Қоғам

Электрондық қызметтің игілігін ел көре бастады

Электрондық қызметтің игілігін ел көре бастады
Республиканың әр аймағында қазір мемлекеттік қызметтерді электронды түрге ауыстыру бағытында шаралар қызу жүргізіліп жатыр. Электронды құжат айналымын елімізде алғашқылардың бірі болып қолға алған біздің облыста бұл мақсатта ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен облыс аумағындағы заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде. Ағымдағы жарты жылда 1 352 909 қызмет жүзеге асырылған болса, мұның 2 760 қызметі электрондық үкімет порталы арқылы жүргізілген-ді.

Мемлекет басшысының электрондық үкіметті дамыту жөнінде берген тапсырмасын іске асыру барысында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру, электронды түрге ауыстыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта 14 қызмет аудандық деңгейде көрсетілсе, 26-сы «www.egov.kz» порталына шығарылған. Оның ішінде 9 лицензия беру мен 7 әлеуметтік маңызға ие қызмет. Бұл ең әуелі шалғайдағы елді мекендер тұрғындары үшін аса тиімді.

Мәселенки, электрондық қызметтерді толық көлемде дамытып, оның халыққа ұсыну үшін 2005 жылы өңірде облыс Әкімінің екі тілдегі ақпараттық порталы құрылған. Алғашқы жылы мұнда екі мыңнан астам ұсыныс-арыздар келіп түссе, кейіннен олардың саны бірнеше миллионнан асып жығылған.

2009 жылдан бері өңір басшысының www.akim.blog.vko.gov.kz жеке блогы жұмыс істейді. Мұнда да түсіп жатқан ұсыныс-арыздар мен сауалдар жыл санап артып келеді. 2007 жылы іске қосылған азаматтар мен бизнес өкілдеріне арналған қызмет көрсетудің электрондық порталында мемлекеттік органның 112 виртуалдық қабылдау бөлмесі бар. 2012-2014 жылдары электрондық әкімдікті аудандық өңірлерге жеткізу көзделіп отыр.

Өңірде сонымен қатар электрондық дәріхананың қызметі іске қосылып, алғашқы екі айда 9 мыңнана астам адам жүгінген. Бүгінде бұл порталда ақпараттық форумдардан қандай да бір дәрі-дәрмек туралы кеңес алуға болады. Және қаланың қай дәріханасында қандай дәрі бар екендігін білуге мүмкіндік бар. Осыған орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ электрондық үкіметке кіру қарапайым халық үшін қол жетімді болу үшін осындай қоғамдық қол жеткізу пункттерін көбейту қажеттілігін айтқан.

Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ өңірдің барлық аудандарына жоғары жиілікті интернет желілерінің коммуникациясын тартып берді. Мәселесі шешілмеген тек Абай ауданы. «Қазақтелеком» мұны 2015 жылға жоспарлапты. Алайда, облыс басшысы таяу арада бұл мәселе шешіліп, коммуникацияға қажетті 30 миллион теңгені бюджеттен бөлуді қарастыратындықтарын айтты.

Бүгінде шығысқазақстандықтардың бірқатары электрондық үкіметтің шапағатын көріп отыр. Әсіресе, ұшақ билетін броньдау, коммуналдық төлемдерді интернет арқылы төлеу, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру үшін кезекке тұру, бос орын вакансиясын қарастыру сияқты қызметтерді сабылмай-ақ үйде отырып атқару адамдардың біраз шаруасын жеңілдеткені рас. Ол үшін бар-жоғы электрондық цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Қолтаңбаны кез келген адам жеке бас куәлігімен халыққа қызмет көрсету орталығына барып, аз ғана уақытта ала алады. Бүгінгі таңда облысымызда 10 мыңнан астам адамның осындай қолтаңбасы бар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button