Тылсым дүние

Дертіне жыланның сорпасы ем болыпты

Өткен ғасырдың басында Ұлан өңірінде Наурызбай есімді ғұлама молда өмір сүрген. Ол кісінің атақ-даңқы діндарлығымен ғана емес, асқан сиқыршы, ғажап көріпкел, ерен емші сияқты, бір адамның басына сирек қонатын қасиеттерімен де шыққан.

Дертіне жыланның сорпасы ем болыптыЕл патша заманында: «Бұхарадан жеті жыл дін оқуын тауысқан» дейтін ол кісінің білімпаздығы жайында сөз қозғалғанда. Біздің бала күнімізде ауыл қариялары ол туралы небір таңданарлық әңгімелер айтатын. Соның бірін өзімнің атам Әміреден сан мәрте естігенмін. Атам 50-інші жылдардың аяқ кезінде, тоқсаннан асып барып, қайтыс болған. Бір ғажабы сол, осыншама жасқа келгенше оның отыз екі тісінің бірде-бірі түспеген еді.

Атам ертеректе тамақ өтпейтін ауруға шалдығыпты, өзі оны «қылтамақ» дейтін. Содан біреулер оған Құйымшақ еліндегі Наурызбай молдаға көрінуге кеңес береді.

«Наурызбайдың атын естігенім болмаса, бұрын көрмеген кісім еді» деп бастайтын әңгімесін атам. Наурызбай оның тамырын ұстаған күйі ұзақ отырыпты да, ара-тұра басын шайқай беріпті. Біраздан кейін: «Дертің тым ауыр, бірақ, мен айтқан емді жасауға тәуекел етсең, айығып кетеріңе сенемін» дейді. Атам: «не айтсаңыз да, келісемін» дегеннен кейін ол былай депті:

– Ауылыңның сыртындағы қара таудың күнгейін мекендеген қарабас сұр жылан бар. Бірақ, ол жөпшеңкі көзге түсе бермейді, күн көтеріле ғана інінен шығып, тау басына қарай өрмелейді. Ұстай алсаң, сол кезде ғана ұстайсың. Соның сорпасын екі-үш рет қана ұрттауың керек, содан кейін ес-түссіз ұйқыға кетесің, содан соң Алла тағала өзіңді оятып алады, – дейді.

Атамның айтысына қарағанда, екі ұлы әлгі жыланды жарты айдай аңдып жүріп, әйтеуір, бір күні қолдарына түсіріпті. Содан атам бақырын алып, көзге түспейтін жерге барып, жыланды асып, молда айтқандай сорпасын ішеді.

– Атымды тұсап қоя бердім де, тоқымымды жастанып қисайғаным сол еді, бірден ұйықтап кетіппін. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, ояна келсем, үсті-басымды тер жауып кетіпті. Терлегенім соншалық, жамбасымдағы тоқымым суға малып алғандай, малмандай. Біртүрлі сергіп қалғандай болдым да, атымды мініп, жүріп кеттім. Қарнымның ашқаны соншалық, үйге жеткенше асықтым. Сөйтіп, дертімнің бетін жыланның сорпасы қайтарған еді, – деп отыратын жарықтық.

Кейін осы дертке оның туған інісі Кәбіке де шалдығыпты. Бірақ, атам қара таудың күнгей бетінде қаншама сандалса да ешбір жыланды ұшырата алмапты. Өкінішке қарай, бұл кезде Наурызбай молда өмірден өтіп кеткен еді…

Мұрат Әміренов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button