Экономика

Үдемелі инновациялық дамудың жолы айқын

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Индустрияландыру күніне арналған «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз» атты жалпыұлттық телекөпір өткізді. Телекөпірге республиканың барлық өңірлері тікелей қосылып, өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырды.

Үдемелі инновациялық дамудың жолы айқын– Біз Индустрияландыру картасының мәртебесін көтеруге тиіспіз. Картаға жоғары технологиялық өнім шығаратын, біз үшін басым бағыттағы жобалар енгізілуі керек. Мемлекеттік органдар, ең алдымен, барлық әкімдіктер жобаларды іске асыруға, олардың жобалық қуаты толық іске қосылғанша, жан-жақты көмек көрсетуге тиісті, – деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президенттің ел және мемлекет алдына қойған индустрияландыру, өңірлердің үйлесімді дамуы және әлеуметтік жаңғырту міндеттеріне орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің орынбасарларымен, аудандар мен қалалар және басқарма, департамент, мекеме басшыларымен кеңес өткізді. Облыс Әкімі кеңесті Мемлекет басшысы жүктеген негізгі үш міндет төңірегінде өрбітті. Бердібек САПАРБАЕВ өңірлердің республикалық индустриаландыру картасына қатысуы мен инвестициялық нысандардың толық іске қосылу мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Бүгінгі таңда үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына біздің өңірден жалпы сомасы 612 млрд. теңгенің 39 жобасы қатысуда. Алайда жобаға атсалыспай отырған аудандар да бар. Облыс басшысы осы орайда Бесқарағай, Күршім, Катонқарағай, Көкпекті және Абай аудандарын сынға алды. Мұндай фактілердің орын алуы аудандарда құрылған үйлестіру кеңесінің берілген тапсырмаға біржақты қарауынан, қағаз жүзінде ғана қалғандығынан, агроөнеркәсіптік сектор және кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатпауынан, салғырттығынан туындап отырғандығын атап өтті облыс Әкімі.

Соңғы екі жылда іске қосылған құны 153 млрд. теңге болатын 21 жобаның 15-і ғана 50 және 100 пайыз аралығындағы қуатпен жұмыс істеп тұр. Ал Семей қаласындағы былғары-тері зауыты, Өскемендегі «Восток-Молоко», Казатомпромның жылу насостарын өндіру, Өскемен қалалық полиэтилен трубалары зауыты сынды алты жоба әлі толық қуатқа көше алмай отыр.

– Егер аудан әкімдерінің қолдауы қажет болса, онда қол ұшын созу керек. Өз кезегінде кәсіпорындар да жүктелген міндеттерін орындаулары тиіс, – деді облыс Әкімі.

Облыс басшысы индустриялдық нысандарды кезең-кезеңімен іске қосудың кестесін қолға алуды, жұмыстың орындалуы туралы есеп беріп отыруды жүктеді. Облыс басшысы инвестиция тарту мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Индустрия министрлігімен, «Самұрық-Қазынаның» құрылымдарымен, Қазақстанның даму Институттарымен әріптестік орнатып, олардың мүмкіншіліктерін пайдалануды жүктеді аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына.

– Инвесторлармен жұмыс істеу керек. Ешкім де өзі келіп, міне, қаржы демейді, – деді облыс Әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ, облыс басшысы шекаралық әріптестікті ширату керектігін алға тартты. Шекаралық әріптестік жөнінде меморандумдар мен келісімдер қаншама, бірақ барлығы қағаз жүзінде қалып отыр. Нәтиже жоқ.

«Тарифтер өсіп барады, ал коммуналдық қызметтер мен табиғи монополиялар субъектілері өз міндеттерін орындамай отыр. Барлық мәселелердің шешімі олар үшін тарифтерді көтеру сияқты, тығырықтан шығатын өзге де жолдарды іздестіруді міндеттеу керек» деген облыс басшысы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жұмысына көңілі толмайтындығын білдірді. Бұл, әсіресе, ресурстарды үнемдеу мен облыстың жылу энергиясы мен суға есептеу құрылғыларын орнату бойынша жұмыстардың толықтай аяқталмағандығына қатысты. Айтылғандарды негізге ала отырып аймақ басшысы орынбасары Айтқазы Шерубаевқа және өзге де салалық құрылымдарға облыстың энергия үнемдеу бағдарламасын жасауды жүктеді.

