Руханият

Егіз әнші ауылды әнге бөлеп жүр

Егіз әнші ауылды әнге бөлеп жүр

Тегінде егіз әншілердің ән айтуы сирек кездесетін құбылыс. Қазақ ән өнерінің тарихында егізделіп ән салған ағайынды Ришат, Мүсілім Абдуллиндер мен ағайынды Мұсабаевтар болса, ал әйелдер арасында егіз өнерпаздар шын мәнісінде сирек кездеседі. Оның үстіне ауылдағы өнерпаздың орны тіптен бөлек қой. Осы орайда Қарлығаш пен Сандуғаш Орынбековалар төртінші сыныптан бастап-ақ ауыл сахнасының қос жұлдызы атанып келеді.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнердің түп тамыры тегінде ауылдан басталады. Өзгелер секілді олар да өнердегі өз жолдарын мектеп қабырғасынан бастады. Қасиетті өнер нағашы жұртынан дарыған десек те, әкелері де өнерден құр алақан емес екен. Қолынан келмейтіні жоқ көрінеді. Ата-анасы да ауыл сахнасында өнер көрсеткен жандар. Қарлығаш пен Сандуғаш мектеп қабырғасынан бастап-ақ өз таланттарын танытып, көзге түскен. Десе де бірнеше аспапты меңгерген қыздарының өнер жолын қуғанын ата-аналары онша құптамаған сыңайлы. Қос құлынының мұғалім болуын қалапты. Бірақ егіздердің өнерге деген қызығушылықтары күн санап арта түседі. Бірде аудандық байқауда жүлде алған қос өнерпаздың өнеріне жергілікті музыка мамандары жоғары баға береді. Олардың өнерлеріне сәттілік тілеп, өнерден өз бақыттарын табатынына сенім білдіріп, ақ жол тілейді. Осылайша қос егіз Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка колледжіне құжат тапсырады. Қос өнерпаздың бойындағы бірегей дарындарын байқаған мамандар Қарлығаш пен Сандуғашты бірден оқу ордасына қабылдайды. Колледж қабырғасында жүргенде де олар оқу орны жанынан құрылған халық аспаптар оркестрінің белді мүшелері болады. Екеуі колледж қабырғасында ұмыт бола бастаған талай көне аспаптарды меңгерді. Десе де оларды табысқа жеткізген, бағын ашып, бабын келтірген домбыра мен ән айту өнері болатын. Оқу орнын ойдағыдай аяқтаған Орынбековалар аудандағы мәдениет үйіне домбырашы болып қабылданады. Сөйте жүріп ән өнерін де тастамайды. Содан бері де 22 жыл уақыт өтіпті. Екеуі де туған жерінен өз бақыттарын тауып, ұрпақ өсіріп келеді. Ауданның ғана емес, облыс, республикаға танылған қос дауыста ән салатын әншілердің бүгінде репертуарлары молайған. Олар халық әндерін әр түрлі аспаптармен түрлендіріп айтатын ауылдың бірегей әншілері ғана емес, сонымен қоса мәдениет үйі жанындағы халық театрының да белді актерлері. Халықтық театрдың репертуарларындағы үлкенді-кішілі образдарды сомдап, облысымыздың талай аудандарын аралап, драма актерлері ретінде көрерменнің көзайымына да айналды. Мәдениет үйі жанынан құрылған «Бабалар сазы» фольклорлық ансамблінің әншілері әрі көне ұлттық аспаптың шеберлері ретінде Алматы қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы арналған байқауда ансамбль Гран при жүлдесін алып, байқауда ағайынды Орынбековалардың өнерлері айрықша аталған көрінеді. Егіз өнерпаздар еңбеккерлер арасында жиі өнер көрсетеді. Облыстың ірі мәдени шараларында Қарлығаш пен Сандуғаштың әсем әніне тәнті болмаған көрермен жоқ шығар.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button