Тікелей байланыс

Еңбек нарығында жұмысшы мамандар жетіспейді

«Дидар» газетінің редакциясында ұйымдастырылған бұл жолғы тікелей байланыста оқырмандар сауалдарына облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева және жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Вера Полторанина, әлеуметтік төлемдер бөлімінің бас маманы Райхан Барлықова жауап берді.

Еңбек нарығында жұмысшы мамандар жетіспейдіАйман БЕРДІХАНОВА, Өскемен:
– Бірнеше жыл бұрын отбасымызбен Көкпекті ауданынан көшіп келген болатынбыз. Отағасы құрылыста жұмыс істейді, ал өзім болсам үйде балаларыма қарап отырмын. Жоғары білімім жоқ. Сұрайын дегенім, мамандықты тегін алуыма бола ма?

– Әрине, болады. Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бүкіл елімізде, оның ішінде біздің облыста да қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама бірнеше бағыттардан тұрады. Соның бірі азаматтарға тегін білім беруге, қайта даярлауға арналған. Сізге Өскемен қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бару керек. Мекенжайы: Тургенев к., 30 үй.

Виктор ГАПОНЕНКО, Өскемен:
– Мен біраз жылдан бері мүгедектікке шыққанмын, көзім нашар көреді. Ресми түрде жұмысқа орналаса алмай жүрмін, себебі мүгедек деген мәртебем бар. Амалсыздан базарда жүк тасып, мардымсыз ақша тауып жүрмін. Менің осы мәселемді шешудің қандай жолдары бар? Жұмыс таба алам ба?

– Қолданыстағы заңнамаға сай мүгедектерді кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмысқа орналастырудың мемлекет тарапынан белгіленген үш пайыздық квотасы бар. Толық ақпарат алуыңыз үшін біздің басқармаға келіңіз.

Раушан КЕЙІЛБАЕВ, Өскемен:
– Қызым он бала асырап отыр. Өзі ауылда тұрады, бірақ келешекте қалаға қоныс аударсам ба деген ойы бар. Егер алдағы уақытта ол Өскеменге көшіп келсе, баспана сатып алуда және жұмысқа орналасуда оған көпбалалы ана ретінде қандай да бір жеңілдіктер ұсыныла ма?

– Баспана сатып алу кезінде жеңілдіктер ұсыну мәселесі біздің басқарманың құзіретіне енбейді, ал еңбекпен қамту жайында айтар болсақ, Сіздің қызыңыз мақсатты, яғни, айырықша қорғалатын азаматтар тобына жатады. Жұмысқа орналасу мәселесі бойынша қызыңыз жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келуі тиіс.

Вера ИВАНОВА, Глубокое ауданы:
– Жалғызбасты аналар үшін неліктен ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған? Мәселен, балабақшаның, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуде жеңілдіктер жасалмайды.

– Азаматтардың аталмыш санаты 90-шы жылдардың басында-ақ алынып тасталған болатын. Құқықтық салада мұндай ұғым бүгінде жоқ. Жалғызбасты аналар да қоғамның толық мүшелері болып табылады. Сондықтан олар да өзгелер сынды тұрғын үйлік, атаулы және әлеуметтік көмектерді және балалар жәрдемақысын алуға құқылы. Бәрі да ананың айлық кірісіне байланысты, ол қаржы екіге бөлінеді. Сол қаражаттың көлеміне қарай оған көмек көрсетіледі. Егер кіріс көлемі кедейшілік деңгейінен төмен болса, яғни, 6884 теңгеден аз болса, атаулы көмек, ал кіріс көлемі тұтынушылық кәрзеңке мөлшерінен, яғни, 10327 теңгеден аз болса, балаларға арналған жәрдемақы беріледі.

Айгүл ТАҢАТОВА, Ұлан ауданы:
– Неге еңбек демалысына қосымша берілетін экологиялық он күнге салық салынады?

– Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес аталмыш төлем кіріс болып табылады, оған табыс салығы салынады. Барынша толық түсініктемені жергілікті жердегі Салық комитетіне барып алуыңызға болады.

Сәуле ИМАНБЕРДИЕВА, Өскемен:
– Жұмыс орнымда басшылық барлығымызды нақты бір зейнетақы қорына салымшы болуға мәжбүрлейді. Осы әрекет қаншалықты заңды?

– Бұл – заңсыз әрекет. Әрбір азамат зейнетақы қорын өз қалауы бойынша таңдауға толық құқылы, оның жеке зейнетақы аударымдары сол қордағы шотына түсіп отыратын болады. Зейнетақы заңнамасына енгізілгелі отырған өзгерістерге сай елімізде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылмақ. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындар үшін қор таңдау қажеттілігі туындамайды.

