Қоғам

Ел күткен мерейтой ертең басталады

Ел күткен мерейтой ертең басталады
Ертең, 20 қыркүйек күні, қасиетті Семей жерінде тамам жұрт тағатсыздана күткен Қазақ футболының 100 жылдық мерейтойы басталады. Берісі республиканың түкпір-түкпірінен, арысы шет елдерден аттай қалап шақыртып отырған құрметті қонақтардың қатысуымен болатын бұл мерекеге әзірліктің соңғы аккордтары, салтанатты шараны ұйымдастыру және өткізу бағдарламасы туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай баспасөз мәслихатында кеңірек айтып берді.

«Спартак» стадионы мерекеге дайын

Иә, біз бұл айтулы күнге дайындық жұмыстарын бір жыл бұрын бастағанбыз. Жауапкершілігі жоғары істі атқаруды Шығыс Қазақстан өз міндетіне алған соң облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тиісті орындарға нақты тапсырмалар жүктеген-ді. Солардың ішінде жыл басынан бері өткізілген ірілі-ұсақты спорттық турнирлерді былай қойғанда, Семейдегі «Спартак» стадионына күрделі жөндеу жүргізу, жүз жылдыққа жүз алаң салу жоспарын іске асыру секілді үлкен шаруалардың күн тәртібіне қойылғаны рас. Бүгінгі күні осы міндеттердің барлығы орындалып, торқалы тойды жоғары деңгейде өткеруге тас түйінбіз.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша, уақыт тығыздығынан «Спартак» стадионында құрылыс жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіліп, бүгін кешке ең соңғы нүктесі қойылады. Ертең таң бозынан жасыл алаң сақадай сай болады. Өйткені, мерекелік шаралардың негізгісі сол жерде өтеді. Сондықтан 1960 жылдардан бері жөндеу көрмеген стадионды бастан-аяқ жаңалауда. Астаналық мердігер компания бүгінде трибунаны қалпына келтіру, электр желілерін ауыстыру, жарықтармен жабдықтау, жүгіру алаңын жаңалау, кафельдер төсеу, ғимараттарды жөндеу, қосалқы алаң салу секілді жұмыстарды тындырған. Сонау Мәскеудегі электротехникалық зауыттың өзінен жарық жанатын арнайы 156 шам алдырып, орнатыпты. Бір айдың ішінде (күрделі жөндеу 20 тамызда, яғни, конкурс өткізіліп, мердігер мекеме анықталған соң басталған) осыншалық ауқымды жұмысты тындыруын тындырғанмен, оның сапасын да ойлау керек қой. Бұл жөнінде басқарма басшысы Әбіл Дөңбай былай деп түсіндірді: – Әрине, мен құрылысшы маман емеспін, бірақ жауапты тұлға болғандықтан жұмыстың басы-қасында Семей қаласының әкімімен бірге жүріп, оның сапалы болуын күндіз-түні қадағалап отырдық. Құрылысшылар қарқынды жұмыс істеді. Меніңше, сапасыз деуге келмейді олардың еңбектерін. Егер артынан кемшіліктер табылған күннің өзінде оның бәрін мердігер компания кепілдік негізінде өз есебінен қалпына келтіріп береді.

Бұл күнде ақпарат құралдары арқылы көп насихатталып, республика жұртының назарына іліккен тағы бір мерейтойлық үлкен іс ол – «Жүз жылдыққа- жүз алаң» жобасы. Басқарма басшысының дерегіне сенсек, қазір межеленген 108 шағын футбол алаңының 100-і дайын, ал қалған сегізі жыл соңына дейін іске қосылмақ. Өңірдегі барлық қалалар мен аудандар бұған бір кісідей атсалысып, бюджеттің және демеушілердің қаржысының арқасында жасанды алаңдар көптеп бой көтерді Шығыста. Осы орайда журналистер тарапынан Алтайдың ұзақ қысы мен жаңбырлы жазында жастарды футболға тұрақты тәрбиелеу үшін жабық алаңдар салынса деген ұсыныс-пікір де айтылып қалды. Себебі айналдырған төрт-бес ай уақыт (доп тебуге қолайлы маусым) балалардың толыққанды аталған спорт түрімен айналысып, қандай да бір жетістікке қол жеткізуіне мардымсыз. Оны мамандар да мойындап отыр. Демек, келешекте ашық алаңдармен қатар жабық нысандарды салуға да көңіл бөлінсе деген ниет бар…
Ал енді тойға қайта оралсақ. 20 қыркүйекте жан-жақтан ағылып келетін меймандарды қарсы алады. Басқарма басшысының есебінше, бұл тойға еліміздің әр облысынан бес адамнан, сондай-ақ, Астанадағы жауапты ведомстволардан делегаттар, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия сияқты ТМД елдерінен спорт ардагерлері және сала мамандары қатысады. Мұның сыртында мүйіздері қарағайдай УЕФА мен ФИФА-ның ығай-сығайлары тағы бар. Қысқасы, барлығы 800 адам келеді деп жоспарланған. Оның тең жартысы-ақтық ойындары Семейде өтетін футбол турнирлеріне қатысушы балғын спортшылар.

