Тылсым дүние

Доңызға айналған керім келіншек

Өткен ғасырдың соңғы жылы. Ертістің суына етегін малып отырған аядай ауылдың арасын әлдебір әңгіме аралай жөнелді.

Доңызға айналған керім келіншекШәкенедей ғана ауылды шапшаң аралап жүрген сөз Құрман (аты өзгертілді) ақсақалдың кенже келіні туралы болатын. Келбеті көрген жанға көз сүздіретін, кермаралдай келіншектің бір-ақ күнде ажарының әрі тайып, әлдебір құбыжыққа ұқсап кетуі тегін құбылыс емес еді.

Естіген жанды елең еткізетін бұл ақпарат көзі бастапқыда әйелдер қауымынан шықса да, бара-бара еркектер әңгімесінің де бас тақырыбына айналған. Тіпті, ауыл ақсақалдары да бұл жайында өзара шүңкілдесіп, салалы саусақтарымен күміс сақалдарын тарай отырып, бастарын шайқаса, ақ самайлы әжелер ерінін бір сылп еткізіп, «Алла сақтасынын» қайталай береді.

Ауыл ортасында жүрген әңгіме бұдан да сұмдық болса, айтпай қайтсін. Мұрыны доңыздың танауына ұқсап жалпиып, құлағы салақтап, бет-аузына жүн қаптап кеткен Ермекгүлдің (аты өзгертілді) кеспіріне нақты диагноз қоя алмаған дәрігерлердің өзі: «бұл – биологиялық ауытқу» дегеннен әріге бара алмапты. Әзірге оның не себепті, қайтіп өзгергені туралы беймәлім болып отыр.

Ал келіншектің өзінің айтуына қарағанда, күнде таңсәріде сиырларын өріске айдайды екен. Бір күні ақ боз атқа мінген ақсақал қарсы кезігіп, жалаңбас келе жатқан бұған ашық-шашық жүрмеуге кеңес беріпті. Бірақ, келіншек кеңесті керек етпесе керек. Сол ақсақал екінші күні тағы да жолығып, әлгі ақылын қайталайды. Ал үшінші күні сол әңгіме қайталана бергенде ерке келіншек әлгі ақсақалдың бетінен ала түссе керек. Бұған налыған ақсақал: «Әй, адамдықтан азған, хайуан екенсің» деп, өз жолымен кете берген көрінеді. Келіншек сол жерде есінен танып қалған екен. Түс әлетінде жылқы қарап, қайтып келе жатқан Құрман ақсақал кеспірінен айырылып жатқан келінін үйге алып келіпті. Ауыл молдасын шақырып, дұға оқытса да, емші кемпірді алдыртып, аластатса да, еш дауа болмаған соң ақыры аудан орталығындағы ауруханаға апаруға мәжбүр болған. Олардың да қолынан келгені шамалы.

Көп өтпей аяқ астынан дерт жабысқан әйел де жарық дүниеге қош айтты, тылсымға толы сырлы өмір ауыл шетіндегі жас қабірдің астында жасырынды. Бірақ, қырсығы арылмаған ауыл тағы бір сұмдыққа куә болды. Әйел мәйітін жер қойнына аманаттаған күні түнде дала шошқасы қабір топырағының тоз-тозын шығарыпты. Сөйтіп, жағасы барларға жағасын, жағасы жоқтарға кеудесін ұстатқан үрейлі жаңалық тіптен құбылып, тарап жатты…

Содан бері де нешеме жыл жылыстап өте шықты. Баяғыдағы ауылды аралаған сыпсың сөздер тыйылғанымен, ерекше оқиға елдің ойынан кеткен жоқ. Ол құпия өлімнің ақиқаты бір Жаратушыға ғана мәлім. Ал сол сұмдыққа куәгер қарт Ертіс бәз баяғысынша тұнжырай ағып жатыр…

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button