Ирина БАТОВА, Өскемен:
– Мен әлеуметтік мекемеде еден тазалаушы болып жұмыс істеймін. Көбінесе денсаулыққа зиянды заттармен, әсіресе, хлормен жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ сол зияндылық үшін бізге қосымша ақы төленбейді. Неге екенін сұрасақ, «ондай ақы қарастырылмаған» дейді. Расында да солай ма?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылдың 29-желтоқсанындағы «Азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар еңбеккерлерінің, қазыналық кәсіпорындар еңбеккерлерінің еңбекақысын төлеу жүйесі туралы» №1400 қаулысының №14 қосымшасына сәйкес еден жуушыларға төленетін қосымша ақының көлемі бекітілген. Атап айтсақ, дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып өндірістік және қызметтік орынжайларды тазалау үшін базалық лауазымдық жалақының 20 пайызы, дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып әжетханаларды тазалау үшін жалақының 30 пайызы көлемінде қосымша ақы төлеу қарастырылған.

Александр МАРТЫНОВ, Катонқарағай ауданы:
– Біраз жылдан бері Катонқарағай ауданында жалғызілікті қарт адамдар үшін пансионат ашу мәселесі көтеріліп келеді. Аталмыш мәселенің жақын арада шешілуі мүмкін бе?

– Бұл мәселе бойынша аталмыш бастама ауданның өзінен шығып отыр. Аудан басшылығы ғимарат тауып, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейді, бұл құрылысқа міндетті түрде бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал біздің басқарма бұл іске тек жанама түрде ғана қатысады. Сол себепті сіздің сауалыңызға біз өз құзыретімізде жауап бере алмаймыз.

Гүлмира ТАҢАТОВА, Аягөз ауданы:
– «Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адам» деп кімдерді айтады? Ол санатқа тұрғындардың қандай тобы жатқызылады?

– Бұл санат жуырда ғана республикалық жұмыспен қамту бағдарламасын құру барысында пайда болды. Егер адам өзін-өзі қандай да бір жұмыспен қамти алса, «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» деп танылады. Мәселен, тұрақты түрде алаша, сырмақ тоқып, оны сатып, пайда тауып отырған азамматарды осы санатқа енгізуге болады.

Райгүл ӘСЕТОВА, Семей:
– Ауылдық жерлерде жеке кәсіпкерлікпен айналысуға арналған қандай бағдарламалар бар?

– «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту тегершіктері қарастырылған. Кәсіпкерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жұмыссыз азаматтарға жеке іс ашу үшін немесе сол ісін әрі қарай өркендету үшін шағын несиелер берілуде. Бұл бағдарлама аясында несиелендіру жүргізілетін экономиканың басым бағыттары айқындалған, сол бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Шағын несие ұйымы кәсіпкерлерді өз қорғанышына алып, жыл сайын несиенің пайыздық мөлшерлемесін белгілеп отырады. Мөлшерлеме көлемі 5 пайыздан аспауы тиіс.

Анар АЙТУАРОВА, Семей:
– Мен мектепте мұғалім болып еңбек етемін. Қайта даярлау бағдарламасы арқылы тігінші мамандығын меңгергім келеді, бірақ ол курстан тегін өтуім үшін мен жұмыссыз болуым керек екен. Әрине, ақылы курстар да бар. Бірақ олардың ақысы қымбат. Осы жөнінен қандай кеңес бересіздер?

– Еңбек нарығында қазір кейбір сала мамандары шамадан тыс көбейіп кетті. Алайда, жұмысша мамандықтар жетіспейді. Азаматтарды басқа мамандыққа қайта даярлау бағдарламасы бар, бірақ ол тұрғындардың белгілі бір санатына ғана арналған. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, аз қамтылған азаматтар, жұмыссыздар және жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында жүрген азаматтар. Өкінішке қарай, жұмысы бар адамдар үшін тегін курстар қарастырылмаған.

Мәулен АЛИЕКПЕРОВ, Күршім ауданы, Сарыөлең ауылы:
– Қазіргі уақытта қолданылып жүрген «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша бір адамға 3 миллион теңге беріледі. Ал ауқымды бір іс бастағысы келген жанға мұның жеткіліксіз болатыны түсінікті. Сондықтан осы несиенің көлемін молырақ етіп арттыруға бола ма?

– Әрине, болады. Оның барлығы аудандағы транштың көлеміне байланысты, несие мөлшерін ұлғайтуға негіз де болуы шарт. Азамат бизнес-жоспары мен нақты есеп-қисабын ұсыну керек. Ол құжаттар алдымен аудандық, кейін облыстық деңгейде қарастырылады. Егер жоспар нақты әрі жан-жақты негізделген болса, несие мөлшері ұлғайтылады.

Анна ФИЛАТОВА, Өскемен:
– Көрші тұратын қарт апа өткен жылы тұрғын үй көмегін алып келген болатын. Бірақ биыл бірінші тоқсанда жергілікті атқарушы органдар оған аталмыш көмекті беруден бас тартып, екінші тоқсанда келуін айтқан. Себеп – ол кісіге Германиядағы қызынан бірнеше рет сәлемдемелер келген екен. Осы жайтты түсіндіріп бере аласыздар ма?