Мерекелік шара қыркүйектің 20-сы күні «Ярыш» футбол командасының тұңғыш капитаны Ю.Нигматуллинге арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімімен басталады. Содан кейін ол Цементник стадионы мен қаладағы жаңадан салынған жасанды алаңдарда өтетін Семей қаласы әкімінің жүлдесі үшін аула клубтары арасындағы «Былғары доп», «Футбол мерекесі» турнирлеріне ұласады. Лауазымды тұлғалардың, мәртебелі меймандардың, ардагер спортшылардың және жастардың қатысуымен М.Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімі болады.

Екінші күнінде де осы жиналғандар ұлт ұстазы хакім Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етеді. Артынша Кеме жөндеу зауыты ауданындағы Сәтбаев көшесінің бойында жаңадан тұрғызылған тамаша футбол алаңының лентасы қиылады.

Осы күні тал түсте отандық және шетелдік футбол жұлдыздарының қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне спортшылармен кеңірек сұхбаттасудың орайы туындамақ.
Балуандар белдесіп, волейбол фестивалі өтеді

«Қазақстан футболына – 100 жыл» атты көшенің салтанатты ашылуы мен велошерушілерді қарсы алу рәсімдері күндізгі сағат 14.00-де басталады. Айта кетейік, велошабандоздар қыркүйектің 17-сі күні таңертең біздің өңірмен бауырлас Қызылорда облысынан жолға шыққан, сөйтіп Қарағанды, Астана, Павлодар арқылы жүріп өтіп, 21-і күні сағат 15.00-де Семейге келіп жетеді.

Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Қазақ футболына-100 жыл» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция болады. Оған теңбіл доп ойынының қыр-сырын жетік меңгерген, айтары бар отандық және шетелдік майталман мамандар қатысып, бір сыпырасы баяндама жасайды. Қазақ футболына қатысты дүниелердің бәрі осы конференция отырысында талқыланып, қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Бұл жиын ең әуелі өткенді таразылап, ой елегінен өткізіп, саралап барып болашаққа бағыт-бағдар нақтылауға, отандық футболды дамытудың айқын мақсат-міндеттерін анықтап алуға үлкен септігін тигізеді деп отыр мамандар.
Күрделі жөндеуден кейінгі «Спратак» стадионының лентасын қию салтанаты және «Кең сарай» мейрамханасында облыс Әкімінің қабылдауы өткізіледі.

22- қыркүйекте түске дейін «Миллиондар кубогі» турнирінің ақтық ойыны мен футбол ардагерлері арасындағы жолдастық кездесу жалауын көтермек.

Сондай-ақ, қазақстандық балуандармен қатар бес бірдей шет мемлекеттің спортшылары күш сынасатын Д.Тұрлыханов атындағы қазақ күресінен халықаралық турнир, қала мұражайларында мерейтой құрметіне арналған көрмелер де көпшілік қауым қызыға тамашалайтын шаралар болатыны анық.

Бұған қоса «Локомотив» стадионында жанкүйерлер делебесін қоздыратын балалар волейболының фестивалі де мерейтой көрігін қыздыра түспек.

Осындай ұлан-асыр мерекелік шаралардың қорытындысы 22- қыркүйек күні кешке орталық алаңда қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылатын шоу-бағдарламамен, бимен және отшашумен түйінделеді.
Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай өз сөзінде мерейтой күндері қалада Wi-Fi интернет тегін қызмет көрсететінін мәлім етті. Ал бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары жарыса жазған әлем футболының М.Платини, Д.Бекхэм, З.Зидан, Ф.Каннаваро секілді жұлдыздарының Семейге келу-келмеуі әлі белгісіз екенін, тиісті орындар олармен байланыс орнатып жатқанын айтты. Бір анығы, ТМД елдерінен және Қазақстаннан жиыны 8 команда (спорт ардагерлері) торқалы тойымыздың қадірлі қонақтары болып, өзара жолдастық кездесу өткізеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button