Денсаулық сақтау

Денсаулық саласының менеджменті ақсап тұр

 Денсаулық саласының менеджменті ақсап тұр

Облыстық диагностикалық орталықта өңірдегі емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері бас қосқан жиында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ осы салада шешімін таппаған бірқатар түйткілді мәселелердің бар екенін, әсіресе, көптеген мәселелер денсаулық сақтау саласындағы менеджмент пен жеке жауапкершіліктің жоқтығына байланысты туындап жататынын ашып айтты.

Облыс әкімі облыста кейбір аурулар бойынша көрсеткіштердің орташа республикалық деңгейден жоғары екенін жеткізді. Тіпті біздің өңірде өлім көрсеткіші де жоғары. Мұның себебі неде? Облыста денсаулық сақтау жүйесі қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Алғашқы медициналық көмек жүйесі қаншалықты қолжетімді? Көбіне кемшіліктердің негізгі себебі ретінде аурухана басшылары заманауи медициналық құрал-жабдықтардың жоқтығын алға тартып жатады. Десе де, мәселе тек қана құрал-жабдыққа тіреліп тұрған жоқ. Мәселе – менеджментте, яғни жұмысты дұрыс ұйымдастыра білмеуде. Денсаулық сақтау саласын басқаруда тың әдістер керек.

– Сіздер мен біз сенбі, жексенбі, мереке күндері қалай жұмыс істейміз? Мыңдаған ауру ем алу мүмкіндігінен айырылады. Ұжымдық келісім деген не? Мен мереке күндері еңбекақы қалай төленетінін білгім келеді. Оның бәрі бюджетте қарастырылған. Ең бастысы, біз өзіміздің негізгі міндетімізді білуіміз керек. Мұндағы мәселе денсаулық сақтау саласындағы тәртіп пен жауапкершілікке байланысты. Ең алдымен біз денсаулық сақтау саласында мәселенің бар екенін түсінуіміз қажет. Біз көптеген қарапайым нәрселерде артта қалып жатырмыз, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ. Биыл облыстың дәрігер мамандарын әлемнің ең үздік клиникаларында оқыту үшін 1,2 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы уақытта басқармаға жаңа басшысының келуімен жағдайдың өзгеретініне сенім білдірді. Мұндай қомақты қаражат республиканың басқа ешқандай облыстарында қарастырылмаған. Сондықтан да дәрігерлер өзінің жетекшілерімен бірге әлемнің ең үздік клиникаларында тәжірибеден өтуі тиіс.

– Бас дәрігер жаңа идеялардың генераторы болуы тиіс. Егер біз бүгін белгілі бір мамандар тобын ғана шетелде білім алуға жіберсек, ертең арада түсініспеушілік пайда болуы мүмкін. Сол себепті бас дәрігерлер де өз білімдерін жетілдіруі қажет, – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек биыл облыстық бюджеттен ауруханаларға құрал-жабдық алу үшін 6 млрд. теңге бөлінбек. Заманауи құрал-жабдықтармен ең алдымен онкология, травматология, қан аурулары және ана мен бала денсаулығын сақтау саласында қызмет көрсететін емдеу мекемелері қамтылмақ. Бұл мекемелердің жұмысын айтарлықтай жақсартуға ықпал етпек.

Сондай-ақ өңірдің бас дәрігерлері бас қосқан жиында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемен мен Семейдегі ана мен бала орталықтары жұмыс істеу әдістерін қайта қарау керек екендігін айтты. Аталған орталықтар жай ғана перзентханаларға айналмауы тиіс. Олар ауру балаларға жоғары деңгейде көмек көрсетіп қана қоймай, тұрақты түрде мамандарды дайындаумен және қайта дайындаумен айналысуы керек екендігін жеткізді.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button