– Мұндай жағдайда тек кіріс көлемі мен ақшалай аударымдар ғана есепке алынады. Ал сәлемдемелер ол тізімге енбейді. Меніңше, сіздің көршіңіз дұрыс түсінбеген болуы керек. Өйткені, бұлай болуы мүмкін емес. Бәрі отбасының жалпы кірісіне тәуелді. Бәлкім, биыл ол кісінің үйіне біреулер келіп тіркеуге тұрған шығар, тұрғын үй жәрдемақысын есептеу барысында олардың да кірісі қаперге алынады.

Наталья СЕМЕНОВА, Зырян қаласы:
– Менің танысым – екінші топтағы мүгедек, эпилепсия (қояншық) дертіне шалдыққан. Еңбекке жарамсыз деген анықтамасы бар. Алайда, ол өте белсенді жігіт, ұдайы қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүреді. Өкініштісі сол, тегін еңбек етіп жүр. Заң бойынша оны ресми түрде жұмысқа орналастыруға бола ма?

– Мүгедектер үшін қоғамдық жұмыстар, жастар іс-тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары сияқты әлеуметтік қорғаудың көптеген бағдарламалары әзірленген. Бірақ, міндетті түрде медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының рұқсаты қажет. Белгілі бір жұмыстарды атқаруға рұқсат беретін және бермейтін аурулар тізімі бар. Қайткенде де, танысыңыз жұмыспен қамту бөліміне барсын. Өйткені, мүгедектер тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған тобына жатады, олар үшін бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

Иван ЧЕРНОВ, Өскемен:
– Мен еш жерде ресми түрде жұмыс істемеймін, тек анда-санда тұрғындардың ауласын сыпырып, ай сайын 5 мың теңге шамасында табыс табамын. Мен сияқты аз қамтылған азаматтар үшін әлеуметтік көмек беріледі деп естідім. Оны қалай алуға болады?

– Сізге біздің мекемеге келіп, ай сайынғы табысыңыз туралы мәліметтер беру керек. Бүгінгі таңда кедейшілік деңгейі 6884 теңгені құрайды. Егер сіздің айлық табысыңыз бес мың теңге болса, әр ай сайын мемлекет Сізге қалған 1884 теңгені төлеп тұратын болады.

Людмила ГРИГОРЬЕВА, Өскемен:
– Менің жасым 55-те, жуық арада Ресейге тұрғылықты тұруға көшпекшімін, зейнетақы қорындағы салымдарымды ала алам ба?

– Бұл орайда Сізде ешқандай мәселе болмауы тиіс. Өз зейнетақы қорыңыздың атына өтініш жазыңыз, келісімшартқа сәйкес олар сізге жинаған барлық қаржыңызды төлеп береді. Аталмыш қаражатты Сізге қолма-қол ақша түрінде алуға, не болмаса карточкаңызға аударуға да болады.

Дмитрий ДОЛГИХ, Өскемен:
– Менің бір танысым бірнеше жыл жұмыссыз, үй-күйсіз сандалып қалды, қысқасы көше кезіп жүрді. Осы уақыт аралығында ол барлық құжаттарын жоғалтқан. Оған сіздердің мекемелеріңіз қандай да бір көмек көрсете ала ма?

– Ол азамат бізге өтініш жазуы тиіс, содан соң біз оны тұрғылықты жері жоқ азаматтарға арналған бейімдеу орталығына жөнелтеміз. Осы уақыт аралығында біз оның құжаттарын қалпына келтіріп, жұмыс табуына көмектесеміз.

Сағынтай МҰРАТБЕКОВ, Үржар ауданы:
– Шаруа қожалығын ашайын десем, несиеге қоятын кепілдемем жоқ. Сонда қайтпекпіз?

– Өкінішке қарай, екінші деңгейдегі банктердің ешқайсысы кепілсіз несие бере алмайды, олар қаржы бере отырып, белгілі бір тәуекелге барады ғой. Сондықтан жеке істі қолда бар жылжымайтын мүлік пен техниканы қойып, аздаған болсын несие алып бастау керек.

Алтын КЕРЕЙБАЕВА, Абай ауданы:
– Үкімет ұсынып отырған жаңа зейнетақы заңына байланысты ядролық сынақ аумағында тұрып жатқан әйелдер зейнеткерлікке неше жастан шығады?

– Бұл заң қазір Парламентте қарастырылуда. Ал аталмыш мәселеге қатысты заң жобасында ешқандай өзгерістер көзделмеген. Яғни, осы санаттағы әйелдер бұрынғысынша 50 жастан зейнетке шықпақ.

Бақжамал ЕСДӘУЛЕТОВА, Көкпекті ауданы, Самар ауылы:
– Балабақшада тәрбиеші болып еңбек етемін. Биыл жасым 58-ге толмақ, зейнетке шығамын. Білейін дегенім, зейнетақы жасындағы адамдарға жұмыс істеуге шектеу қойыла ма?

– Заң аясында ондай шектеулер қарастырылмаған. Сіздің әрі қарайғы еңбек ету мүмкіндігіңіз жұмыс берушімен жасасқан келісімшарт аясында қаралуы тиіс.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button