Журналистік зерттеу

Электронды күнделіктің ертеңі қандай?

Электронды күнделіктің ертеңі қандай?


Соңғы кездері мектеп жасындағы оқушы балалары бар ата-аналарды елең еткізген жаңалықтардың бірі – мектептерге электронды күнделіктің енгізілуі мәселесі болды. Ел болған соң, түрлі пікірдің болуы заңды, әрине. Біреулері, электронды күнделікті қуана қолдаса, тағы бірі бұл жаңалықты жатырқап, жатсынуда. Десе де, өмірімізге дендеп еніп, тамырын тереңге жайып келе жатқан заманауи технологияның арқасында алдағы болашақта кәдімгі қағаз күнделіктің келмеске кетер түрі бар. Сонымен, электронды күнделікті енгізу мәселесі неге әлі күн тәртібінде тұр? Оның пайдалы тұстары қандай? Біз төмендегі мақаламызда осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық.

Қоғам жаңа жүйені неге жатырқап жатыр?

Бір қарағанда, электронды күнделік жүйесін еліміздің білім саласына енгізу мәселесі кеше ғана көтерілген сияқты еді. Нақты айтсақ, 2015 жылы ғана бұл жобаны еліміздің мектептеріне енгізу мәселесі көтеріле бастаған болатын. Енді, міне, небары екі жылдың ішінде республика бойынша электронды күнделік пен журналдарды пайдаланушы мектептердің қатары едәуір артып, санының ұлғайғаны байқалып отыр. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің келтірген дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда еліміз бойынша «Күнделік» жүйесін 4 мыңнан астам мектеп, 174 мыңнан астам мұғалім, 1,4 млн. оқушы, 854 мыңнан астам ата-ана пайдаланып отырған көрінеді. Жаңа оқу жылынан бастап осы электронды күнделік арқылы 64,5 млн баға қойылып, 9,6 млн. үй тапсырмалары беріліпті.

Десе де, таяуда ғана өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев білім саласына енгізілген бұл ақпараттық жүйенің қоғамда қатты талқыланып жатқанын атап айтып, сын садағына алды.

– «Электронды күнделік» жүйесіне қатысты қоғам көзқарасы неге сан алуан. Егер ол барлығына пайдалы болса, қоғам неге қатты талқылап жатыр? Адамдардың қарсы болатындай себебі бар шығар? Біз бұл жағын білмейміз. Дегенмен ата-аналар, мұғалімдер арасында бірқатар келіспеушіліктер туындап жатқанға ұқсайды. Сондықтан осында айтылған мәселелердің барлығы қоғам талқысына салынғаны жөн, – деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бұл жобаға қарсы емес екенін, тіпті игілігі көп болса «Цифрлық Қазақстан» аясында жетілдіруге болатынын да жеткізді. Қалай десек те, бүгінгі таңда қоғам арасында білім саласында қолға алынған осынау ақпараттық жүйені жақтаушылар да, жатырқаушылар да бар екені белгілі болып отыр.

Жалпы, электронды күнделікті ойлап тапқан американдық ғалым Сэм Питрода көрінеді. Бүгінгі таңда әлемде электронды күнделіктер мен журналдардың игілігін көріп, кеңінен қолданып отырған елдер де баршылық. Олардың арасында Ұлыбритания, Хорватия, Латвия, Ресей, Беларусь, Малайзия, Италия, Франция секілді мемлекеттер бар. Сонымен қатар, электронды күнделік Сингапурдың білім жүйесіне де дендеп енгізілген. Хорватияда электронды күнделік бағдарламасын елдің білім министрлігінің өзі қолдап отырған көрінеді.

Ал біздің елде электронды күнделік төңірегіндегі «жыр» әлі басылмай тұр. Тіпті астаналық ата-аналардың «Электронды күнделік» жүйесіне өздерін мәжбүрлі түрде тіркемекші болғандарға қарсы шыққаны да белгілі.

Электронды күнделік жүйесі біздің облыста да қолға алынуда. Өткен жылдың тамыз айында ғана kundelik. kz сайтына облыстағы 653 білім беру мекемесінің 383-і қосылыпты. Ол мектептердің барлығында арнайы сайт ашылып, оған сабақ және қоңырау уақытының кестесі, мұғалімдер мен оқушылардың және олардың ата-аналарының тізімі енгізілген. Өңірлік жаңа технологиялар орталығының директоры Сергей Коваленко бұл жобаны меңгеру үшін 200-ден астам мұғалімнің арнайы курстан өткенін, жобаға кіріспес бұрын электронды күнделікті қолдануда сервер қызметінің тоқтап қалуы, ғаламтор желісінің баяулауы сияқты жиі жіберілетін қателердің анықталғанын айтады. Сергей Коваленконың айтуынша, электронды күнделік жобасы мұғалімдерді қағазбастылықтан аз да болсын арылтып, жұмысын жеңілдететін көрінеді.

Электронды күнделіктің тиімді жақтары бар ма?

Электронды күнделіктің ертеңі қандай?

Күнделік – оқушылардың күнделікті алған білімдерінің есебі толтырылатын қарапайым ғана құжат болғанымен, ол – мектеп пен ата-аналар арасын байланыстыратын дәнекер. Әрбір ата-ана күнделік арқылы баласының оқудағы беталысы мен тәртібін ғана бақылап қоймай, сынып жетекшісімен де байланыс орнатады. Тіпті кейбір отбасыларында мектеп күнделіктері отбасылық жәдігерге де айналған. Баласының мектепте оқыған кездегі күнделіктерін естелік ретінде сақтап қоятын ата-аналар да жетерлік. Ал енді бүгінгі таңда сол қағаз күнделіктің орнын электронды күнделік алмастырмақшы.

