласында өткен дүниежүзілік «Экспо-67» көрмесі де бар. Ш.Ниязбеков Эрмитаж, Петродворец және Исаак соборының интерьерін қалпына келтіруге қатысқан, Бауыржан Момышұлы, Шоқан Уәлиханов, Сырым Датұлы, Абай сынды тұлғалардың мүсіндерін жасаған.

Талантты суретшіні сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаев байқайды. Ол 1966 жылы Ш.Ниязбековті Алматының бас суретшісі етіп тағайындайды, 1986 жылдан ол Қазақстан Суретшілер одағын басқарды.

Жалаудың эскизін төрт ай сызған

Жұмысты бастамас бұрын Ш.Ниязбеков қайталау болмасын деп, әлем елдерінің жалауларын тиянақты зерттейді. Ол төрт ай бойы жалаудың эскизін жасайды.

– Шәкен қазақ халқының тарихын жақсы білді. Оны әсіресе көк түркілер мен тәңіршілдік тақырыбы қызықтырды. Тудың негізгі түсін таңдау кезінде дәл осы аспан мотивтері әсер етті, – деп еске алады Шәкен Оңдасынұлының жары Зүлфира Ниязбекова.

Көк түс ежелден көшпенділер арасында шексіз аспанмен, даламен, өзен-көлдермен байланысты болған. Аспан көк түркілер үшін қасиетті саналды. «Көк» сөзі – өмір, жаңару сияқты ұғымдарға қатысты көптеген басқа сөздердің түбірі. Геральдика тілінде бұл түс адалдық, мінсіздік, сенімділік пен бейбітшілік дегенді білдіреді.

Қазақ халқы ежелден күнді қастерлеген. Ол байлық пен молшылықты білдіреді. Бүркіт түрлі елдердің жалауларында жиі кездеседі. Алайда көп жағдайда бұл құс агрессивті түрде күштің символы ретінде бейнеленген. Қазақстан туында бүркіт қалықтап тұр. Бұл бостандықты, тәуелсіздікті, жарқын болашаққа деген ұмтылысты білдіреді. Ту сабының тұсындағы ою халқымыздың бай және алуан түрлі мәдениетін паш етеді.

Байқау финалына Ш.Ниязбековтің туынан басқа бірнеше нұсқа өтеді. Олар да өте ерекше болды, шаңырақ, бес жұлдыз сияқты элементтерді қамтыды, ал бірі Өзбекстанның туына қатты ұқсады.

Ою алғашында қызыл түсті болыпты

1992 жылдың 4 маусымында Жоғарғы Кеңесте финалға өткен Ту мен Елтаңба нұсқалары соңғы мәрте талқыланды. Комиссия отырысына қатысушылардың бірінің естеліктері бойынша, Ш.Ниязбековтің туы көрсетілген кезде Тұңғыш Президентіміз бірден «Міне, осы!» деп қаттырақ айтып қалған екен.

Мемлекеттік рәміздерді қарау алты сағатқа созылады. Соңында депутаттар бекітілген нұсқаларды қабылдап, қол шапалақтап қарсы алады.

Бастапқыда комиссия қабылдаған мемлекеттік тудың нұсқасы қазіргіден сәл өзгешелеу болды. Ою-өрнек қызыл түсте, басқа пішінде әрі үзік-үзік болды. Тудың мұндай сипаты 1992 жылғы 4 маусымда қабылданған «Мемлекеттік Ту туралы» Заңға енді. Алайда Елбасы тудың үш түсті болуы алабажақ көрінетінін айтып, қосымша кеңес өткізеді. Нәтижесінде, ою-өрнек өзгертіліп, оны да алтын түсті етіп жасау туралы шешім қабылданады.

1992 жылғы 6 маусымда Абай атындағы опера және балет театрында Мемлекеттік рәміздерді таныстырудың салтанатты рәсімі өтті. Тұңғыш Президент туды сүйіп, ант берді, содан кейін Президент резиденциясы мен Жоғарғы Кеңесі ғимаратының үстіне ту көтерілді. Бұл оқиға артиллериялық қарудан оқ атумен аталып өтілді.

Жаңа тудың енгізілуіне байланысты техникалық қиындықтарға байланысты заңнамалық актілер 1994 жылға дейін Қазақ кеңестік социалистік республикасының ескі туларын тұрмыста пайдалануға рұқсат берді.

Қазақ балуаны Барселонада алып өтті

 

Қазақстан 1992 жылғы Барселона Олимпиадасына ТМД құрамында қатысқанмен, балуан Дәулет Тұрлыханов елдер шеруінде көк байрағымызды алып өтті. Осылайша, Қазақстан туы алғаш рет әлемдік қауымдастыққа ұсынылды. Екі жылдан кейін ол шаңғышы Владимир Смирновтың жеңісіне орай Лиллехаммер олимпиадалық стадионында әнұранның әуенімен көтерілді. 1996 жылғы жазғы ойындарда көк ту боксшы Василий Жиров, бессайысшы Александр Парыгин және балуан Юрий Мельниченко жеңістерінен кейін үш рет әуеледі.

Елорданы ауыстырған кезде Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондары Президенттің жаңа резиденциясына көшті.

Конституциямызда Мемлекеттік туға қатысты жалпы сипаттама ғана берілген, яғни түсі – көк, бүркіт, күн және ою – алтын түстес.

Жұбайының айтуынша, Шәкен Ниязбековке тудың нұсқасы үшін сыйлық ретінде түрлі-түсті теледидар берілген екен. Аса қарапайым адам болғандықтан ол өзі үшін ештеңе сұрамапты, мемлекеттік рәміздің авторы деген атағын пайдалануға тырыспаған. Ол тек байрақты халық қалай қабылдайды екен деп қатты алаңдаған көрінеді. 1993 жылы Шәкен Ниязбеков тағы бір танымал символды – Алматы қаласының гербін жасайды. Өмірінің соңына дейін ол мектептер мен университеттерге барып, Мемлекеттік ту туралы айтып, оның элементтерінің  терең мән-мағынасын түсіндірумен болды.

 

Әзірлеген – Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button