«Дидардың» қонағы

Диана МҰҚЫШЕВА, актриса: – Ермек Тұрсыновтан «Күйеуім қайда?» деп сұраған жоқпын

Өткен жылы көрерменге жол тартқан режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі көпшіліктің көңілінен шыққаны белгілі. Осы киноға өскемендік бойжеткеннің де түскенін естідік. Өскеменде туып-өскен Диана Мұқышева бұл фильмде келіннің рөлін сомдаған екен. Жақында Диана Мұқышева «Дидар» газетіне арнайы сұхбат берді.

Диана МҰҚЫШЕВА, актриса: – Ермек Тұрсыновтан «Күйеуім қайда?» деп сұраған жоқпын– Диана, жылдың үздік кинотуындысы танылған «Шал» фильмінде келіннің рөлін сомдап шықтыңыз. Фильмге қалай келдіңіз?

– Негізгі мамандығым актерлік емес десем, таңғалмайтын шығарсыз. Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін экономика мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Әрине, қыздардың бәрі сияқты мен де бала кезімнен актриса болғым келді. Басқа саланы таңдасам да, шығармашылық өмірге деген қызығушылығым кеміген емес. Мені алғаш рет кастингке шақырғанда Алматыда тұратын едім. Көпшілік орындардың бірінде жаныма бір кісі жақындап, «Киноға түскіңіз келмей ме?» деді. Бұл «Шал» емес, басқа бір жоба болатын. Ол фильмге ілінбесем де, «Қазақфильмнің» базасында суреттерім тұра берді. Ара-тұра кастингтерге барып жүрдім. «Шалға» шақырғанда режиссермен әңгімелестім. Бұған дейін Ермек Тұрсыновтың кім екенін білмейді екем. Түсінгенім, жан-жақты, білімді, терең адам екен. Қысылған да, қымтырылған да жоқпын, бірден тіл табысып кеттік. Бірақ таңдау маған түседі деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бір-екі аптадан соң: «Сізді рольге бекітті» деп хабарласып тұр. Қуанышымда шек болмады. Бұл – менің үлкен экрандағы алғашқы жұмысым ғой.

– Оған дейін киноға түсіп пе едіңіз?

– «Хабар» телеарнасында Абай туралы түсірілген көркемдеректі фильмде Шәкерімнің жарын ойнадым. Бірнеше жарнамаға түскенім бар.

– «Шалдың» түсірілімі қанша уақытқа созылды?

– Дөңгелетіп алғанда төрт айдай шығар.

– Осы төрт айдың ішінде не білдіңіз?

– Экрандағы және түсіру алаңындағы кино – мүлдем екі бөлек дүние екен. Және мұнда «ұсақ-түйек» деген ұғым болмайтынын білдім. Әр эпизодтың сәтті шығуы үшін бір адам емес, бүкіл топ барын салады.

– Түсірілімдер қалай өтті?

– Жалпы, алаңдағы адамдардың қарым-қатынасы өте жақсы болды. Бірақ қыстыгүні түсірдік, суық. Әсіресе, басты рөлдегі Ерболат Тоғызақовқа қиын тиді. Күні-түні далада жүреді, қасқырлармен бетпе-бет келеді, өзенге түседі…

– Ермек Тұрсынов – түсіру алаңында қандай режиссер?

– Ол шікәмшіл емес. Кісіні қинамайды. Бұйрық берушіден гөрі бақылаушыға көбірек ұқсайды. «Былай бұрыл, былай күл» деп айтпайды. Жай ғана, сенің өзің рөлді тапқанша күтіп отырады. Ол кастинг кезінде-ақ актерден образды көреді. Сондықтан рөл шығару – белгілі бір деңгейде өзіңді сомдау деп түсінемін.

– Сіздің келініңіз – фильмдегі аз рөлдің бірі болғанмен, басты рөл емес. Оның орны қандай деп ойлайсыз?

– Ол – Шал мен Ерке баланың арасындағы көпір.

– Ал оның өмірбаяны қандай? Күйеуі қайда? Неге баласымен және қайын атасымен бірге тұрады?

