Тарих

Екі ғасыр бұрынғы оқиға

Екі ғасыр бұрынғы оқиға


Бірнеше жыл бұрын үш айдай Петербор мемлекеттік университетінің студенттеріне Қазақстанның қазіргі заман тарихынан дәрістер оқып, оқытушылары алдында баяндама жасағаным бар. Мұнымен қатар қазақ халқы туралы 18-20 ғасырларды қамтитын деректер молынан жинақталған Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында болып, Петербор университеті кітапханасының сирек әдебиеттер қорымен таныстым.

Кітапханада отырып, Петерборда шығарылған «Сибирский вестник» журналының 1818 жылғы санынан қазақ тарихын зерттеуші, осы журналдың негізін қалаушы Григорий Спасскийдің «Пример великодушия и человеколюбия» мақаласын көзім шалды. Онда өзі куә болған төмендегі оқиға баяндалыпты.
«Ертіс өзенінің Өскемен қамалына таяу жердегі оң жағалауында Глубокое деген деревня бар, – деп жазады автор. – Ол қырғыз-қайсақтар көшіп жүрген Ертістің шұрайлы аумағында орналасқан. Өзеннің оң жағалауында қырғыздардың (сол кезде орыстар қазақтарды осылай атаған) шабуылдарынан қорғау үшін салынған қамалдар және осы өлкені игеру мақсатында жіберілген шаруалардың селолары бар. Бұл селолардың айналасында ресейлік билікті мойындаған аз санды қырғыздар мекендейді. Ал Ертістің сол жағалауы Омбы қамалына дейін – сұлтандарына бағынышты көпсанды қырғыз-қайсақ ордасының жайылымы.

1802 жылы Глубокое деревнясына жақын Ертістің сол жағалауын үш киіз үйде бізге бағынбайтын қырғыздардың жиырма бір адамнан тұратын үш жанұясы қыстап шықты. Сәуір айында осы деревнядан бір шақырым төменде аталған өзенде мұз кептеліп, су ернеуінен аса бастады. Ол тұтас жағаға жайылып, қырғыздардың үйлеріне жылдам жақындай түсті. Қорқыныштан олар киіз үйлерін, мүліктерін тастап, әзірге су жете қоймаған биікке қарай ұмтылды. Алайда бірер сәтте бұл жер де пана болудан қалды. Себебі жоғары қарай көтерілген су үздіксіз молая түсті, ал қауіп төнгендерде қайық болмады және олардың ешқайсысы жүзе алмайтын еді.

Арадағы қашықтық лажсыздыққа түскен қырғыздардың мүшкіл жағдайын деревнядан көріп-білуге мүмкіндік бермеді. Сонымен бірге, өзенмен аққан мұздың шуылы қырғыздардың айқайын басты.

Бұл мезгілде Глубокое деревнясының шаруасы Федор Макаров судың тасуын естіп, қырғыздарға келер қауіпті жедел түсінді. Ол бірден көршілері Яков Круглов пен Иван Нелюбинді (16 жастағы жігіт) шақырып, үшеуі қайыққа отырып, өздеріне төнген қауіпке қарамастан тасыған өзеннен жүзіп өтіп, қырғыздарға жетті. Орыс шаруалары қырғыздарды құтқару кезінде өздеріне де қауіп төнетінін, олардың барымтамен айналысып, өздеріне қаншама шығын әкелгенін ойламады. Өздеріне қарай жүзіп келе жатқан қайықты көрген қырғыздардың қалай қуанғанын бейнелеп жеткізу мүмкін емес.

Макаров пен оның екі серіктесі бірнеше рет Ертістің келесі жағына жүзіп өтті. Нәтижесінде қырғыздардың соңғы панасы болған биіктікті толығымен су басты, алайда олардың барлығы құтқарылды».

Міне, осы бір тарихи оқиға ғана – қазақ жерінде бірнеше ғасыр бұрын орын алған ұлтаралық түсіністіктің айқын мысалы. Ал біздің міндет – мұндай нақты деректерді мүмкіндігінше жариялау.

Ғани Қарасаев,

тарих ғылымының докторы, профессор,
Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы – бас ғылыми қызметкері

Нұр-Cұлтан қаласы.

Осы айдарда

Back to top button