Білім

Дубайға жолдама жеңіп алды

Жуықта Өкемендегі «Алтын ұя» орталығы ұйымдастырған мега олимпиаданың қорытынды кеші өтті. Білім сайысының жүлдегерлеріне 18 велосипед таратылып, бас жүлдені жеңіп алған оқушыға Дубайға жолдама берілді.

Аталған олимпиаданың бірінші кезеңі қашықтан, екінші кезеңі 27 қараша күні «Алтын ұя» орталықтарында офлайн өткен болатын.

Мега олимпиадаға қала мектептерінен 1500 оқушы қатысып, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болған 109 оқушы жүлделі орындарды иеленді.

Соның ішінде 18 оқушы бірінші орын иеленіп, сыйлыққа  велосипед алды. Қалған оқушыларға да бағалы сыйлықтар берілді.

Мега олимпиаданың бас жүлдесіне ие болған №44 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Әлихан Нұғымановқа Дубайға саяхаттауға жолдама берілді. Құны 550 мың теңге тұратын жолдамаға барып-қайтар жолы, тамағы, жатар орны кіреді. Жаңа жыл қарсаңындағы саяхатқа «Алтын ұя» орталығының ұстаздары апарады.

Айта кетсек, жалпы Altyn uya оқушылары бұған дейін Еуропаның төрт мемлекетіне – Италия, Испания, Чехия, Венгрияға, соның ішінде бес қаласына – Милан, Беладжио, Барселона, Прага, Будапештке саяхат жасаған болатын. Былтыр жазда дарынды оқушылар Түркияның  Стамбул қаласына саяхаттады.

Орталық маманы Бақытжан Дулатқызының айтуынша, мұндай олимпиада жылына бір рет өткізіледі. Алғаш рет мега олимпиада 2020 жылы болып, оған қала мектептерінің мыңға жуық оқушысы қатысқан еді. Ол кезде жеңімпаздарға айфон ұялы телефондарын сыйлаған болатын. Одан кейінгі кең көлемдегі мега олимпиада биыл ұйымдастырылды.

«ALTYN UYA» зияткерлік білім беру орталығы – 2014 жылы ашылған Өскемен қаласындағы тұңғыш қазақ тілді орталық. Орталықтың негізін қалаушы – Ерлан Байжігіт. Қала бойынша Новоявленка, Өзен вокзалы, Колос, Жібек маталар комбинаты шағын ауданында төрт бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Орталықтың білікті ұстаздары балаларға үй тапсырмаларын орындатып, ағылшын тілі, математика курстарын даярлық сыныбынан бастап оқытады.

«Неке сарайында» өткен жеңімпаздарды марапаттау кешінде лоторея ойнатылып, ұтысқа  қатысқандарға шана, стюб тарту етілді.

 Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button