Экономика

Еңбек өнімділігі жөнінен Американың өзінен асып түсті

Өңірде индустрияландыру күні атап өтілді.

Еңбек өнімділігі жөнінен Американың өзінен асып түсті– Жерлестерімізге қуанышты хабар ретінде айтарымыз, ұжымымыз құс фабрикасын кеңейту және модернизациялау бойынша жобалық құны үш миллиард теңгеден астам ауқымды жобаны толықтай жүзеге асырды. Нәтижесінде жобалық қуатына толықтай қосылып, жылына 20 мың тонна құс етін өндіріп, өңдеуге қол жеткіздік. Тағы 200 жерлесіміз жұмыспен қамтылды, – дейді бізбен соңғы жаңалықтарын бөліскен Өскемен құс фабрикасының бас директоры Серік Толықпаев.

Жылына өңірде орташа есеппен алғанда сойылған салмақта 111-113 мың тонна ет өндіретін болса, соның 20 мың тоннасын бір ғана құс фабрикасы қамтамасыз етпек. Бұл дегеніміз облыс үшін тамаша жетістік екені даусыз. Өндірілген өнім еліміздің сегіз қаласына жөнелтілсе, оның ішінде Астана қаласында құс етінің сатылым көлемі айына 300 тоннаға дейін көтеріліп отыр.

Директордың мәлімдеуінше, жаңа технологиялық қондырғыларды жұмысқа қолдану бір жұмыскердің еңбек өнімділігін жылына 70 мың долларға дейін арттырған. Азуын айға білеген АҚШ-тың өзінде бұл көрсеткіш 50-ден аспайтын көрінеді. Бұған жекелеген цехтарды аралау барысында толықтай көз жеткіздік.

Инкубация технологі Мәдина Қожахметова жаңа технологиялармен таныстырды. Енді инкубатор секцияларында бір мезетте миллион данадан астам жұмыртқаны орналастыруға болады. Басқарудың автоматты циклі жылына 12 миллион балапан алуға мүмкіндік береді. Балапандарды сұрыптаудың өзі автоматты жағдайда жүзеге асырылады. Құстар бағылатын №5 алаңқайда біздер тауарлы құстарды өсірумен шұғылданатын технологиямен таныстық. Заманауи технологиялар адамның қол күшіне жүгінбей-ақ күн сайын балапандарды бағып-қағуды өзі атқара алады. Қажетті температураларын, ылғалдылығын реттейді, уақытымен тамағын алдына тосады, бір сөзбен айтқанда, бәрін технология атқарады бұл жерде.

Мұндағы болып жатқан өзгерісті көзімен көрген адам ғана неліктен өнімділіктің артқанын, неліктен жұмыртқадан жаңа шыққан балапанның 40 күннің ішінде екі келі салмақ жинап үлгеретінін түсіне алады. Өнімділік жайындағы ойымызды құстарды тереңдете өңдеу цехына келгенімізде одан әрі бекіте түстік. Бұл цехтың жұмысының нәтижесінде бір ауысымда 65 тоннаға дейін құс еті өңдеуден өтіп, 40 мың құстың еті конвейерге жөнелтіледі екен.

Дегенмен, бұл жетістіктермен тоқталып қалуға болмас. Себебі, Қазақстан жылына 100 мың тоннадан астам құс етін өзге өңірлерден тасымалдайды. Сондықтан Өскемендік құс фабрикасы алдағы уақытта да ет өндіруді кеңейте бермек. Алматы облысында жылына 50 мың тонна ет өндіретін қуаттылықтағы фабрика салу жоспарлануда.

Бұл ретте Өскемен де жұрттан қалып жатқан жоқ. Самар трассасының бойында 150 түрлі шұжық өнімдері мен деликатестерін шығарумен айналысатын ет өңдейтін зауыттың құрылысы басталуда. 2013 жылдың қаңтарынан бастап алғашқы өнімдерін қала жұртшылығына ұсынбақ. Мақсат – өндірістік қуаты тәулігіне 30 тонна дайын өнім әзірлеу.

Фабрика ұжымы әлеуметтік жобаларды да назардан тыс қалдырмаған. Аталған бағдарлама аясында Қасым Қайсенов кентінде жасанды жамылғы төселген футбол алаңы бар заманауи стадион салынған. Шешек асуында «Шешек паркі» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Жобаға 150 миллион теңге қаржы бөлінбек. Белқарағай ауылында мешіт құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан басқа да бірқатар әлеуметтік жобалар бар.

Ұлан ауданының әкімі Серік Төленбергеновтің айтуынша, ауданда қолға алынған индустриялды жобалар қатары жетерлік. Қытайлық серіктестіктермен бірлесе отырып, мамандандырылған автомобильді және ауыл шаруашылық техникаларын шығаратын «СП КАЗ» ЖШС-сі құрылған. Техникалардың қатарында бетон тасығыш самосвалдар, эксковаторлар, автокрандар бар.

«2013 жылы бірінші көлік конвейері пайдалануға беріледі. Жобалық қуатымыз – жылына 8 мың автомобиль шығару» дейді кәсіпорын жетекшілері Шы Ан Чин мен Станислав Локотош. Жоспар бойынша мұнда 1500 адамға жұмыс табылса, жоба құны 150 миллиард теңгені құрайды.

Аудан көлеміндегі тағы бір қызықты жоба – Үміш асуына салынатын қуаты 24 мегаваттық 16 жел генераторларының құрылысы. «Спейн Консалтинг» фирмасы асудағы желдің «мінездемесін» толықтай зерделеп, оңды мәліметтерге қол жеткізген. Қазір қажетті қондырғыларды жеткізу кезеңі басталған. Аталған жел генераторын салушылар біздің өңірдің табиғи ерекшеліктерін де назардан шығармаған. Мәселен, желдің күші секундына 25 метрге жетсе, қондырғы автоматты түрде бейтарап қалыпқа көшеді.

Осынау жобалардың барлығы ауданда индустриялды жобалардың жоғары қарқынмен қолға алынғанын байқатады.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button