Қазақстандық үлес мөлшерінде біздің өңірдің көрсеткіші жаман емес, 73 пайыз. Ал аудандар мен қалаларға шаққанда қазақстандық үлесте Абай ауданы мен Өскемен қаласының көрсеткіші төмен. Бұл орайда Арматура зауыты мен «Қазцинктің» рейтингі мәз емес.

– Біз өзімізде шығатын өнімдерді тұтынуға тиіспіз, өзге өңірлер мен елдердің тауарларын сапа жағынан бәсекелесе алмаса ғана сатып алуға болады. Мемлекет басшысы бүгінде осы мәселеге ерекше мән беріп отыр. Құрылымдардың тек отандық автокөліктерді тұтынуы қажеттілігі жөнінде біз бұрын да айтқанбыз. Қазір де ескертемін, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Аймақ басшысы көтерген мәселелердің бірі – білікті кадр даярлау, халықтың еңбекпен қамтылуы мен еңбек қатынастары. Аймақ басшысының айтуынша, еңбек нарығына қажетті мамандықтарға мониторинг жасайтын, одан қорытынды шығаратын, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық лицейлердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртатын кез баяғыда-ақ келген. Жергілікті бизнесмендерді оқыту да үлкен мән беретін мәселе екендігін атап өтті облыс Әкімі.

– «Жұмыспен қамту – 2020», халықаралық ұйымдардың жобалары бізге мұндай мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Сол мүмкіндікті неге пайдаланбасқа.

Сондай-ақ халыққа шағын несиелер берудің қарқынын үдету керектігін, ел арасында түсіндіру жұмыстары да әлсіз екендігін атап өтті аймақ басшысы. Облыста еңбек шарттарының бұзылуы бойынша айтарлықтай мәселелер туындамағанмен, жұмыс берушілердің әйел адамдардың, мүгедектердің құқығының қорғалуына мән бергендері жөн екендігін ескертті аймақ басшысы.

– Мұны Мемлекет басшысы да ерекше назарға алып отыр. Әйел адамдар мен мүгедектерге деген жұмыс берушілердің көзқарасы әлі де жеткіліксіз деңгейде. Бұл орайда Мемлекет басшысы қажет болса заңнамаға да өзгерістер енгізілетінін атап өтті, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Өз сөзінде аймақ басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесіне де тоқталды. Оның ойынша, бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатқандығымен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін тек ірі кәсіпорындар ғана өз мойнына алған, шағын және орта бизнес өкілдері әлі де болса, мұндай жауапкершіліктен сырт айналып отыр. Осы орайда облыс Әкімі өзінің бірінші орынбасары Серік Әбденовке, аудан басшыларына тиісті шаралар қолдануды тапсырды.

Бердібек САПАРБАЕВ кеңес барысында азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрғын үй құрылысына да тоқталып өтті.

– Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін беруді жалғастыру керек. Алайда мемлекеттен жерді алып, оны жылдар бойы қаңыратып қойғандармен де жұмыс істеу қажет. Жердің де сұрауы бар, пайдаланбаса, оны қайтарып, қажет етіп отырғандарға беру керек, – деді облыс Әкімі.

Бюджет қаржысын тиімді пайдалану мен үнемдеу мәселесіне тоқталған аймақ басшысы бірінші орынбасары Серік Әбденов пен экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бастығы Елена Ясинскаяға облыстың дағдарысқа қарсы жоспарын аяқтауды және оны бекітуге жіберуді тапсырды.

Кеңесті қорытындылаған аймақ басшысы салалық құрылымдар мен аудан әкімдерінің тапсырылған міндеттерге салғырттықпен қарауды доғару керектігін қадап айтты. Елбасының тапсырмаларын орындауды жауапкершілікпен қарауды талап етті.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button