– Ол жағы сценарийде жазылмады. Мен де «Күйеуім қайда?» деп сұраған жоқпын. Бірақ жағдайға қараңызшы. Жердің түбіндегі бір шағын ғана ауыл, тұрмыс жағдайы да мәз емес. Жұмыс жоқ. Яғни, менің күйеуім жұмыс істеп, ақша табуға кеткен шығар. Меніңше, егер менің күйеуім болса, онда фильмдегі екі кейіпкер – Шал мен Бала дәл осылай айқындалып тұрмайтын еді.

– «Шайтанбекті» ойнаған бала режиссердің ұлы екен деп айтып жатты жұрт…

– Шындығында, Орынбек (О.Молдахан – ред.) Ермек Тұрсыновқа қатты ұқсайды. Кез келген режиссер бейсаналы түрде өзіне жақын, өзіне ұқсайтын актерлерді таңдайды ғой деймін. Өз түсінігіндегі сұлу әйелді таңдайды, немесе өзінің анасына, жарына ұқсайтын актрисаларға назары түседі. Жалпы, бұл баладан режиссер өзін көрген шығар, қалай болғанда да ол екеуінің портреттік ұқсастығы тегін емес. Анасына да, атасына да бас-көз болып жүрген балаға да оңай емес. Ойын баласы болса да, ерте есейгені көрініп тұрады. Осыны Орынбек жақсы жеткізе білген сияқты. Өзі елгезек, лыпып тұрған бала. Мені ылғи да күлдіріп, көңілімді көтеріп жүрді.

– Ал Шал рөліндегі Ерболат Тоғызақов ше?

– О-о-о, Ерболат – түсіру тобының жүрегі болды десем артық емес. Ғажап кісі, былайғы кезде көңілді, ақжарқын, әзілқой адам да, ал камераның алдында бірден өзгеріп шыға келеді. Оның «сол жақта» жүргенін бірден түсінесің.

– Премьерадан бері біраз уақыт өтті. Өз жұмысыңызға байланысты сын естідіңіз бе?

– Мен содан қатты қорқып едім. Бірақ әзірге тек қана жылы пікірлер естіп жатырмын.

– Ал өзіңіз рөліңізге ризасыз ба?

– Мен осындай үлкен жобаға қатысуға мүмкіндік алғаныма ризамын. Менің кейіпкерім – шаңырақтағы жылылықтың, мейірімнің символы. Сондықтан көрермендер риза болған соң, өзім де ризамын. Келешекте де рөлдер ұсынылады деп үміттенемін.

– Қандай кинода ойнағыңыз келеді?

– Комедия емес, интелектуалдық киноға түскім келеді. Мүмкін, бұл махаббат хикаясы болатын шығар. Ең бастысы, адамдардың қарым-қатынасы шынайы көрсетілсе деймін. Тарихи бола ма, заманауи бола ма, айырмашылығы жоқ. Өйткені, адамның психологиясы қай кезде де бірдей. Қарым-қатынастары да солай. Бұл кино көрерменді ойландыратын, өзіне сырттан қарауға мүмкіндік беретін ойлы дүние болса болғаны.

– Сіздің отбасыңыз киноға түскеніңізге қалай қарайды?

– Біздің отбасында шығармашылық адамдар жоқ. Мен осы салаға бет қойған алғашқы адаммын, сондықтан бәрі мені қолдап, тақымын қысып отырады.

– Білуімізше, Өскемен сіз үшін бөтен қала емес қой?

– Әрине. Өскемен – менің туған, өскен қалам. Менің балалық шағым, студенттік жылдарым. Жаным демалатын қала.

– Мұнда жиі болып тұрасыз ба?

– Бұрынғыдай жиі келе алмаймын, ата-анам осында болғандықтан, жылына бір-екі рет міндетті түрде келемін. Әсіресе, жаздың күні қала ерекше сұлуланып кетеді. Бұл – тып-тыныш, әдемі, кішкентай ғана қала ғой. Өскемендегі әр ағаш, көшедегі әр орындықпен «жете таныспын».

– Ең сүйікті орындарыңыз бар ма?

– Жерлестерім Марқакөл мен Катонқарағайды аңыз қылып айтады. Бірақ өкінішке қарай өзім ол жақта болған емеспін. Үлбі суқоймасында демаламыз. Саябақтарда, аллеяларда серуендегенді ұнатамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Әсия Бағдәулетқызы

Осы айдарда

Back to top button