Қоғам

Дәстүрлі сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды

 Дәстүрлі сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды


Тоғыз күн бойы өлкеміздің әсем табиғатының аясында 17-ші дәстүрлі жас инспекторлар слетінде бас қосқан 180 жасөспірім өздерін әр қырларынан көрсетіп, мықтылары лайықты бағаға ие болды. Өскемендегі облыстық драма театрында өткен слеттің жабылу салтанатында айтылған жылы лебіздер, тапсырылған марапаттар мен бағалы сыйлықтардың барлығы жас инспекторларға және оларды тәрбиелеушілерге арналды.

Ғазиз Байтасов атындағы 17-ші республикалық слет қатысушыларын құттықтай келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов дәстүрлі сайыстың облыста жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, өңірдің ішкі істер департаментінің атқарған жұмысына оң бағасын берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бір топ ішкі істер департаменті қызметкерлерін және жас инспекторлар қозғалысының ардагерлерін марапаттады.

Естеріңізге сала кетейік, слетке еліміздің ғана емес, көршілес Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының жас инспекторлар командасы қатысып, сайыста бақ сынасқан болатын. Осы орайда Нұрымбет Сақтағанов екі елдің ішкі істер органдарына да алғысын білдіріп, олардың өкілдері – Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесінің ІІД бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Юдинге, Қырғыз Республикасының Нарын ауданы ішкі істер басқармасының бөлім бастығының орынбасары, милиция подполковнигі Тілек Оторовқа «Қазақстан Республикасы полициясына 25 жыл» медальдарын табыс етті.

«Дарын» тәжірибелік орталығының базасындағы, табиғаты көркем сауықтыру кешенінде өткен слет жасөспірімдерге естен кетпестей әсер сыйлады. Қатысушылар тоғыз күн бойы сайысып қана қоймай, таудың тұнық ауасымен тыныстап, күш жинады.

«Жол-көлік ережесінің білгірлері» сайысында қостанайлық команда көзге түссе, вилосипедті көркем айдауда ресейліктер көш бастады. Қызықты әрі тәрбиелік маңызы зор сайыстардың бірі ретінде үгіт бригадасы сайысын атап өтуге болады. Небәрі бес минуттың ішінде жас инспекторлар ән де айтып, би де билеп, өздері құрастырған шумақтардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін сақтауды насихаттады. Жасөспірімдер бүгінде ересектер ескере бермейтін, жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатып телефонмен сөйлесу, сәбилерге абай болуды, құлаққапқа тәуелді жастарды мысалға келтіру арқылы залда отырғандарды ойландырды. Саптық жүруді өткізу барысында жас инспекторлар өздерінің дайындығымен полицейлерді қуантты. Салтанатты формамен тіп-тік болып сап түзеген жасөспірімдер ересек жасақшылардан еш кем емес еді. Саптық байқауда Қырғыз елінен келген «Виктория» командасына ешкім тең келмеді. Қазылар алқасы көрші елден келген осы команданы үздік деп таныды. «Жас санитар» сайысында қатысушылар тәжірибе жүзінде алғашқы көмек көрсетті. Шынайы өмірге жақындатылған жағдайдағы көріністерде қобалжымай, тәжірибелі медбикелердей адам жанына араша түскен астаналық команданың еңбегін халықаралық «Қызыл ай» қоғамы жоғары бағалады.

 Дәстүрлі сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Жалпы командалық есепте бірінші орын Ресей Федерациясы құрама командасына бұйырды. Қазақстанның құрама командасы екінші орынға табан тіресе, Қырғыз Республикасының құрамасы үшінші орынға ие болды.

Республика бойынша бірінші орынды Қызылорда облысы, екінші орынды Маңғыстау облысы, үшінші орынды Қарағанды облысы жеңіп алды.
Қатысушылардың ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Барлығы түрлі номинациялар бойынша мақтау қағаздарымен марапатталды. Ғазиз Байтасов атындағы республикалық слеттің жабылуымен құттықтай келген облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Дулат Қазақпаев жылы лебізін білдірді. Слетке қатысқан әр жасөспірімге Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті оқу құралдары толтырылған рюкзактарды, жас инспекторлар сайысының логотипі бар жейделер, бейсболкалар, флешкарталарды сыйға тартты.

Қатысушылар слеттің облыста жоғары деңгейде өткендігін атап өтті. Жас инспекторлар тек қана жарысып қоймай, еліміздің өзге өңірлерінен келген балалармен тіл табысып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды.

– Шығыс Қазақстан табиғаты ғажайып өлке екен. Мені биік асулары, жап-жасыл таулары қатты таңғалдырды. Слеттің осындай тамаша табиғат аясында өткеніне қуаныштымын. Мұнда көп достар таптым. Слетке үшінші жыл қатарынан қатысып отырсам да, әр сайысқа үлкен дайындықпен келемін. Елімізде осындай деңгейде өтетін сайыстардың бар екендігін мақтанышпен айтуға болады,-дейді Алматы облысының команда капитаны Темірлан Төлеген.
Слеттің біздің облыста өтуі тегіннен-тегін емес. Біздің облыстың жас инспекторлар қозғалысының командасы бірнеше мәрте қатарынан жеңімпаз атанып, слетті өз жерінде өткізу мәртебесіне ие болған.

Слет жеңіпаздары осы жылы Ресей Федерациясының Анапа қаласында өтетін халықаралық жас инспекторлар сайысына қатысады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button