Әрине, заман ағымынан қалуға болмайды. «Заманына қарай амалы» дегендей, түптің түбінде электронды күнделікке де түбегейлі көшетінімізге дау жоқ. Бірақ көптеген ата-аналар қанша жерден электронды күнделіктер өмірімізге терең енуге ентелегенімен, бәрібір қағаз күнделіктерді қимайтын секілді. Сыртындағы «Күнделік» деген жазуының өзі тіпті олардың көзіне сондай ыстық. Балаңның мектепте алған бағасын қағаз күнделіктен қараудың өзі ата-анаға өзгеше сезім сыйлайтындай.

Десе де, мамандар электронды күнделіктің артықшылықтары бар екенін, оған да әлі ата-аналардың көзі үйренетінін айтып отыр.

Біріншіден, енді ата аналар электронды күнделіктің көмегімен өз баласының мектепте қандай баға алғанын кез келген уақытта, жұмыста отырып-ақ біле алады. Ол үшін ата-ана логині мен құпиясөзді теріп, kundelik.kz сайтына кірсе болды. Ондағы «Балалар» — «Күнделік» деген бөлімдер арқылы өз баласының электронды күнделігін көре алады.

Электронды күнделікке тіркелсеңіз, жұмыстан үйге шаршап келген соң, балаңыздың қай пәннен неше алғанын қадалып сұрамайсыз. Оны сіз бағана жұмыста отырып-ақ онлайн арқылы біліп алғансыз.

Екіншіден, мектепте өтетін түрлі шараларды, жаңалықтар мен басқа ақпараттарды да сіз осы сайттан оқып біле аласыз. Кейде балаларымыз кейбір хабарландыруларды бізге айтуды ұмытып та кетіп жатады. Электронды күнделік осы олқылықтың орнын толтырады.

Үшіншіден, үйге қандай тапсырма берілгенін де ата-аналар электронды күнделіктен біліп отырады.

Бір қарағанда, мұндай күнделік ата-анаға өте ыңғайлы. Ендеше электронды күнделік неге көбіміздің көңілімізге жақпайды? Біздің ойымызша, бір жағынан бұл жерде әлеуметтік мәселе де жатыр. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегендей, ата-аналардың барлығының жағдайы бірдей емес. Иә, балаңның бағасын жұмыста отырып қымбат смартфоннан қарай салған әлдеқайда жеңіл. Бірақ сол құрғырыңды сатып алуға кейбір ата-аналардың жағдайы да жоқ екенін жасырып қайтеміз. Содан кейін, бұл жобаны елімізде қолға алып, жүзеге асырып жатқан жекеменшік ресейлік компания екендігі де қазақстандықтардың сенімсіздігін тудырып отырған сыңайлы. Кез келген жекеменшік компанияның пайданы көздейтіні белгілі жайт қой. Пайдасы болмаса, ешқандай компания мұндай ауқымды жобаны қолға алуға келісе бермейді. Электронды журналды енгізу, электронды оқулықтарға баға қою, үй тапсырмасы секілді қызметтердің барлығын жоба авторлары тегін ұсынып отырғанымен, еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ақпанда өткен Үкімет отырысында kundelik. кz жүйесінің авторларына жарнама арқылы пайда табуға мүмкіндік берілгенін, яғни, ата-аналар компанияның интернет-дүкен, виртуалды конференция, смс-хабарлама секілді қосымша қызметтерін пайдаланған жағдайда қалтасынан қосымша ақша төлейтінін ашып айтты. Қарапайым қағаз күнделік көп болса 300-350 теңгеге түсетін болса, электронды күнделік одан әлдеқайда қымбатқа түсуі де мүмкін.

Содан соң, жобаның жемісті жүзеге асуы мектептердегі компьютерлердің сапасы мен жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісіне қосылғанына да тікелей байланысты. Министр Ерлан Сағадиевтің Үкімет отырысында келтірген дерегі бойынша, еліміздегі жеті мың мектеп ғаламтор желісіне қосылған көрінеді. Бұл шамамен елдегі мектептердің 90 пайызын құрайды. Бірақ соның тек мыңы ғана екі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіліпті.

– Электронды күнделік – уақыттың талабы болғанымен, бұған біздің мектептер әлі дайын емес деп ойлаймын. Әсіресе, бұл мәселе, ауылды жерлер үшін өте маңызды. Ондағы халықта сапалы компьютер мен қымбат смартфондар қайдан болсын. Ата-ана ретінде маған өзіміздің дәстүрлі қағаз күнделік ыңғайлы, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Роза Жанұзақова.

Қалай десек те, жаңа жүйенің аты қашанда жаңа. Электронды күнделіктің ертеңінің қандай боларын әлі-ақ уақыттың өзі көрсететіні сөзсіз. Бір жақсысы, әзірге мектептердің ешқайсысы электронды күнделікті жүргізуге міндеттелмейтін көрінеді. Қағаз күнделікті ме, әлде электронды күнделікті қалай ма, бұл да әзірге ата-ананың өз еркіндегі шаруа. Бірақ, электронды күнделікті жатырқап жүріп, көштің соңында да қалып қоймағанымыз жөн болар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button