Қоғам

Дәрігерлер үй-үйді аралап жүр

Айна Ескенқызы

Абай ауданында халықты коронавирусқа қарсы екпемен жаппай қамту мақсатында дәрігерлер үй-үйді аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Вакцинаның маңыздылығы туралы бейнероликтер жарияланып, тұрғындарға әртүрлі ақпарат өнімдері, бүктемелер таратылған.

       Бүгінгі таңда абайлықтардың отыз пайызға жуығы  екпенің бірінші компонентін, он бес пайызы екі компонентін де салдырды. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін аудан халқының кемінде 60 пайызы немесе 4500 мыңнан астам тұрғын егілуі керек.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Қабиқызының айтуынша, Абай ауданына вакцина Семей қаласынан жеткізіледі. «Спутник V» препаратын жеткізу үшін аурухананың Газель көлігіне арнайы мұздатқыш орнатылған.

– Бізге негізінен ресейлік препарат «Спутник V» бөлінді, оны -17-23 температурада сақтау қажет болғандықтан, аудандық әкімдіктің көмегімен қолдағы көлігімізді мұздатқышпен жабдықтап алдық. Ауылдардағы емдеу орындары да жергілікті әкімдердің күшімен тұрмыстық мұздатқышпен толық қамтамасыз етілген. Алғашқы кезде препарат тиелген көлікке әкімдік бөлген тағы бір машина ілесіп отырды. Егер жолда күтпеген жағдай бола қалса не көлік бұзылса, шұғыл көмек көрсету мақсатында, – деп есіне алды бас дәрігер.

Жетінші маусымдағы мәліметтер бойынша, ауданға «Hayat-Vax» екпесінің 750 доза бірінші компоненті, 350 доза екінші компоненті бөлінген. Тағы 400 доза екінші компонентін тосып отыр. «Спутник V» препараты бірінші кезеңде 1685 доза, екінші кезеңде 1185 доза жеткізілді.

– Бізде вакцина тапшылығы болып көрген жоқ. Қазірдің өзінде қолда 777 доза препарат бар. Таяу күндерде тағы жеткізіледі. Келген екпелерді ауылдарға бөліп береміз. Ауданда 7580 ересек тұрғын бар. Жеті екпе пункті жұмыс істейді, оның алтауы стационарлық, біреуі жылжымалы. Соңғы мәліметтер бойынша, 2084 адам немесе халықтың 30 пайызға жуығы екпенің бірінші компонентін, 1109 тұрғын немесе он бес пайызы екі компонентін де салдырды, – деп атап өтті Алмагүл Балтакаева.

Бүгінгі таңда өз еркімен екпе салдырушылар арасында  созылмалы дерттері бар науқастар да кездеседі. Мысалы, осындай 600 адам екпе алыпты. Негізінен жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, гипертония, өкпенің созылмалы аурулары сияқты диагнозбен диспансерлік есепте тұрғандар келіп жатыр.

Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, денсаулығы шартты түрде жақсы саналатын тұрғындарда әлі де болса вакцинацияға деген  сенімсіздік байқалады. Вацап желісімен келіп жатқан әртүрлі фейк роликтерге, жалған ақпараттарға көбірек сенеді. Бас дәрігердің бұйрығымен қазір учаскелік терапевтер Қарауылда үй-үйлерді аралап, тұрғындармен жеке жұмыс істеп жүр.

– Кейбір учаскелерде елу шақты үй бар. Әрқайсысына барып, мүмкіндігінше түсіндіреміз. Көздерімен көрмесе де, сол фейк хабарларға сеніп отырады. Қазір екпе салдыру қажеттігін түсіне бастады, ақырындап келіп жатыр, – дейді учаскелік дәрігер Гүлнұр Саркеева.

Екпе пункттерінде істейтін дәрігерлердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар тұрғындардың кез келген шартына көнуге бар, тек екпе салдыруға келсе болғаны. Мысалы, ораза кезінде «аузымызды ашқан соң, кешкі тоғыздан кейін ғана келеміз» дегендер де болыпты. Өздері бес, он адамнан топтасып келе қалады (бір құты бес адамға арналған). Олардың деректерін ақпарат жүйесіне енгізгенше сағат түнгі он екі, бірді соғып қояды. Ауруханада вакцинациямен айналысатын қызметкерлерді ынталандыру мақсатында оларға дифференциалды ақы, бонус төленеді.

– Аурухана шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналды кәсіпорын болғандықтан, ондай құқымыз бар. Мысалы, сенбі, жексенбі күнгі жұмыстары үшін жалақысы екі есе төленеді. 70 адамды екпеге тартқан қызметкерім бар, оған бонус беріледі, – деп түсіндірді бас дәрігер.

Аудан халқының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, қолында азын-аулақ тай-тұяғы барлар жайлауға көшіп кеткен. Ол жерлерге мобильді топпен барған күннің өзінде бір шаруашылықта үш-төрт кісіден аспайды. Ал бір құтыдағы препарат бес адамға арналған.

– Бұл тұрғыдан алғанда, бір дозалы «Hayat-Vax» екпесі өте қолайлы. «Спутник V»  препаратының да бір дозалысы болады деп естідік. Аудандарға препараттарды бөлген кезде осы жағы ескерілсе, оңды болар еді, – деген өтінішін  жеткізді Алмагүл Балтакаева.

 

Жеке инфекциялық стационар қажет

 

Ауданда коронавирус індетінен сақтану мақсатында 25 инфекциялық орын қазір сақадай сай тұр. Стационарда бірде-бір науқас жоқ.

– Пандемияның бірінші толқынында стационарда бір мезетте сексен адамға дейін жатты. Қазір инфекциялық төсек санын алпыс орынға дейін жеткізе алатын резерв бар. Ол да аз болса, аудан әкімінің қолдауымен 30 жұмсақ төсек сатып алынған. Оларды орналастыру үшін емхананың бір бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы орын дайын тұр. Мен коронавирус пандемиясы басталғалы үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшысы мен аудан әкіміне дәрігерлер атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді. Біз бірде-бір күн көмексіз қалған жоқпыз. Бізге жиыны 64 оттегі концентраторын сыйға тартты, аудандар арасында ең көп аппарат бізде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы екі  ӨЖЖ аппаратын, СК-Фармация компаниясы төрт оттегі концентраторын берді. Ауданымыздан шыққан жерлестеріміз дәрі-дәрмек тапшы кезде Қазақстанды аралап, Ресейге дейін барып, қажетті медикаменттерді жеткізіп беріп отырды. Қиын-қыстау кезде жұдырықтай жұмылып, бірлік танытқан жерлестеріміздің сол ерлікке пара-пар іс-әрекеттерін ешқашан ұмытпаймыз. ПТР анализдерін Семейге жіберіп отырдық. Сол кезде не көліктен, не жанар-жағармайдан тарыққан жоқпыз. Аудандық әкімдіктен бөлінген кезекші көліктер аурухана алдында тұрды, – дейді Алмагүл Балтакаева.

Шынында да, ел басына күн туғанда бұқараның ауызбірлігі жойылмағанын, әкімдердің халқына жақын екенін көрсетіп бергені қуантады. Әрине, ауданның денсаулық сақтау саласында проблемалар да жоқ емес. Бас дәрігер ол жағынан да хабардар етті.

Аурухана үйі – 1976 жылы салынған типтік ғимарат. Он жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмепті. Ауруханада жақсы цифрлы рентген аппараты болғанымен, КТ аппараты қажет-ақ. Ковидпен ауырғандардың өкпесін түсіргенде қанша пайызы зақымданғанын анықтау мүмкін емес.

– Ауыр науқастарды Семейге жеткізе алмаймыз. Өткен жылы бес-алты науқас пневмониядан қайтыс болды. Барлық белгілері ковидтікі. Алайда олардың ПТР анализдерінің нәтижесі теріс болғандықтан, вирусты пневмония деген диагноз қоя алмадық, өкпесінің қанша пайызы зақымданғанын да КТ аппаратынсыз анықтау мүмкін емес, – дейді бас дәрігер.

Алмагүл Балтакаеваның тағы бір арманы – жеке инфекциялық стационар.

– Демеушілер табылып, ауданға жоқ дегенде 15-20 орындық жеке инфекциялық стационар салынса ғой. 1996 жылы бұрынғы стационарды жауып тастап, балаларға арналған екі төсек қана қалдырған болатын. Бәлкім, енді жұқпалы аурулар болмайды деп есептеді ме екен? Біз өз күшімізбен сол кезде бірінші қабатты қайта жабдықтап, кіріп-шығатын есігі бөлек, алты орындық инфекциялық бөлімше жабдықтап алған едік. Мына пандемия инфекциялық стационарлардың әлі де қажет екенін көрсетіп берді, – дейді Алмагүл Қабиқызы.

Абай ауданы

Осы айдарда

Back to top button